ОН ЕКІ МЫҢ ҚАЗАҚ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЕҢ АЛҒАШҚЫ ПЕТИЦИЯ. АХМЕТТІҢ ЕРЕН ЕРЛІГІ

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1957
Бөлім: ТҮПСАНА

Сөз жоқ, ахметтану ғылымының бастауында Мұхтар Әуезов пен Сәкен Сейфуллиннің қос мерейтойлық мақаласы тұр. ХХ ғасырдың бас кезіндегі зиялылар Ахаңның елу жылдық мерейтойын баспасөз беттерінде жарқырата көрсетіп, қалың қазақ жұртына көрнекті ғалымның қайраткерлігі мен шығармашылығын жан-жақты таныстырды. Әсіресе, Алаш үніне айналған «Ақ жол» газеті мен сол кездегі түрлі патриоттық ұйымдар Ахметтің мекенжайына дүркін-дүркін құттықтау хаттарын жолдап жатты. Ахаңның елу жылдық мерейтойында отаршыл орыс патшасына қарсы жазылған Қарқаралы петициясы алғаш рет зерттелді. Ахаңның сол петицияны еш қаймықпай ұйымдастырғаны, қазақ халқының мұңын арқалаған хатта бірнеше мәселе көтерілгені талқыға түсті. Соның ішінде тағы да заңғар жазушы, әдебиет зерттеушісі, романист Мұхтар Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық юбилейі» мақаласын айналып өте алмаймыз. Жас Мұхтар 1905 жылы Ахмет қызмет атқарған Қарқаралы өңірін өзгеріс рухы жайлағанын, қазақтың елдігі, теңдігі туралы алғаш сөз қозғала бастағанын жазды.

Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық қызметке араласып, саяси істермен шұғылданған шағы Торғай мен Орынборда кәсіби білім алғаннан кейін қалыптасты. Ол қазақ балаларын оқыта жүріп өзі де тоқтаусыз ізденді. Батыс елдері мен Ресейдің білімін игеріп, қазақ даласындағы қараңғылықтың себеп-салдарына үңілді. Әдебиеттанушы Рымғали Нұрғали Ахаңның 1895 жылдың 1 маусымынан бастап ұстаздық жолға түскенін, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы өңірінде бала оқытып, өмір, тіршілік күресіне араласқанын сөз етеді.

Әрине, бұл кезеңде талапты Ахмет балалардың сауатын ашып, әріп үйретумен шектелген жоқ. Ол ұстаздық қызметте жүріп, ел ішіндегі әділетсіздікті, күштілердің әлсіздерді езіп, таптап, қорлап жатқан жөнсіз әрекеттерін, сырттан келген келімсектердің жергілікті қазақ жұртына жасайтын қысымын, қоқан-лоққысын байқады. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын жақсы білген Ахмет үнсіз қалудан бас тартты. Патшаның отаршылдық саясатын зерттеп, қауіп-қатер мен қиянаттың төркіні терістіктен төніп тұрғанын түсінеді.

1923 жылы «Ақ жол» газетінің тілшілері: «Қазақ халық болғаннан бері өз еркімен дәуір сүрген кезі болмай, қоңсы халықтарының қол астына кезекпен қарай-қарай келіп, бастаған хандарының өзара келісе алмағанының кесепатынан орысқа бағынып, үш жүз жылдай үзілместен келген Романовтар өкіметінің зұлым саясатының кесірінен жері мен салтынан, тілінен айырылуға айналып бара жатқанын алдымен сезіп, оянған Ахаң еді», – деп жазып, ғалымның көрегендігіне, қайраткерлік іс-қимылына дәл анықтама берді. Ал Мұхтар Әуезов Ахаң туралы мақаласында әйгілі Қарқаралы петициясына кеңінен тоқталып, көтерілген мәселелерді жеке-жеке көрсеткен.

1905 жылдың жазы жайдары болғанымен қазақ халқы үшін ауыр тиді. Жылдар бойы жалғасқан отаршылдық ел ішіндегі әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына кедергі келтірді. Патша билігі қазақтардың атакәсібіне, көшіп-қонуына, еркін жүріп-тұруына, діни наным-сеніміне араласатынды шығарды. Бұл қорқынышты құбылыс қазақ халқының ашу-ызасына тиді. Көзі ашық оқығандар, білім жолында жүрген студенттер бас көтеріп, Ресей патшалығына наразылық білдіруді жөн деп тапты. Ол уақытта Қарқаралы қазақ пен орыс шенеуніктері жиналатын, жәрмеңке өтетін, сауда-саттық жасалатын үлкен саяси һәм мәдени орда еді. Ахмет дәл осы өңірдің білікті де білімді мұғалімдерінің бірі болды. Оның сөзін үлкен де, кіші де тыңдап, кеңесіне құлақ түретін.

«Қарқаралыда тұрғандағы соңғы төрт жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мәскеуден келген бірен-саран студенті, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һәм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің арасында өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгіл болатын», – деп жазды Мұхтар Әуезов.

Бір айта кетерлігі – сол уақытта жазылған петицияның түпнұсқа мәтіні толық күйінде сақталмағандығы. Ахметтану бағытындағы кітаптарда петицияда көтерілген мәселелер тек мазмұндалған қалыпта ғана жүр. Ал дәлме-дәл сөзін, мәтінін кездестіре алмадық. Сондықтан, бұл орайда ең алғашқы болып 1923 жылы Мұхтар Әуезов қалдырған деректің маңызы зор. Жазушы көрсеткендей, 1905 жылғы петицияда бірінші жер мәселесі қозғалған.

Жер – қазақтың ең жанды жері. Көшпелі халық үшін жаз жайылым, қыс-қыстау, күз-күзеу мен жазғытұры көктеудің бәрі жермен тікелей байланысты. Мал жайылымы тарылған соң амалсыздан талай қазақтың зардап шеккені мәлім. Бұл, бір жағы, ел-жұрттың өмір сүруін шектесе, екінші жағы, ұлт намысын оятуға себепші болған. Келімсектердің ықпалы, оларға патша билігінің артықшылық беріп қоюы қазақ арасындағы түсініспеушілікті күшейте түсті. Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың байырдан көшіп-қонып жүрген жеріне ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ екенін айтып, Ресей патшасынан отарлау саясатын тоқтатуды сұраған. Әсіресе, құмырсқаша қаптаған переселендердің көшіне тыйым салуды талап қылады.

Петицияда қойылған екінші талап – Ресей империясында 1864 жылдан бері қолға алынған земство мәселесі. Яғни, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, өзін-өзі басқару құзыретін күшейту. Өңірлерде шаруашылықты дамытуға, аурухана, мектеп салуға, балаларды оқытып, халықтың сауатын ашуға, басқа да игі істерді жоғары жаққа жалтақтамай, өз бетінше ұйымдастыруға мүмкіндік беру. Ахмет бастаған Қарқаралы қазақтары үшін мұндай бастаманың маңызы зор еді. Ахаң бұл реформаның Еуропадан келген жаңашылдық екенін жақсы білетін. Ахмет егер бұл жүйеге рұқсат берілсе, онда қазақ даласында шаруашылық реттеліп, елдің еңсесі тіктелеріне нық сенімді болды.

Хатта көрсетілген келесі әңгіме діни наным-сенім төңірегінде өрбіді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының дініне берік мұсылман екенін, бүкіл салт-санасы, дәстүрі, ғұрпы Ислам дінімен сабақтасып жатқанын жақсы түсінді. Оның үстіне өзі де, өзімен замандастар да ең алдымен ауыл молдасынан арабша сауат ашқан. Өкінішке қарай, терістіктен қанатын жайған отарлау саясаты қазақтың ата дініне нұқсан келтіре бастаған. Шоқындыруға күш салған. Мешіт-медреселердің санын шектеп, шіркеулер көбейтпекке бекінген. Халықты қарумен, ұрып-соғумен жеңе алмасын білген отарлаушылар мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүріне шабуылдау арқылы рухын сындыруды көздеген. Ахмет осы қауіптің бетін қайтару үшін әрі орыстандыру саясатын айналып өту мақсатында барлық мұсылмандардың басын біріктіруді негіз етеді. Мұндайда мүфтият құрып, имамдық құзыретті кеңейту маңызды.

Осындай ірі мәселелер жіліктеп жазылған петиция Ресей патша өкіметінің министрлер кабинетіне келіп түседі. Сөйтіп, Алаш қозғалысының алғашқы баспалдағы түзіледі. Оның қасында Ахметтің жүруі болашақ қайраткердің болаттай шыңдалуына оң ықпал жасайды. Әрине, петицияның талаптары Ресей патшалығын үрейлендіреді. Өйткені, дәл осы Қарқаралы петициясынан кейін жер-жерден талап-арыздар қарша борайды. Отаршыл биліктің мұндайда қандай қимылға көшетіні де белгілі. Бірден әскери құрылымдарға тапсырма беріліп, атышулы хатты жазған, ұйымдастырған, жолдаған адамдарды анықтау, ұстап, жазалау бұйырылады. Өкінішке қарай, қазақтың мүддесін көздеген талаптар ескерілмей, Ахметтің басқан ізін аңду басталады.

Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Петербордағы «қанды жексенбіден» кейін патша билігі тағы күшейіп, жауыз өкімет елшілдерге қуғын жасап, қысымды үдеткен. Патша жандайшаптарының жұмысына қазақ арасынан шыққан сатқын тілмаштар мен надан болыстар көп көмек көрсеткен. Бұл аралықта «Қырық мысалды» өмірге әкеліп, қалың оқырманның ықыласына бөленген ақын Ахмет ұлт үшін туған күрескерге айналады. Патша шабармандары ақыры Ахаңды абақтыға жабады. Қарқаралыдан Семейге айдалған күрескер тұлға айлап, жылдап түрме азабын тартады. Жазықсыз қаламгер Семейден Орынборға жер аударылады. Петицияның зардабы мұнымен бітпеді. Ахаң биліктің қара тізіміне ілікті. Қандай қызметте жүрсе де, қандай еңбектер жазса да, сыртынан бақылауға алынды. Ахметтің алдында әлі талай теперіш күтіп тұрды. Бірақ қазақ үшін туған қайраткер қиындыққа мойыған жоқ. Жігеріне жігер қосып, ұлт үшін атқарар шаруасын жалғастыра берді.

Петиция – латын сөзі. Қазақша тікелей тәржімаласақ, «сұрау» деген мағынаға саяды. Ал теориялық тұрғыдағы анықтамасы – биліктің өзіне немесе өкілдеріне жазбаша түрде жіберілген ұжымдық өтініш. Қазақ даласында Ахметтің бастамасымен жазылған алғашқы петиция қазіргі таңда да өз құндылығын жоймай отыр. Петиция жазу дамыған, демократиялы елдердің барлығында бар және кеңінен қолданылады. Мұхтар Әуезов Қарқаралы петициясына қатысты кей жерлерде арыз-тілек деп те аударған. Бүгінде алаштанушы Ербол Тілешов, Дихан Қамзабекұлы сияқты ғалымдар петиция сөзін құзырхат деп қазақшалапты.

Қарқаралы петициясына негіз болған Қоянды жәрмеңкесі көпшілік жиналатын маңызды орын еді. «Алаш қозғалысы» кітабындағы дерекке жүгінсек, құзырхатқа 12 мың 767 адам қол қойған. Яғни, 12 мың 767 қазақ отарлау саясатына тоқтау болар деген үмітпен хаттағы мәтінге қолдау танытып, билік тарапынан оң өзгеріс күткен. Зерттеу еңбектерінде көрсетілгендей, құзырхат (петиция) 11 баптан тұрған. Ахметтің қасында Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақбаев сынды ұлт қайраткерлері болған. Ең алдымен қазақ тілінде жазылған петиция Т.Нұрекенұлы есімді аудармашының ықпалымен орысшаға тәржімаланған.

Зерттеуші Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының жазуынша, петицияда Мұхаң көрсеткен жер, дін, шаруашылық жайынан бөлек, саяси теңдік пен рухани дербестік, қазақ халқының тарихи атауын қалпына келтіру, іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, сайлауды әділ өткізу, қазақ депутаттарын сайлау құқығын қайта қарау, сотта, тергеу ісінде қиянатқа жол бермеу секілді ауқымды талаптар ашық айтылған.

«Қазақ халқының байырғы атақонысын, жерін өзінің заңды мұрагерлеріне қайтару, шоқындыру және орыстандыру саясатына тыйым салу, ұлттық басылымдар ашу талаптары басты орынға қойылды», – деп жазылған «Алаш қозғалысы» ғылыми еңбегінде.

Петицияда: «Тергеусіз және соттың шешімінсіз әкімшілік жолмен жер аудару тыйылсын», «Қазақ халқының ішіне миссионерлердің баруы шектелсін», «Мектептерде христиан діні туралы сабақтар оқытылмасын», «Қазақтардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиіс», «Қазақтардың таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын зауыттар қазақтардың өзінікі болып есептелсін», «Қазақтар ағаштарды қажетке жарату, балық аулау, тағы басқа құқықтарға рұқсат етуді талап етеді», «Соңғы жиырма жылда қазақтардан тартып алынып, жер аударылғандарға берілген жерлер қазақтардың басшыларына қайтарылсын», «Жаңа ереженің жобасын жасап жатқан жиынға қазақтардың өкілетті депутаты қатынасуы керек», – деген заңды әрі құқықтық талаптар тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Алаштанушы ғалымдардың тұжырымы бойынша, Қарқаралы құзырхаты қазақ халқының алғашқы саяси ұстанымын білдірген, азаттық идеяларына құрылған бірінші қозғалыс болып саналады. Дәл осы петиция қазақ ұлтының сілкінісін, оянуын дәлелдеп берді. Патша билігі бұл қозғалысқа әдеттегідей жазалаумен, түрлі қитұрқы әрекеттермен жауап қатқанымен санасудың маңызды екенін түсінді. Шағын ғана петиция елдік қасиет пен азаттық лебінің қаншалықты қадірлі екенін ұғындырды. Осы жолдағы күрес ұлы күрес, осы жолдағы жанкештілік нағыз тарихи ерлік еді. Әлихан да, Ахмет те осы жолда басын бәйгеге тікті. Патша билігі тарапынан аяусыз жаншылса да, ұлттық сезім алаулап, ешкім тоқтата алмайтын Алаш қозғалысына ұласты. Алаштанушылардың сөзінше, Қарқаралы құзырхаты Отан тарихындағы ең құнды құжат әрі ерекше мәнге ие.

Қоянды жәрмеңкесіндегі қозғалыс, қазақ оқығандарының ұйымдасып хат жолдауы патша билігін ойландырып тастады. Олар қуғын-сүргінді күшейткенімен бірқатар мәселеде кері шегінуіне тура келді. Қарқаралы петициясынан кейін екі ай өтпей жатып Нижний Новгород қаласында бүкілресейлік мұсылмандар жиыны басталды. Күз кезінде Ресейдің патша өкіметі баспасөз бостандығына, мектептерде ана тілінде оқу еркіндігіне рұқсат берді. Ал осы жылдың қарашасында Мәскеуде тағы жиын өтіп, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан баяндама жасайды. Онда ол патша билігін айыптап, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» бастыруға рұқсат берілмей жатқанын көтереді. Дәл осы сарында жер-жерде әртүрлі тақырыпта жиындар ұйымдастырылып, Алаш үні жиі-жиі естілді. Нәтижесінде, қазақ даласы демократияның иісі аңқыды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бірімжан, Мұхамеджан Тынышбаевтар Ресей патшасының думасына депутат болып сайланып, елдің жоғын жоқтауға кеңінен жол ашылды.

Бұл уақытта Ахмет Байтұрсынұлы қуғын-сүргінге түсіп жүрсе де, елдің сауатын ашу, кітап шығару, қазақ баспасөзін қолға алу идеясынан айныған жоқ. Оның бір ғана «Қырық мысал» еңбегі қазақ арасында кеңінен тарады. Жануарлардың мысалына құрылып, әлем классиктерінен аударылған өлеңдер тез оқылды әрі таза қазақ тілінде, арабшалыссыз еді. Бұл балалардың оңай оқуына, тез жаттап алуына, бір демде түсінуіне мүмкіншілік берді. Патша билігі «Қырық мысалдан» да кір іздеп, Ахметке айыптар тақты.

Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Сәкен Сейфуллин бір мақаласында: «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың арын жоқтаған жалғыз-ақ Ахмет еді», – деп тебіренеді.

Тағдыры бұралаң, қиын да сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Ахаң патша билігінің кемшіліктерін көркем шығармашылық, публицистика арқылы әшкере етуден танбады. Егделікке өткен ендігі Ахметтің алдында қазақ тілінің емле ережесін бекітіп, әдебиет теориясын жасау міндеті тұрды. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқы Ахметтің ғылыми еңбектеріне жүгінді. Егер Ахмет сол бір қиын шақта қазақ тілі заңдылықтарын жүйелеп, филология ғылымын жолға қойып кетпегенінде, одан кейінгі ұрпақтың ана тілін ұмытып, ұлттық болмысынан ажырап қалуы ғажап емес еді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Алматы облысы