АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ? АЛАШ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ

Уақыты: 10.04.2022
Оқылды: 2434
Бөлім: ТҮПСАНА

ХХ ғасырдың бас кезінде Ахаңның алдында Алаш үшін адал қызмет етуге міндеттейтін үлкен даңғыл жол жатты. Ел арасында азаматтық үні қалыптасып, қайраткерлік қыры ашыла бастаған Ахмет Байтұрсынұлы бір ғана оқытушылық қызметпен ұлы мұратына жете алмасын түсінді. Ресейлік ақ патшаның тағы шайқалып, дәурені аяқталар алмағайып заманда Ахаң мұғалімдік жұмысын уақытша тоқтатып, журналистиканы таңдауына тура келді. Қазақ баспасөзі арқылы елдің рухын оятып, отарлық езгіден біржолата арашалап қалудың қамына кірісті. Бастапқыда таңдау жасау оңайға түскенімен саяси көзқарасы үшін жендеттер мен жандайшаптардың қырына тез ілікті. Бірақ ұлт жолында аянып қалмады. Кері шегінсе өзін-өзі кешірмесі анық еді. Алаш қайраткері қазақтың сауатын ашып, білімін толықтырумен бірге баспасөз арқылы ақпараттық-танымдық материалдар ұсынып, ел ішіндегі күйіп тұрған мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдауды алдына міндет етіп қойды. Сөйтіп, қазақ мемлекетін дамудың жаңа сатысына – дәстүр мен демократия тоғысқан өркениетті елге айналдыруды көздеді. Мұндай кеңауқымды міндетті арқалау өте ауыр болатын әрі жан-жақтылықты талап етті. Ахаң бастаған Алаш перзенттері бұл жүкті көтеруде сүрінген жоқ, тіпті, жазықсыз атылып кете барғанда да өз биігінде қалды.

Ахмет Байтұрсынұлының публицистикасы Қарқаралы петициясынан кейін араға бірнеше жыл салып көріне бастады. 1905 жылдың (Санкт-Петербургтегі «Қанды жексенбі» мен қазақ даласындағы алғашқы петиция) дүмпуі басылып, дүрбелең сәл саябырсыған тұста мерзімді басылымдарда Ахаңның мақалалары пайда болды. Петициядан кейін қудалауға түскен Ахмет Семей түрмесіне жабылып, абақтының азабын тартты. Тіпті, түрмеден шыққан соң жер аударылып, Орынборға қоныс аударды.

Патша билігі Алаш қайраткерін осылай тұсауда ұстағысы келгенімен соңы нәтижесіз аяқталды. Ахаң Орынборда жаңа ортаға кірді. Аз уақытта игі жақсылармен «Қазақ» газетін ашуды ұйымдастырып, 1913 жылы басылымның алғашқы санын шығарып үлгерді. Ұлт қайраткері дүркін-дүркін көсемсөз жазып, өзінің әу бастағы мақсатын орындауға кірісті. Балалардың сауатын ашып, әріп үйрету, жекелеген санаулы пәндерді оқыту ісі енді жаппай халықты ағарту жұмысына ұласты. Қазақ даласындағы сот, жер, білім беру, медицина мәселелері, саясат, сайлау жұмысы, Еуропадағы, бүкіл әлемдегі жаңалықтар жайында қалам тербеді. Бұған қосымша қазақ ұлтының бейқамдығын, қараңғылығын сынап, ел рухын жанитын мақалалар жазды. Жалқаулық, кертартпалық, арызқойлық, мансапқұмарлық, дүние қуу, білімге ұмтылмау, арзан атақ пен көрсеқызарлық секілді кемшіліктер де Ахмет назарынан тыс қалмады.

Ахмет Байтұрсынұлы алдымен сот мәселесіне көбірек үңілді. Өйткені, қазақтың арасындағы дау-дамайдың негізі осы сот ісінен тұтанып жататын. Мәселен, 1911 жылы жазылған «Тағы да народный сот хақында» атты мақалада қазақтың саяси сауатының төмендігі сөз болады.

«Народный сот жоғалса я оның қуаты кемісе, талас кемір еді деген сөзді оқып, мен өз ойымды айтып өткім келеді. Менің байқауымша, сайлаудың қазаққа бәле болып жүрген себебі народный сотқа берген қуаттың молдығы емес, халықтың сайлауды сайлау деп ұқпағандығы», – деп басталады мақаланың кіріспесі. Ахаң алдымен халық сотын құрудың кемшілігіне немесе артықшылығына тоқталмас бұрын қазақтардың таным-түсінігіне, сотты қалай қабылдайтындығына көңіл бөледі. Сонымен бірге, дәл осы жазбада сайлаудың мән-маңызы соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріледі.

Ахметтің айтуынша, ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақтар сайлауды жеңіс пен жеңілістен тұратын талас деп ұққан. Автор демократиясы дамыған елдерді алға тарта отырып, сайлаудың ерегес, талас-тартыс емес екендігін, адамның таңдау құқығы барын, сол арқылы бейбіт жолмен басқару жүйесінде жаңа кадрлар өз ретімен ауысып, жұмыс ары қарай белгілі бір уақытқа дейін жалғаса беретінін айтады.

«Сайлауды сайлау деп білсе, пайдасына баспай, зарарына неге жүгірсін? Зарарын біліп тұрса, хайуан да жоламайды. Қазақ хайуан құрлы жоқ па? Сайлауды сайлау мағынасында тұтынбайды да қазақтар: «Сайлау бәле болды», – дейді. Сайлау рас бәле болса, білімді, өнерлі халықтар ісінің бәріне басынан бастап аяғына шейін неге сайлау кіргізді?» – деп жазады Ахаң.

Автор ары қарай ауылнай сайлауындағы халықтың сауатсыздығына күйінеді. Зорлықшыл болыстарды, одақшыл адамдарды сынайды. «Народный соттан құтқар» деп билікке шағымданғандарға басу айтып, бұл қазақтың дәстүріне сай дала ғұрпымен айтылатын үкім екендігін сөз етеді. Халықты әр нәрсеге шағымданбас бұрын мәселенің мән-жайын тексеріп, білім жинауға, сол арқылы залал мен пайданы ажырата білуге үндейді.

Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың өкпесі» деген мақаласында надандық, қам-қарекетсіздік мәселесі сөз болса, «Қазақ һәм төртінші дума», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Земство» тақырыптарымен шыққан материалдарда жер, шаруашылық, тұрмыс-салт, заң саласындағы кемшін тұстар айтылады. Әрине, мұндай бағытта мақалалар дайындау үшін ізденіс қажет. Қазақ ғылымы, мәдениеті мен өнері әлі қағазға қатталып, жүйеленбей тұрған шақта бұл жұмыс тіптен бірнеше есеге ауырлайтыны сөзсіз. Ахаң өлең мен жыр-термешілікті былай қойып, жаратылыстану бағытында да көп оқып, білімін толықтырып отырды. Орыс тіліндегі мол ақпармен бөлісіп, қазақ халқына ыңғайлы әдіс-тәсілдерді, жаңашылдықтарды жаппай жариялады. Халықтың көзін ашу, білім көкжиегін кеңейту жолында барынша түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізуге тырысты.

Қазақтардың арасында терістіктіктен мұжықтар көшіп келіп, жер игеріп, егін егумен, үй салып, отырықшылықпен айналысқаны белгілі. Әрине, келімсектердің күрт көбейгені ел арасында түсініспеушілік тудырды. «Шұрайлы жерімізден айырылдық, ата-баба қонысы тарылды», – деп қарсылық білдірушілер көбейді. Ахмет Байтұрсынұлы осы тұста да қазақтардың салғырттығын сынға алып, бар кінә надандықта екенін жайып салады.

«Ата жолдасы надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айырылатын емес. Надандықтың кесепаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң біз де қиып, айырылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесепаты. Сонда да соны ғылым, өнерден артық көреміз. Аллаңнан ойбайым тыныш дейтін қазақ ғылымыңнан надандығын тыныш көреді. Не шара бар?» – деп ашынады Алаш қайраткері 1911 жылы жазған мақаласында.

Ахаңның пікірінше, жер қазынаныкы, яғни, мемлекет меншігінде болғаны өте дұрыс. Әйтпесе, қазақ бір тойғанына мастанып, меншігіндегі жерін де, астындағы атын да сыйлап жіберуден тайынбайды. Мұжықтардың келіп қоныстануына да бірінші қазақтың өзі себепші. Шай, қант, түрлі тәттілер, қызылды-жасылды маталар, көйлектер сол мұжықтардың қолында. Ал ондай заттар қазақта қат. Сондықтан, қазақтың жуандары терістіктен ауған келімсектерді төбесіне көтеріп, саудасын қыздырып, төрінен орын берген. Қазақ қандай дүниеде де кеш қалып, көштің соңында жүрсе, оған алдымен өзі кінәлі. Қарекет жасап, еңбек етуге ерінетін де, қатерлі жерде қаперсіз отыратын да қазақ. Ахмет өз ұлтының кемшіліктерін жіпке тізе келіп, Абай Құнанбайұлынша ой қорытады.

«Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қалай қолы жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ», – дейді А.Байтұрсынұлы.

Ахаңның 1911-1913 жылдар аралығында жазған мақалаларының дені «Айқап» журналында жарық көрген. Ал 1913-1918 жылдары жазылған материалдар өзі жетекшілік еткен әйгілі «Қазақ» газетінде басылды.

Алаш перзенті надандық, оқу-білім, ғылым мен өнерге деген ықыластың жоқтығын зерттей келе, мұның бәрі жалқаулық, бейқамдық, салғырттық деген ой түйеді.

Көшпелі һәм отырықшы норма жайында жазған мақаласында Ахаң: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер! Екінші, қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңдер! Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. Үшінші, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» – деп қорытындылап, отырықшылықтың, жерді тиімді игерудің пайдасын салыстырмалы түрде талдап шығады.

Ахмет Байтұрсынұлының басылым беттерінде жиі көтерген келесі тақырыбы – қаржы жүйесі. Әрине, бұл мәселені түсіну де халыққа оңай тиген жоқ. Ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданып келген қазақ халқы қаражат ұстаудың және оны үнемдей білудің тетіктерін меңгермеген еді. Ахаң жазбаларынан байқағанымыздай, сол заманда қазақ даласында қарызға несие беру әдісі болған. Оны Алаш көсемі «уақ қарыз» деп атаған. Уақ қарыз беретін серіктестіктер туралы сөз қозғаған Ахаң оның құру жайынан да мәлімет ұсынады. Уақ қарыз мекемесін жасақтау үшін кемінде 20-30 адам қажет, жасы 21 жастан төмен болмауы керек. Сонымен бірге, уақ қарыз жұмысында істейтін адам екібастан ақшаға, дүниеге қызықпауы тиіс. Уақ қарызды кімдер сұрай алатыны да мақалада анық көрсетілген. Сөйтіп, қазақ даласына жаңадан енген микрокредит жүйесі, оған қойылатын басты талаптар жайлы алғашқы зерттеу мақала да Ахаңа тиесілі.

Ахмет Байтұрсынұлы ауылшаруашылығы, оның ішінде, егін егудің тиімділігін ғылыми тұрғыда алғаш талдау жасаған ғалымдардың бірі десек, қателеспейміз. Оған 1913 жылы жазылған «Егін егу», «Шаруа жайынан» деген зерттеулері дәлел. Мақала авторы егін егудің құпияларын түсіндіріп қоймай, орыстар мен қазақтардың шаруаға ептілігін де сараптап өтеді.

Егетін тұқым сапасы, құнарлы топырақ, жер жырту, арам шөптерден тазалау, тырмалау жұмыстарынан мол ақпар берген Ахаң материал соңын: «Қазақтармен қатар еккен орыс егіндері көбінесе қазақ егіндерінен жақсы шығады. Ол, әуелі, орыстардың қазақтардан гөрі егін жақсы шығатын шарттарын артық білгендігінен, екінші, ол шарттарын қазақтардан гөрі көбірек орнына келтіріп еккендігінен», – деп қорытындылайды. Бұдан кейінгі жазбаларда да мал өсіру мен егін егу жайынан керек кеңестер ұсынылады.

Ахметтің айтуынша, қазақ атам заманнан мал шаруашылығымен айналысса да, оның қыр-сырын толық меңгермеген. Егер мал жаятын жері тар, егін егетін алқабы аз болса, қазақ тығырыққа тірелер еді. Сондықтан, қазақтар өз атакәсібі жайлы да толық мәлімет біледі деу бекершілік. Осындай ой өрбіткен автор егін егу, мал бағу жайын ғылыми тұрғыдан баяндап, төрт түлікті асылдандыру, топырақтың құнарын сақтау турасында тың мәліметтермен бөліседі.

Алаш қайраткері жазған көсемсөздердің ішінде медицина мәселесінің жөні бөлек. Баршаға мәлім, қазақ даласында әр жылдары миллиондаған адам түрлі аурудан өліп кетіп отырған. Оған санитарлық талаптың жоқтығы, адам көп жиналатын жерге бару, жаппай ауру таралған аймақты оқшауламау себеп болған. Ахмет Байтұрсынұлы «Ауру жайынан» деген шағын мақаласында бүгінде де өзектілігін жоймаған кеңестерін алға тартады. Жақсы дәрігерді қайдан тапқан жөн? Жылдар бойы мазалайтын дерттен қалай арыла аламыз? Ауру адамға қайдан жабысады? ХХ ғасырдың бас кезінде Ахаң қызмет атқарған «Қазақ» газетінің редакциясына осы төңіректе сауал көп жолданған. Газет қызметкері бірінші байлық денсаулық екенін айта келіп, адам ағзасындағы микроб бүліншілігі туралы сөз қозғайды.

«Ауру жабысқанына көп жыл болып ес-кірсе, оны емдеуге де көп уақыт керек, – деп жазды А.Байтұрсынұлы. – Көп емдетуге қазақтың көбі төзбейді. Тәуір бола бастаса, жазылғандай көріп, емдетуден қашады. Емдеу тоқтаған соң, жеңіліп, әлсіреп келе жатқан ауру қайтадан күшейеді. Қазақтың көбі неше жылдан бері орнығып, бойға сіңген ауруға бірер сауыт дәрі алып, тұтынып, сонымен ауру жазыла қоймады дейді. Олай дейтіндері аурудың мәнісін білмегендіктен».

Бұл жерде тек ауырған адамдардың кінәсі ғана емес, сауатсыз дәрігерлер мәселесі де айтылады. Қазақ даласында дәрігерлердің жоқтығы, есесіне, емшілердің көптігі де әңгіме өзегіне айналады. Ахмет Байтұрсынұлы медицина саласы дамығанша, жақсы емшілерге қаралып, уақытылы күтінген жөн деп есептейді. Газет арқылы ел ішіндегі өзекті тақырыптарға ден қойған автор медицина мамандарын сөйлетіп, солардың ұсыныс-кеңестерін де жариялап отырған. Халық арасында денсаулықты күту, аурудан сақтану, дертті дер кезінде емдеу шараларын түсіндіретін қағаз кітапшалар тарату керектігін алға тартады.

Ахаң 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы жиі жазған. «Соғысушы патшалар» деген мақалада Ресей патшалығы қатысып жатқан қақтығыстың себеп-салдары, оттың қайдан тұтанғаны, қарсы тараптың кімдер екені түсіндіріледі. «Бұл күндегі халық қанша ғылымды, өнерлі, білімді, мейірімді десек те, аталарынан ұзап кете алған жоқ», – деп жазған Ахаң ары қарай соғысып жатқан патшалықтарға тоқталады. Келесі мақаласында соғыстағы әскер, қару-жарақ, кемелер, қолбасшылық туралы әңгіме қозғайды. Ахаң қазіргі әскери ұшақтарды аспан кемелері деп атаған. Тіпті, соғыста қолданылған әрбір қаруға жекелей сипаттама беріп, қанша оқ шығаратыны, зеңбіректің күш-қуаты, оқтың екпіні қандай екендігіне дейін деректер келтіреді.

Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлының «Айқап», «Қазақ», «Уақыт» сияқты сол заманның іргелі басылымдарында жарық көрген көсемсөздеріне шолу жасадық. Ахаңның аты аталған көсемсөздері – тек бір парасы ғана. Оның әр жылдары жазған және замана жайлы, қоғам тынысы туралы өз уақытында үн қатқан мақалаларын топтастырсақ, бірнеше кітапқа жүк боларлық талдаудар шығар еді.

Ахаңның көсемсөздеріне көз жүгірткен адам оның журналистикадағы айқын қолтаңбасын айнытпай таниды, шеберлігіне, газет талабына сай талдау еңбектеріне сүйсінеді. Ахаңның білім, оқыту, мектеп жайында жазған мақалаларын бір-бір ғылыми еңбек деп атасақ та жарасады. Аз сөзбен ауқымды тақырыптарды ашып талдайтын Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық шеберлігі газет арқылы тұрақты оқырман аудиториясын қалыптастырды. Ахаңды іздеп жүріп оқитын, Ахаңмен пікірлескісі келетін адамдар қатары көбейді. Оның публицистикасы барлық саланы қамтыды. Бір өзі ғылымның бірнеше бағытын меңгеріп, уақытында білім көкжиегін кеңейтер қызықты деректер жариялай білді.

Ахмет Байтұрсынұлының газет арқылы тарап жатқан үні оны қайраткерліктің биік дәрежесіне көтерді. Ұлан-ғайыр атырапта көшіп-қонған қазақ түгел дерлік Ахаңды ерекше құрмет тұтты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР