СҰҒЫНҒАНДАРДЫҢ САЗАЙЫН БЕРЕР ЖАЛҒЫЗ ЖОЛ - ТАРИХЫМЫЗДЫ ҚАЙТА ЖАЗУ

Уақыты: 06.01.2021
Оқылды: 1383
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаңа жыл жарқын жаңалығымен есік ашты. Қоңсы отырып, бабалар қанымен сызған қасиетті шекарамызға көз алартқандарға ел Президенті нүкте қойды. Өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы арқылы тақуа тарихты екшеп-текшеп, азаттықтың қадір-қасиетін қайтара санамызға сыйдырды.

«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», – деп жазды Президент.

Шыны керек, өткен жыл өне бойымызды дірілдетті. Сынаптай сырғыған уақыт аралығында тәжді вирус есімізден тандырып, сыртымыздан әлдекімдер сақ-сақ күлді. Рас, көршілеріміз қандай пейілде айтса да, зілді сөз қуыс құлқыннан шықты. Отыз рулы елге тарады. Алаш жұртының ашуын тудырған Федоровтың пасық пейілі бізді де ойландыруы тиіс. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы да келісті ойын кеңінен саптап: «Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», – деп тоқетерін айтты.

Тарих дегеннен шығады, ҚазҰУ профессоры, тарихшы Берекет Кәрібаевтың сұхбатын «Жаңа Алаш» «Ю-туб» арнасынан көрдім. Келелі сұхбатта қоғамымызда көмескіленген жайттар жан-жақты сараланған. Онда профессор: «Біздің қазақ жерінде ғалымдардың дәлелдеуі бойынша сонау скиф, Сақ кезеңдерінен мемлекеттік құрылымдар қалыптаса бастаған. Оның нақты дәлелдері де бар. Біздің жерімізде алғашқы, жақсы зерттелген археологиялық жұмыс – Сақ мәдениеті. «Іле өзені бойындағы Сақтардың мәдениеті» дейтін өзіміздің атақты ғалымымыз К.Ақышев пен Кушаев дейтін археологтардың үлкен монографиясы бар. Бұл турасында сонда кеңінен жазылған», – дейді.

Ақиқатында, үш мың жылдық тарихы бар қазақ шежіресінің қобыраған жері жоқ. Тек боямасыз зерттеуді қажет етіп-ақ тұр. Мәселен, 1467 жылы жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік Баян» кітабын парақтасақ, жасырында жатқан жайттардың көбесі сөгіледі. Онда Қазақ хандығының иеленген жері Алтай мен Атыраудың арасы екені оқыған жанға ап-анық көрсетіліп тұр. Астанасы бұрынғыдай Түркістан болғаны да тайға таңба басқандай жазылған. Демек, қасиетті қазақ жерінің түйір тасы мен уыс топырағы әлдекімдердің сыйы емес. Мұнда бабалар қаны, аналардың көз жасы мен зары жатыр.

Жіптің де екі ұшы бар. Сол секілді қазақ тарихы да талай теперіш көргені ақиқат. Тәуелсіздік алғанға дейін өткеніміз өзгенің, билігіміз бөтеннің қолында болды. Айналып келгенде еврей де, украин да, орыс та орталықтың (Кеңес өкіметінің) айтқанын таңбалады.

Ендеше, Қасым-Жомарт Кемелұлы атағандай Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ата тарихымыз дәурендеуі тиіс. Яки, таптық көзқараспен жазылған парақтарды сызып, ақтаңдақтарымызды ақтарып, төл тамырымызды түгендеу маңызды. Осылай ғана мемлекеттілігімізге сұғанақ тілін тигізіп, сұғынған қолдардың сазайын бере аламыз.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан