"Кімдерге ораза ұстамауға болады?": Имам жауап берді

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 461
Бөлім: ТҮПСАНА

Міне, айлар аунап, күндер зулап күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Он сегіз мың ғаламның жаратушысы, барлық тіршілік иесіне ризық-несібе сыйлаушы жалғыз Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар,  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның отбасына, сахабаларына әрі соларға қияметке дейін ерген мүмін мұсылман баласына Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болғай.  

Біз 12 айдың сұлтаны киелі Рамазан айының келуімен сүйіншілеп, Қазақстан діни басқармасының Жетісу өңірі бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовтен осы бір қасиетті айда ораза ұстау туралы көптің көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

– Құрметті Керімбек Сәрсембайұлы, жалпы ораза кімдерге парыз?

 Бисмилләһир рахманир рахим! Қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресі 183-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – делінген. Ораза ұстау – біріншіден, мұсылман, екіншіден, ақыл-есі дұрыс, үшіншіден, балиғат жасына толған әрбір ер-әйелге парыз. Ал, мұсылман емес адамдарға парыз емес. Егер сапарда жүрген немесе науқас адамдар болса, олардың басқа күндері өтеуіне болады. Бұл туралы «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, немесе, сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» деп анық айтылған.

– Енді оразаның қасиеті туралы тоқталып өтсеңіз?

 Орзаның қасиеттері өте көп. Себебі, ораза ұстаған адам ең алдымен аштықтың қадірін түсінеді. Сол арқылы оның жоқ-жітік, жетім-жесір, кедей-кепшікке деген махаббаты оянып, мұқтаж жандарға көмектесуге пейіл болады. Сондай-ақ, ораза адамдарды кеңпейіл, ізгілік пен сабырлы болуға тәрбиелейді. Сабырлы адам ешқашан зиянға ұшырамайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде мұсылман адамда екі шаттық болды деп атап айтылған. Оның бірі ауыз ашуға санаулы минуттар қалғанда тағатсыздана күткен ауыз ашар дастарқан ашылған кездегі қуанышы болса, енді бірі қиямет күні ораза ұстағандар жиналыңдар деген бір дауыс естіледі екен. Осы кезде жалпы ораза ұстаған адамдар жиналып, жәннаттағы Райан қақпасы ашылып, одан кірген кезде ерекше шаттанады екен. Міне, бұл оразаның екі дүниедегі үлкен ерекшеліктерінің бірі. Кейбір адамдар намаз оқымайтын адам ораза ұстаса бола ма деген сұрақ қойып жатады. Әрине, намаз оқымаса да ораза ұстай беруге болады. Өйткені, әрбір мұсылман баласына жүктелген Аллаға иман келтіру, намаз оқу, зекет беру,  ораза ұстау, шамасы келгендер қажыға бару сынды бес парыз бар. Ал, намаз оқымаса да ораза ұстаған адам сол парыздардың бірін өтеген болып саналады. Бұдан сырт ораза ұстау адамның бүкіл ағзасын тазартып, ізгілікпен мейімділікке баулиды.

– Ал, зекет және пітір садақасын берудің жолы қалай?

– Негізі зекет – мұсылмандардың бес парызының бірі, яғни, мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін Зекет ретінде беруге міндетті. Мысалға, ақшасы барлар жалпы ақшасының  көлеміне қарай, қой, ешкінің саны 40-тан асса, түйе 5-ке жетсе бір қой, ірі қараның саны 30-дан асса бір тайынша зекет беруге міндетті. Зекет мешітке немесе мұқтаж адамдарға беріледі.  Ал, пітір садақасын  85 грамм алтыны не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет беретін уәжіп садақа.. Оны Рамазан айы басталған күннен ораза айт намазы оқылғанға дейін беруге болады. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген.  Пітірді отағасы береді. Пітір садақасының мәні – өмірге келіп, жер басып жүргені үшін беріледі. Оны жергілікті жердегі мұқтаж адамдарға берген абзал. Ол, бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшерімен белгіленеді. Мәселен, биылғы пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде жан басына 640 теңге болып бекітілді. Рамазан айында ораза ұстай алмайтын адамдар болады. Жүкті әйелдер, омырау еметін баласы бар немесе ауырып жүрген, денсаулығы көтермейтін кісілерге Рамазан айында ораза ұстамауға рұқсат. Бірақ оларға хидия садақасын төлеу міндеттеледі. Ол дегеніміз бір күндік міскінді тойдыру. Хидияның көлемі жан басына 3400 теңге, шамасы келсе күнделікті мұқтаждарға беру арқылы амалы мойнынан түседі. Енді оған шамасы келмейтін жандар пітір садақаның мөлшерімен есептеп беруге болады. Биыл  мұсылмандар үшін қасиетті ораза 11 наурызда басталды. Сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Отыз күндік ораза сәуірдің 9-ы аяқталып, 10 сәуір – ораза айт мерекесі.

– Рамазан айында укол алуға, екпе ектіруге тура келсе ол оразаны бұза ма?

– Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе ауыз, мұрын, тік ішек арқылы ішке енсе, ол оразаны бұзады. Ал, дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген. Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.

– Қадір түні қандай амалдар жасаған дұрыс?

– Мың айдан да қайырлы бұл түннің орны бөлек, сауабы да ерекше. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жыл 4 айлық сауапқа пара-пар екен. Бұл түнді әрбір мұсылман баласы Алланың ризалығы үшін құлшылық етіп, намаз оқып, жақсы тілектер тілеуі тиіс.  Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе және қаза намаздарын оқып, елімізге, жерімізге,  отбасымызға жақсы дұғада болуымыз шарт. Себебі, осы түні құран түсірілген. Жалпы періштелер жерге келіп сауап жазып, жаратылыс атаулының тағдыры белгіленіп, келесі қадір түніне дейінгі адамдардың ризық-несібелері, өмір өлшемдері секілді маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады. Сол үшін бұл түні шынайы ниет етіп, құлшылықпен жақсы тілектермен өткізген дұрыс.

– Биылғы Рамазан айында Жетісу облысындағы мешіттерде қандай игі шаралар қолға алынады?

– Жалпы, қайырымдылық – қайырлы іс. Тұрмысында қиыншылығы бар,  көпбалалы  отбасына, науқас және мүгедек жандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетудің сауабы мол. Осыған сәйкес, өткен жылы өңірдегі мешіттерден көптеген мұқтаж адамдарға  қаржылай және заттай тиісті көмектер көрсетілді. Оның ішінде «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында біраз адамдарға баспана беріліп, отын, көмір, азық-түлік таратылды. Сонымен бірге 30 күндік ораза кезінде аймақтағы әрбір мешітте арнайы ыстық тағамдар дайындалып, ауызашар дастарқаны жайылды. Мұндай қайырымдылық шаралары биыл да жалғасады. Оның ішінде алда «Тайқазан», «Тосын сый», «Ауызашар қоржыны», «Рамазан керуені» сынды көптеген шаралар жоспарда. Онда түрлі азық-түліктер мен басқа да заттар жүк көліктеріне тиеліп, шалғай ауылдардағы тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға дейін жеткізіліп үлестірілмек. Осының барлығы қалың жамағаттың және өңірдегі жомарт жандардың көмегімен атқарылған қайырымды істер. Еліміз аман, жеріміз тыныш, келіп жеткен Рамазан айы мүбәрак болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!     

Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.