ОМАР ТӨРЕ ҚОРЫМЫ. АЛТЫН ШЫҚҚАН ҚҰПИЯ ҮҢГІР. БАЛАСАЗҒА БАРҒАНДА

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 4252
Бөлім: ТҮПСАНА

Бағзыдан Баласаз атанып, талай тарихты бауырына бүгіп жатқан ауыл тұрғындарының пейілі кең, мәрттігі үстем, елім дегенде еміреніп тұратынын байқадық. Тоқырау жылдары тұрғындары сиреп қалса да біртіндеп ес жиып келеді. Бұрындары көшіп кеткендер қайта орала бастапты. Биыл ауыл азаматтары күш біріктіріп, қаржы жинап, ауылға кіреберіс жерге белгі орнатып, Омар төре қорымын қоршап, ас-нәзір, той-томалақ өткізетін шағын асхана салыпты. Осы істің басы-қасында жүрген Жандарбек Әбілсейітов, Қапалбек Нүсіпов, Серік Тұрсынов сияқты азаматтарға елдің алғысы көп. Жаңарған ауылдың жағдайын көріп, ата-баба аруағына арнап берген асына қатысып, сол маңдағы тарихи орындардың біразын аралап қайттық.

Омар төре қорымы

Баласаздың Маңдайшоқысынан асып түскенде төбесі біраз опырылған алып мазар - өткен-кеткендер тоқтап, тәу ететін жердің бірі. Омар төре тірі кезінде мазарды аттың қылы мен ешкінің қылшық жүнін ешкі майына қосып, батпаққа араластырып, ішін бөлмелерге бөліп, күмбез қылып салдырыпты. Кесененің төбесі қызыл әскерлер салдарынан ойылғаны болмаса, басқа жағы бұзылмай сақталған. Өкініштісі, бір жарым ғасыр бойы қалпы бұзылмай сақталған кесене Қазақстанның қасиетті нысандарының тізіміне енбеген. Көпшілік: «Кесенені мемлекет қорғауына алмаса, қолда бар асыл дүниеден айырылып қалуымыз мүмкін», - дегенді айтады.

– Осы өңірде кешегі сақ, ғұн, түркі дәуірінен қалған қорымдар көп кездеседі. Оның біразы Алматы облыстық тарихи, мәдени мұраны қорғау орталығының тізіміне енген. Ал Омар төре қорымы Қазақ хандығының соңғы жылдарындағы тарихи ескерткіш санатына жатады. Оны тізімге алып, қорғап, ұрпақ ұлағатына айналдырған абзал, – дейді Алматы облыстық тарихи, мәдени мұраны қорғау орталығының бөлім меңгерушісі Жандос Адамжанов.

Шипалы Тамшыбұлақ, тоналған алтын кені

Баласаздың күн шығысында, жартастың саңылауынан сыздықтап, тамшылап ағып жатқан тағы бір су көзі бар. Оны жергілікті жұрт «Шипалы Тамшыбұлақ» деп атайды. Содан сәл өрлеп, тау ішіне сұғынып кіргенде алдымыздан Кеңес одағы кезінде алтын қазылып, кейінгі жылдары жұмысын тоқтатқан кен орнына жеттік. Бұл жерде ең алғаш Омар, Алқан төрелердің ұрпағы Тұрсын төре алтын шайқаған екен. Жақпарлы тау жынысын ішкерілей қазып кірген кен орнының төбесінен аққан тамшылар тағанын суға толтырып тастапты. Кеннің ішіне кіріп, біраз жерге барып көрдік. Тастай су аяғымызды тоңдырса, ішіне енген сайын естілетін дүңгірлеген дыбыс пен қорқынышты қараңғылықтан көп жүруге дәтіміз жетпеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы үңгірмен жүре берсе, тау басынан шығады екен. «Жүріп өттім» дегендерді кездестірмедік.

– Кейінгі кезде заңсыз қорым тонайтындар қаптап кетті. Оның үстіне заңсыз алтын шайқайтындар көбейді. Соның салдарынан байлығымыз тоналып, табиғатымыз бүлініп жатыр. Осыған бір тосқауыл қойылса жақсы болар еді, – дейді ауыл тұрғындары.

«Бұл нысанды да қайта жаңғыртып, тау туризмін дамытудың мақсатына пайдаланудың тиімділігі көп» деген пікірге тоқталдық.

Тоғызқұмалақ тақта тасы

Баласаздың жоғары жағында «Көксу» шаруа қожалығының иелігіндегі аумақта көптің көңілін аударған екі тарихи қонысқа кездестік. Бірі өткен ғасырдың алдыңғы жартысына тән көне қорым. Ондағы зираттар өзен аңғарынан тасып жеткізілген малта тастармен қоршалып, әр қабірдің маңдайына тасқа қашалған латын, кирилл, төте жазуы бар белгі қойылыпты. Соның біразы өшіп, оқуға қиындық тудырды. Осыған дейін тархшылар мен өлкетанушылардың назарына ілінбеген қорымды зерттеу керек. «Бұл 1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде қайтыс болғандарды жерлеген жер болуы мүмкін», – дейді тарихшы Ербол Бекболатов.

Ал Баянжүрек тауының өргі жағындағы Көксай өзенінің аңғарындағы жотадан тасқа ойылған тоғызқұмлақ тақтасын байқадық. Оның жанындағы тастан үйілген 5 қорымның көлемді үшеуі бір сызықтың, кішілеу екеуі тағы басқа бір сызықтың бойында орналасқан. Одан ары тау бөктеріне қарай кішілеу тағы бір қорым көрінеді. Жандас Адамжановтың айтуынша, таспен үйілген бес қорым мөлшермен кейінгі орта ғасырға, ал арғы жағындағы қорым түркі дәуіріне тән жәдігер.

– Бұрындары тоғызқұмалақ ойылған тақта тастың екі жағында адам отыруға ыңғайлап жасалған, түрлі таңба ойылған екі үлкен қара тас болушы еді. Бірнеше жыл бұрын оны әлдекімдер қазып, көлігіне тиеп алып кетіпті. Осы тасты да бір күні ұрлап кетпесін деп күні-түні күзетіп жүрміз. Бұл байлықты ел болып қорғағанымыз жөн, – дейді ауыл тұрғындары.

Тастағы ойын тақтасының уақытын дөп басып айту қиын. Алайда маңайындағы қорымға қарап кейінгі орта ғасырға тән деуге болады. Оны суретке түсіріп, елімізге танымал археологтарға жіберіп едік. Олар ашық аспан астындағы ойын тақтасы Аустралия, Швейцарияда кездескен деген болжам айтты. Тереңірек зерттеуді талап ететін жаңалық.

Баласаз – осындай қасиет пен құпияны бауырына бүгіп жатқан жер. Оның тарихын түгендеп, сырын ашсақ, туризмнің төріне айналары сөзсіз.

Қажет АНДАС

Баласаз ауылы,

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы