Жуырда Талғар ауданы, Гүлдала ауылының тұрғындары көптен күткен қуаныштың куәсі болды. Ол мұсылман бауырларға арналған Алланың үйі – еңселі мешіттің ашылуы еді. Жағымды жаңалықтан құлағдар болған халықтың қарасы қалың. Жүрегіне иман ұйытып, Алланың мейіріміне бөленген мұсылман қауымының нағыз мерекесі екенін сезіндіреді.
Өйткені, жарық та сәулетті етіп салынған үш қабатты ғибадатханада 500-ден аса адамның жиылып, жайнамазға маңдай тигізуіне мүмкіндік мол. Салтанатты шараны тізгіндеген танымал ақын Кәмнұр Тәлімұлы: «Мешіт – Байтолла деген қақпаның жер бетіндегі бөлімшесі. Алла пендесінің өзіне деген ғибадат, құлшылығы мен тілегін қабылдап, жаннат бақшасына жол ашатын, жүрегімізге иман нұрын шашатын, тозақ отына күйдірмей, қалқан болып тосатын ең қастерлі де қасиетті киелі орын, ағайын. Олай болса, жаңа мешітіміз құтты болсын!», – деген ізгі тілегімен сөз бастап, меймандармен таныстырып өтті.
Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы, дүниежүзілік “Ахыска” түрік орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мешіттің бас демеушісі Зиятдин Исмиханұлы, Алматы облысы Алматы өңірі бойынша өкілі Қуаныш Бақытбекұлы, Алматы қаласындағы Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбетұлы қатысты. «Құран сөзі – Құдай сөзі» деп жаңа мешіттің имамы Исмаил Тұрсынұлы Құран оқыды.
– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Аллаға мың да бір шүкір, еліміздің, егемендігіміздің, халқымыздың бірлігінің арқасында Қазақстанның барлық елді мекендерінде осындай мешіттер ашылып, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Бұл мешіт салу, мешітке атсалысу – адамдардың барлығына нәсіп ете бермейтін үлкен сауапты іс. Қазіргі таңда елдің, халықтың әл-ауқаты жақсы, қалталы азаматтар көп, әйтсе де осындай мешітті Алланың өзі нәсіп еткен адамдар ғана сала алады. Мешіт салған адам – Алланың алдында үлкен құрметке ие. Мешіт салған адамды Алла Құран Кәрімде мақтады. «Кімде кім Алланың разылығын қалап, осы дүниеде мешіт салған болса, оған Алла Тағала жаннаттан үй салады» деген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. Қазір мешітте жамағаттың 80-90 пайызын жастар құрайды. Бұл болашағымыздың баянды боп, жетістігіміздің еселене беретінін білдіреді. Сол үшін Аллаға шүкіршілік етеміз. Біз осы күнгі береке-бірлігімізді, тыныштығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – дей келе Бас мүфти қайырлы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғысын жеткізіп, Алла Тағала екі дүниенің бақытын нәсіп етуін тілеп, жаңа мешітке Құран кітапты сыйлады.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын Бас мүфтиіміздің қатысуымен Кеңдала ауылынан «Нұр-Мүбәрәк» университетінің филиалы –медресе ашылған еді. Содан бері жастарымызды имандылыққа тәрбиелеуде жақсы жұмыс атқарып келеді. Енді, міне, 100 орындық ескі мешітті алмастырған жаңа мешіт жамағатқа толсын, – деді аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.
Салтанатты мешітке демеушілік жасаған Зиятдин Касанов та жиылған жамағатты қуаныштарымен құттықтап, Алладан амандық пен құт-береке тіледі. Дәстүрге сай Гүлдала ауылдық округінің әкімі Мақсат Жұмашев пен мешіт жанашыры Ярмұхамед Данахунов меймандарға құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты. Жаңа мешіттің лентасы қиылып, шашу шашылды. Жамағат жаңа мешіттің табалдырығын аттап, намаз оқыды.
Ұлбосын Исабек