СОНАР-2020: ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЕҢ ҮЗДІК САЯТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 06.12.2020
Оқылды: 1547
Бөлім: ТҮПСАНА

Қыран бүркіт, жүйрік ат, құмай тазы – Ұлы Даладағы ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Осынау бекзат өнердің қайта жаңғырғаны – жақсылықтың нышаны. Өйткені, жас ұрпақ атадан қалған асыл мұра арқылы Рухани жаңғыруға бет түзейді. Өткенін таниды, болашағын бағдарлайды. Жетісу жерінде жыл сайын ұйымдастырылатын «Сонар» құсбегілер жарысы төл өнерді ұлықтауға қызмет етіп келеді.

Биылғы «Сонар – 2020» республикалық турнирі тартымды әрі тартысты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Еліміздің әр аймағынан келген саятшылар Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылы маңында бас қосты. Қолына құс қондырған аңшылардың келбеті көз тартады. Түлкі тұмақ, саптама етік, күміс белдік өздеріне соншалық жарасып тұр. Қыстың ақ көрпесі осы өрнектермен астасып кеткендей. Таудың таза ауасындағы  серуеннің жанарды жаулаған қызықтары шаш етектен.

Құсбегілер жарысының салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, сондай-ақ танымал ардагер спортшылар қатысты.

Қазір Еңбекшіқазақ өңірінде құсбегілер легі қалыптасты. Оның орталығы – Нұра ауылы. Сөгетінің дархан даласы  бүркітшілердің бірегей мекеніне айналды. Жуырда дәл осы Төле би ауылы маңынан «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығы ашылған болатын.

- Саятшылық денсаулыққа пайдалы. Таза ауада серуендеп, сәйгүлігін жүйткітіп, қыран құсын қолына қондырып қансонарға шығудың өзі бір ғанибет. Оны ұлттық өнердің бір саласы ретінде дамытуға мүдделіміз. Бәсекеге ауданымыздың құсбегілері де белсене қатысып отыр. Бүгінгі жарыс – қанаттылардың жарысы. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз, – деді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.

- Құсбегілік өнер жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Осыған дейінгі саятшылық жарыстардың халықаралық деңгейде өтуі соның дәлелі. Биыл пандемияға байланысты барыс-келіс қиындады. Сондықтан жарысқа шет елдерден құсбегілер қатыса алмады. Көрермендерге де алдын ала хабарлама таратпадық. Бірақ соған қарамастан, өздеріңіз көріп отырғандай, бүркіті мен қаршығасын, құмай тазысын баптап келген саятшылардың да, төл өнерімізді тамашалуға жиналған қонақтардың да қарасы мол. Жарыстың ойдағыдай өтуіне облыс әкімдігі тікелей қолдау көрсетіп отыр. Біз осы арқылы құсбегілік өнерді және отандық туризмді барынша насихаттауға тырысамыз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

«Сонар» жарысының өтуіне жыл сайын мұрындық болып келе жатқан «Қыран» федерациясының жөні бөлек. Федерацияның атқарушы директоры, «Жалайыр Шора» құсбегілер мектебінің негізін салған белгілі этнограф Бағдат Мүптекеқызы қыран баптаудың тарихын кеңінен әңгімеледі.

Салтанатты шарадан кейін жарыс басталды. Атырау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының қырандары самғауға дайын тұр. Құсбегілер бүркіттердің томағасын сыпырды. Сол сәтте арнайы ұяшықтың есігі ашылды.Қызыл түлкі қияны бетке алып зымырай жөнелді. Кереге қанатын кең жайған қыран құс нысанаға төніп келеді. Қу түлкі де бұлаңдап құтылуға тырысады. Алайда, бүркіттің бабы ойдағыдай екен. Түлкіге дәл түсті. Тұмсығынан бүрген темір шеңгел оны тырп еткізбеді. Осы көрініске қараған жұрт ұлы Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деген өлеңін іштей қайталағаны анық.

Осыған ұқсас жарыс қимылдары қайталанып жатты. Жанкүйерлердің қол шапалақтауынан және қуанышты дауыстарынан Түрген шатқалдары жаңғырды десек, артық айтқандық емес. Құсбегілер думаны баршаны жақсы әсерге бөледі.

Шарада құмай тазылардың аң аулау сәттері көрсетілді. Қаршығалар да қалыс қалған жоқ. Дала дүбірге бөленді. Солай десек те бір нәрсе анық, жарыстың өз шарты, өз заңдылығы бар.

Бас төреші жарыс қорытындысын жариялады. Бүркіт жарысынан Атыраулық құсбегі Арман Қошқаров бірінші орын иеленіп, миллион теңгені олжалады. Жамбылдық Серікболсын Жалғасұлы екінші орыннан көрінді. Үшінші жүлдені жетісулық Аян Сейітжан еншіледі. Қаршыға жарысынан бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы, екінші орынды тараздық Серікболсын Жалғасұлы, үшінші орынды жетісулық Бексұлтан Сейітжан қанжығаларына байлады. Сұңқар жарысы бойынша Маңғыстау облысынан келген Мерей Айшуақұлы үздік деп танылды. Атыраулық Арман Қошқаровтың құмай тазысы ешкімге есе берген жоқ. Жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

– Саятшылық жарыстарға белсене қатысып келеміз. Қыран құсым тек ел ішіндегі жарыстарда ғана емес, әлем чемпионатында да топ жарған. Бүгін, міне, өзінің бабында екенін тағы бір дәлелдеді, – деді жеңімпаз атанған «Нарын» атты бүркіттің иесі Арман Қошқаров.

Жарыстан қайтқан құсбегілер Ұлы Далаға сән берген салтанатты керуен секілді. Көз салған жанды тебірендірмей қоймайды. Олар мінген жорғалар алып домбыраның күйіне ырғақ қосып, билеп бара жатқандай. Біз құсбегілер думанының тарқамауын тіледік.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы