Жыршы, термеші Хамза қажы

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 2047
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қайран асыл аға! Хамза ағамның  жанында  көп жүрдім, көп нәрсені үйрендім. Ол кісі  қара тілдің  майын ағызатын нағыз шешен, той-жиында сөйлеп кетсе  бүкіл  елді ұйытатын  ақсақал, ақ батасы қабыл болатын абыз, сұңғыла  шежіреші, жыршы, термеші, ғажап жырау болатын.  
Туған еліне, халқына бір кісідей қызмет еткен Хамза қажы Тілеубайұлы Екейбаев – асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы атанған тұлғалы азамат тірі болғанда биыл 90 жасқа келер еді. Ауыл-аймаққа сыйлы, халқына қадірлі абзал азамат, текті атаның жалғасы, атақты Қарасай батырдың ұрпағы, оның ішінде Көшектен тараған.   

Хамза қажы Екейбаев 1928 жылы 23 ақпанда Алматы облысы, Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданы     1 Май ауылында дүниеге келген. 1936 жылы осы ауылдағы мектепке барады, мектепті бітірген соң 1944 жылы Кузбасс кен-металлургия комбинатына ФЗО-ға оқуға түседі. Теміртауда қазақтың тұңғыш Магниткасын ашуға қатысады. 1946 жылы Теміртау  Магниткасы ашылғанда алғашқы іргетасын қалаған кеншілердің бірі. 
1946 жылы әскер қатарына шақырылып, Жаркентте шекара сақшысы болып қызмет атқарған. Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп қайтысымен Хамза Тілеубайұлы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университет бітірген соң  қоғамдық тәртіп сақшысы қызметін атқарады. Қарағандыда 45 жыл қызмет істеп, қатардағы милиционерден полковник дәрежесіне дейін көтеріледі. Еліне жасаған адал да абыройлы, жемісті еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған.
Еліміздің игілігі үшін табандылықпен, мақсаткерлікпен еңбек етіп, қандай лауазымда болса да өзінің терең білімі мен бай тәжірибесін еліміздің дамуына және өркендеуіне жұмсады. Мақсаткерлік пен азаматтардың мұқтаждығына қамқорлықпен қарау секілді адамгершілік кең мінез оған тән болатын. 
Хамза ағаның кір жуып, кіндік кескен жері Кеңес өкіметі кезінде      1 Май ауылы деп аталды.  
Бекболат Әшекеевтің есімін ел жадында мәңгі қалдыруға күш-жігерін жұмсаған Хамза аға батыр бабаның аруағына бағыштап ас берді.       1 Май ауылын «Бекболат» ауылы деп атау үшін көп күш жұмсады. Бекболат батырдың ақылгөй-кеңесшісі болыс Сәт Ниязбекұлына да Қарғалыда ас бергізді.   
Хамза қажы Екейбаев Қазақстан Қажылар қауымдастығының төрағасы болып қызмет істеген.
Хамза ағаның  төгілтіп, көсілтіп  берген ақ баталары қандай еді десеңізші?!
Алла Тағаланың берері көп, шын тілейік. Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады. Адамнан тілегеннің екі көзі шығады.
Я, Алла Тағалам!
Өмір берсең жайлы ғып бергін,
Дәулет берсең сайлы ғып бергін.
Еңбегіміз өрісті болсын,
Қамбамыз астыққа толсын.
Көсегеміз көгере түсіп,
Мыңғырған мал өріске толсын.
Әйел берсең әдепті,
Жанға тыныш жайлы ғып бергін.
Келін берсең келісті ғып бер,
Ағаш берсең жемісті ғып бер,
Тұлпар берсең шабысты ғып бер...
Жомарт болсаң осы 
айтқандарымның барлығын
Үйіп-төгіп бір-ақ бер!
Аллаһуәкпар!
                  
 *  * * 
Дастарқандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін.
Әумин!
*** 
Тіл қадірін білетін, 
Сөз маржанын теретін
Жастар-ай, 
Сенсің өренім,
Көп сенің, Алла, берерің.
Ақылды болсаң білімді,
Айналаң да сенеді.
Ел мүддесін қорғасаң
Жұрт соңыңнан ереді!
Әумин!
* * * 
Алланың аты ашады
Көңілдегі қараңды.
Нышаны дейді жұмақтың
Жазғы соққан самалды,
Тозағы дейді қысқы соққан боранды.
Шариғаттың түзу жолын ұстасаң
Тайдырмас дейді табанды.
Басыңа бейнет болады
Жолдас қылсаң жаманды.
Ілтипатты жан болсаң
Атаң мен сыйла анаңды.
Ақыретке барғанда
Сақтайтын қағба панаңды.  
Сол себептен барлықтарыңызға Алланың рахметі, пайғамбардың шапағаты тисін.
«Бірлік болмай тірлік болмайды» дейді. Бір болайық, арамызда ынтымақ болсын!
Бақ пен дәулет айтқан екен: «Ынтымақ қайда болса, мен сондамын» деп. Арамызда, ынтымақ болып бақ қонып, Қыдыр дарысын! Әмин! Аллаһу акбар!– деп тіледім, – деген ақ баталары қандай керемет еді?!
***
Хамзекеңнің ұлы мен келіні Алмас пен Сәуле үйленіп, отау көтергеніне он жылдың жүзі өтсе де ерні жібіп, сәби сүйе алмай қатты қиналды. Екі жастың бір-біріне деген ықылас-пейілі, сезімі мен сүйіспеншілігін көріп, ата-аналары да бұл жөнінде әңгіме қозғауды артық көретін.
Табиғат заңы өсіп,  өну, көбею ғой. Бақыт – ұрпақ әкелу, оны қатарынан кем қылмай өсіру.
Алмастың анасы Роза ақыры бір шешімге келіп, жолдасы Хамза қажыға:
– Хамзеке, биыл Меккеге мен де барамын. Екеулеп мына Алмас пен Сәулеге нәресте тілейік. «Алладан шын сұрасаң, бермесі жоқ» деуші еді, – деп тілек білдірді.
– Бәрекелді, ақсарыбас атап, жолға жиналайық! – деді Хамза қажы да.
 Хамза ағай бұрын Меккеге екі рет барған. Енді зайыбы Розаны ертіп үшінші рет жолға шыққан еді.
Қасиетті жерге келген соң Қағбаның қара тасын сүйіп, құшақтап тұрып: «Иә, Алла, пендем десең Алмасым мен Сәулеге бір перзент бере гөр», – деп тілегенде көздерінен парлап жас моншақтады.
Алланың рақымы қандай кең десеңші, бұлар келісімен үйдегі Сәуле келіні көп ұзамай жүкті болып, дүниеге егіз бала – бір ұл, бір қыз әкеледі.
Үйленгеннен кейін он жыл өткенде бірден егіз нәресте әкелу – өте сирек құбылыс.
Қажы атасы Құран-кәрімде аталатын Рахым, Малика деген есімдерді берді екі немересіне.
Осы ақ жол, ақ тілекпен дүниеге келген қос бөбектің бір жасқа келіп, тәй-тәй басқан тұсаукесер тойы өткізілді. Бұл той арақ-шарапсыз, тек қымыз бен шұбат, қазақы дастарқан мәзірімен-ақ өте көңілді, сән-салтанат рәсімімен өтті.
Генерал Ахмет Тұмарбеков және Ізбасар Балтағұлов, Әукен Ағатаев, Еркеш Мамиев және басқа да ел ағалары жаңа ғана тәй-тәй басқан екі бүлдіршінге ақ баталарын беріп, ХХІ ғасырда тәуелсіз еліміздің тұлғалы, рухы биік азаматтары болып өсіңдер деген тілектерін айтты.
Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев ағамыз жаңа ғасыр алдында шығарған «Боташым» атты жаңа әнін тұңғыш рет осы балаларға арнап орындап берді.
Рахым мен Маликаға қазақша ұлттық киім кигізілуі, тойдың ұлттық тағаммен, ән-күймен, салт-дәстүрмен өткізілуі ел-жұртқа үлгі боларлықтай игі іс емес пе?
«Құдай берсе құлай береді» деген осы да. Жаңа ғасырда жұлдыздарың биікте жансын, Рахым, Малика!  Міне, осындай тамаша қуаныштарының ортасында болып, қуаныштарын бөлісіп едім.    
***
Қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев аға  былай деп еске алды: Дарынды адамдардың, мысалы, ақын, жазушы, әртіс, суретшілердің құдай берген қабілеттері көп. Оның өзі тарих. Тағдыры қызық тарих. Ал, енді біздің Хамза ағаның еңбек жолы ерекше. Хамза аға да дарынды адам.
 Қарағандыда милиция болып, көп жылдар бойы ішкі істер бөлімін басқарған еңбекқор жан, алдындағы асын адал ішетін азамат ретінде танитынмын. Құқық қорғау органдарында істеу оңай шаруа емес. Ал, енді соның ішінде абыройлы қызмет істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Хамза аға елмен тіл табыса біледі, қай жерде жүрсе де абырой жинаған азамат.
Кеңес өкіметінің кезінде үлкен қызметтің тізгінін ұстағандар өз заманында ғана даңқты болады да, кейін зейнетке шыққасын аты-жөні ұмытыла бастайды. Хамза ағаның абырой-атағы, керісінше, зейнетке шыққасын  асқақтай бастады. Мұның өзі біліктілік, білімділік, қажырлы еңбектің жемісі, нәтижесі.
Хамзекең домбыра тартып, өлең айтқанда, әсіресе Сүйінбай мен Жамбыл атамыздың жырларын қырық құбылтып нәшіне келтіре орындағанда өзіңнің де арқаң қозып, домбыра ұстағың кеп кететінін талай байқадым.    
Той-томалақта ғана емес, алты алаштың басы қосылған алқалы жиындарда ең бірінші халқымыздың ауызбірлігі жайлы айтады. Негізі, Хамзекең тарихшы, тарихты жақсы білетін адам. Жүрекке ұялайтын сөзді жалпылама, жадағай айта салмайды. Шежіренің түйінін шешіп, тарихтың қойнауына сүңгіп, арғы-бергіні қозғап, дәлел мен уәж келтіріп сөйлегенде сары майдай еріп жүре бересің. Біліміңе білім қосып, бір байып қаласың. Бар адамды бауырына  тартып, баулып сөйлей алатын қасиетті қазақ. «Біздің қазақ үш жүзге бөлінген. Не үшін? Жан-жақтан анталаған жауға қарсы тұру үшін үш топқа, үш жүзге бөлінді. Әскери тілмен айтқанда, үш жүзге бөлінудің өзі стратегия, тактика! Яғни, біздің қазақтың үш жүзге бөлінуі – бірігуінің басы» деген тосын пікір айтқанын естідім.
«Адам адамға дос, жолдас, бауыр» деген сөзді бала кезден жаттап өстік. Ол қағиданы алғаш рет коммунизмнің моральдық кодексінен оқығанбыз. Сөйтсек, ондай бағалы сөздің бәрі шариғаттан алыныпты. Үш мәрте қажылыққа барған Хамза ағаның тұла бойы тұнған шариғат секілді еді.
Белгілі мемлекет қайраткері Бақыт Оспанов ағасы жайлы былай деп сағына еске алады:
«Би айтқанды құл да айтар» аузының жоқ дауасы» депті Төле би бабамыз. Хамза ағаның өн бойындағы тамаша мінездері, ел ішіндегі ерен істері, батагөй даналығы – Үшқоңырдай қайталанбас туған жерінің киесі, аруақты ата-бабасының асыл қасиеті.
Бірде қуаныш, бірде мұң өмірдің талай белестерін артқа тастап, екі ғасырдың алтын көпіріндей болған аяулы да асыл аға, елінің ертеңін ойлаған парасатты жан қашанда өнегелі үлгісі, биік тұлғасымен алдымыздағы асқар Алатауымыздай, көненің көзі – асылдың сынығындай көрінетін.
Дана халқымыздың дәстүрі бойынша еліңде кімің бар деп сұрайтын елміз.
«Мына біздер, інілеріңіз кіндігіміздің қаны тамған туған жерімізде ақыл-парасатымен, кісілік қасиетімен ел құрметіне бөленген асыл ағамыз Хамза бар!» – деп мақтанышпен айта аламыз.
Ата-баба асыл мұрасының алтын арқауын жалғап жүрген Хамза ағаның айтулы өмірін ұрпақтары әлі талай аңыз етері анық, ал оның сан мәрте куәсі болған, тәлім-тәрбиесінен нәр алғандар мақтан етері хақ.
***
Мұндай ақжарылқап  жақсы пікірлер  көп айтылады, ел-жұрты ол кісіні  құрметпен еске алады. 
Асыл ағаның көзі тірісінде белгілі тележурналист, жазушы Доғдырхан Тұрлыбек екеуміз Хамза қажының ән-жырларын жазып алуды жоспарлап, келістік. Бүкіл оператор, режиссер бәріміз үйіне барып, Хамза ағамызды бір күн жаздық, екі күн жаздық. Кейбір жерлерін қайталап жазуға тура келді.
Ақыры бір айдай жүріп «Сүйінбай – өлең сөздің қызыл желі» деген 4 деректі фильмге арқау болған хабар түсіріп алдық. Ал, бұл хабарларға біз жазып алған қосымша жырлар қаншама!
Ағамыздың көл-дариядай ағыл-тегіл жырларды жатқа, мәнеріне келтіре орындайтындығына тәнті болып, таң қалдық! Ғажап дарын! Өзі домбырада да, баянда да, мандолинада да ойнайды. Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, Шөже, Майлықожа және тағы басқа ақын-жыраулардың ғибрат болар өлең-жырларын түйдек-түйдегімен айтқанда бұрын қанша оқып жүрсек те тұшынбаппыз-ау, мынау деген сом-сом алтындай дүниелер ғой деген ой санамызда жаңғырып, ақын-шайырларды жаңа қырынан танығандай боламыз. 
Сүйінбай ұлы ақын ғой, сол ұлылықты ұлықтай білген, халық жүрегіне жеткізе білген Хамза ағамыз да қасиетті жан-ау деген ойға қалдық. 
***
...Қайрат інім әкесі Сатыбалдының қайтыс болғанына 20 жыл толғанына орай Астана түбіндегі Қосшы ауылындағы үйіне құдайы тамаққа, қонаққа шақырды. Сол үйде қонып шығып, ертеңіне сол ауылда Қайраттың демеушілігімен салынып біткен мешіттің ашылу рәсіміне қатыстық. Бұл қасиетті орынға атақты батыр Қанжығалы Бөгенбай есімі беріліпті.
Тоқсаннан асқан қарт зейнеткер Б. Мұстафин, қайраткер-жазушы     Ш. Мұртаза және басқа да елге танымал азаматтар сөз сөйлеп, Қайратжанның имандылыққа үндеген бұл игілікті ісіне алғыс жаудырды. Соңында Хамза қажы бата берді. Бата болғанда қандай, егілтіп, төгілтіп, арғы-бергіні қозғап, кешегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырлардың ерен ерлігін, ел бірлігін сақтаудағы құдіретті істерін, оны жалғастырып жатқан бүгінгі ұрпаққа айтар ғибрат, ақыл, өсиетті ақ батамен, ақжарылқап тілекпен жеткізгенде жиылған дүйім жұрт сілтідей тынды.
Рәсім біткеннен кейін бүкіл ел жапырлап, Хамза ағаның қолын қысып, рахметін жаудырып, шапағатты батасына ризашылықтарын білдірді. Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрпақтарының тебіренгендері сонша, құндыз бөрікті, әдемі де көрікті еңсесі биік Хамза ағамызды бірінен соң бірі арнайы қонаққа шақырды.
– Пейілдеріңе рахмет. Алтай, Қарпықтың аруағынан айналайын, Арқа жерінде 40 жылдан артық қызмет жасадым, өз ұлдарынан артық қадір тұтты, сыйлап қастерледі, әлі күнге дейін төбесіне көтереді. Бүгін қайтып барамын, жолға билет алып қойып едім. Қанжығалы Бөгенбай батыр біртуар ірі батыр еді, оның ұрпақтарының да ірі, кесек мінезін көріп риза болдым, нұр жаусын! – деді ол көңілденіп.
***
Сол жылдары Қадір түнінде  Астанада болып, кешке орталық мешітке бардым. Сол жерде Төлеген қажыны кездестіріп, екеуміз ең алдымен Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне, одан кейін Қанжығалы Бөгенбай мешітіне бардық. Түн жарымы ауса да мешітке жиналған қауым дін-ислам жайлы әңгіме өткізіп отыр екен.
Бәрі жапатармағай амандасып: 
– Хамза қажының жағдайы қалай? Сол қасиетті абыз атамыздың батасынан қуат алып, ақ тілегі құт болып, міне, дін аман жүріп жатырмыз. Сәлем айтыңыз, – деп Хамзекеңді сұрап, ыстық пейілдерін білдіріп жатты. 
Ата сөзі – бата сөзі. Ақылдыдан даналық шығады, ақымақтан  балалық шығады. Хамза ағамды Қадір түні сонау Астанадағы таныс-бейтаныстың бәрі сұрап, кісілігін, адамгершілігін, ақын-жыраулығын, батагөйлігін аңыз ғып айтып жатты.
Абыз ағам ел аузында, жұрт көңілінде аңыз болып қалыпты.
***
Бір күні Қарасай батырдың қара босағасын ұстап отырған Асқар бауырымыз Шамалғанда құдайы тамаққа үйіне шақырды.
Қақ төрден орын алған Хамза аға бата беріп, әңгіме айтып, бүкіл қазақты бірлікке шақырған Сүйінбай өлеңдерінен төгіп-төгіп айтып, екі-үш сағат ел-жұртты аузына қаратты. Әдемі отырыс, ғибратты әңгіме!
Соңына таман Хамзекеңмен қатар отырған 75-ке келген қария сөз сұрап, таяғына сүйеніп түрегелді де:
– Хамзеке, кезінде сізге тілім тиіп кетіп еді. Ағайынға өкпе жарасқан, үш жас үлкенсіз. Сізден мына қасиетті шаңырақта кешірім сұраймын! – деді. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы бұл дүниеден өткенше» деген бұрынғы аталарымыз. Менде өкпе жоқ, бәрі бауыр. Сендердің әрқайсың бір-бір тау, бір-бір шың, әркімнің көңілі аспанда. Таулардың басы бөлек болғанымен бауыры бірге. Мен кешірдім, бауырым. Сенің ел-жұрт алдында, мына қасиетті шаңырақта кешірім сұрағаныңның өзі нағыз кісілік, – деді сонда Хамза аға. Інісі Хамзекеңді құшақтап бетінен сүйді, екі қарттың көздеріне де меймілдеген жас толып қалыпты. 
***
Көпен Әмірбековтың құрастыруымен 2005 жылы «Хамза қажы» атты кітабы шықты.  
2008 жылы Абай атындағы опера және балет театрында Хамза Екейбаевтың 80 жылдығына арналған  республикалық термешілер байқауы өтті, термеші Мақпал Тоқтағанова осы байқауда бас жүлдеге ие болды. 
Орысбай Әбілдаұлы  Хамза ағасы жайлы мөлдіретіп дастан жазды. 
Енді Хамза қажы Екейбаевтың туғанына 90 жыл толуына байланысты Хамза аға туралы телефильмдер түсіру, таспаға жаздыру, Хамза қажы Екейбаев атына көше беру және басқа да келелі жұмыстар күтіп тұр. 
Қайран  біздің елдің қасиетті қариялары-ай!
Иә, Хамза қажы Екейбаев жөнінде, ол кісінің парасаттылығы, жоғары имани – адамгершілік қасиеті жөнінде көп, өте көп айтуға болады.
Алдымыздағы асқар таулар, шалқаласам алқара көк аспаным, бағдаршам – алтын жұлдыздарым – ел ақсақалы Хамза аға, Сіз  мәңгі біздің көз алдымызда, ұмытылмайсыз! 
Арқамызды сүйейтін, алдарыңызға баратын, ақыл сұрайтын, еркелеп інілік наз айтатын ағаларым – алтын көмбе – қазынам барда менен өткен жаны бай, менен өткен бақытты жан бар ма екен?
Қасиетті Алатаудың бауырынан талай талант түлеп ұшқан, оның асқақ шыңдарынан өр мінез дарыса, тамылжыған табиғатына байланысты-ау. 
Асыл азамат Хамза қажы Тілеубайұлы Екейбаев ауыр науқастан 2005 жылы қайтыс болды.  
Алатаудың інісіндей Үшқоңырда дүниеге келген Хамза аға туралы, о кісінің игі істері туралы қанша жазсаң да қаламың мұқалмай, қайта ұшқырлана түсетіні сөзсіз. 
Өмірдегі өз орнын тауып, халқының ортасында көппен сыйласып өтетін азаматтар Хамза ағамыздай болса, не арман бар?! Ол – ел құрметіне бөленген, халық есінде мәңгі қалатын асыл тұлға. 
 
Нағашыбек  ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы