ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН

Уақыты: 06.04.2018
Оқылды: 2304
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Халық әуенінде адам бойына жан бітіріп, ішкі толғаныстарын тудыратын үлкен құбылыс бар. Құдды жер ғаламшарының магнитті өрісі тәрізді. Өзіне қарай тартады да тұрады. Содан болар, қала тұрғындары қоңыр әуенге әуес. Дала сарынын сағынған кезде бірден облыстық Сүйінбай атындағы филармонияға бас сұғады. Киелі шаңырақтың қашанда есігі ашық. Табалдырығынан аттаған сәтте ескі заманның есті сазы құлағыңа келетіндей.

 

   Аталмыш өнер ордасының 1973 жылы іргесі қаланды. Содан бері жеткен жетістіктері, бағындырған белестері көл-көсір. Жарты ғасырға жуық уақыт аралығында небір дүлдүл жыршы-термешілер, күміскөмей әншілер, дәулескер күйшілер, саңлақ бишілер шыңдалып, өнер биігінен көрінді. 
   Қазақ өнерінің майталмандарының ізі қалған үлкен ұжымға 1990 жылы жырдың бәйтерегі атанған Сүйінбай ақынның есімі берілді. 2001 жылы облыс орталығы Талдықорған қаласына ауыстырылуына орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына ойысты. Сол уақыттан бері филармония әртістерінің есімдері Жетісу жеріне ғана емес, республикамызға, тіптен алыс-жақын шетелдерге кеңінен танылып үлгерді. Қазіргі таңда қандай да биікке көтеріліп, абырой мен құрметке  кенеліп жатса, бұл – ұжым еңбегінің жемісі. 
   Мұнда ұлттық және әлемдік музыканың сырын ашып, құпиясын зерттеген небір өнер иелері басшылықта болды. Атап айтсақ, көштің басында КСРО-ның еңбек сіңірген  қайраткер Л. Семенов, Г. Шапошников, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ғабиден  Тұяқаев, ҚР халық әртісі Алтынбек  Қоразбаев сынды ел ықыласына бөленген ұлттық өнеріміздің хас шеберлері тұр. Осында көшіп келген соң ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Мәндіпов басқарса, одан кейін композитор Самат Мәлімбай және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов пен шығармалары шетелді шарлаған кәсіби композитор Артық Тоқсанбаев басшылық етті. 
   Филармонияның киелі шаңырағында ел мақтанышына айналған күміскөмей, жезтаңдай әншілер еңбек еткен. Мұның өзі осынау өнер ордасының атағын асқақтатып, абыройын асырып тұрғандай. Қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина  Ералиева, Арқаның сазды әуеніне салса арқаланып кететін Қайрат Байбосынов, Нағима  Есқалиева, мақпал үнді Мақпал Жүнісова, ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, цирк өнерінің хас шеберлері Балтабек, Раиса Кенжеғұловтар осы филармонияның тарихында мәңгі қалатын ұлт мақтаныштары. Ал Кенжегүл  Сыздықова, Ақжол  Мейірбеков, Әли  Ісмаилов, Тойған  Ізім, Үсен Мақанов, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Бақтияр  Тайлақбаев, Болат  Құсайынов, Бақыт  Шадаева, Жанар  Айжанова, Мұратбек Жүнісбеков сынды қазақ ән-би өнерінің саңлақтары осы шаңырақта жүріп елге танымал болды. 
   Қазіргі таңда филармонияға ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі композитор Данияр Құрамысов басшылық етеді. Өнер ұжымында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Әли Алпысбаевтың бас дирижерлығымен М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, “Алтынай” мемлекеттік халық биі ансамблі, эстрада-үрлемелі аспаптар оркестрі, “Сазген”, “Адырна” фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, “Қобыз сарыны” квартеті, жеке дауыстағы әншілер, «Жерұйық» тобы, дыбыс жазу студиялары халқымыздың мәдениетінің өрістеуіне зор үлес қосып келеді. Ұлттық өнердің жанашыры облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен өткен жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде «Жетісу керуені» жобасы жыл бойы өңіріміздің түкпір-түкпіріне тегін концерттер ұйымдастырды. Сонымен қатар «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасына сай белгілі композитор Өмірсерік Арапов, «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Тұрсынхан Қарақожаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бақберген Асқарбеков пен Дәнеш Рақышевтің төл шәкірті Абылай Қармысов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Әбенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Өмірқұл Айниязов  және республикалық байқаулардың лауреаты Әбілтай Есенгелдинов пен Сая Есенгелдинова ауыл жұртын әнге бөлеп қайтты. Сондай-ақ, әлем назарын өзіне аудартқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне де облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев бастаған мәдениет саңлақтарымен бірге филармония ұжымы да  белсене атсалысты. Былтыр маусымашар концерті  алашордалықтардың 100 жылдығына арналып, сахна төрінде арыстарының бейнелері сомдалды.
    ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлмира Смағұлова жетекшілік ететін «Алтынай» МХБ ансамблі Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері атанса,  жыл соңында дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Мен қазақпын» халықаралық мега-жобасының бас жүлдесін жеңіп алды. Телеарнаның «Жаңа жылға жаңа ән» атты тағы бір жобасында менің сөзіме жазылған Серік Сыздықовтың «Думанды елім» әнін Мәншүк Тұрсынғазина қазақ еліне тарту етті.
   Әртістік шеберлігімен көпшілікті тәнті еткен Гүлзия Байбосынованың жинақтауымен осы  ұжымда аянбай еңбек еткен, дүниеден озған және көзі тірі өнер ардагерлері жайлы кітап жазылу үстінде. Сондай-ақ, аймақтан шақырылатын мәдениет саласының жас мамандары үшін жатақхана дайындалуда. Алла бұйыртса биыл берілетін жаңа ғимаратқа  көшетін сәтті асыға күтудеміз. 
   Сонымен бірге жақында ғана Ұлыстың ұлы күнін берекелі ұжым жоғары деңгейде атап өтті. Ынтымағы жарасқан өнердің кіл жүйріктері күмбірлете күй төгіп, әсем әнмен әспеттеді. Шара барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев құттықтау сөз сөйлеп, филармония әншісі Ләззат Жанаманованың қаз-қаз басқан бүлдіршінінің тұсауын кесті. Мерекеге арнайы шақыртумен келген қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев тілегін арнап, ардагер өнерпаз Таңатар Алшабек ақ батасын берді. Өнер саласының жігіттері аспапта ғана емес, жүйріктің құлағында ойнайтынын дәлелдеді. Гір көтеріп, арқан тартысты. Ал қыздар жағы наурызкөже әзірлеп, келген қонақтарға қызмет көрсетті. Бұлда болса облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның дәстүрге бай, салтқа берік екенін аңғартады.
   «Өнер – таусылмас қазына, сарқылмас байлық» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Бұл өнер ордасынан әлі де аларымыз көп. Дәстүрін жаңғыртып, дала сазын аспан көгінде қалықтатқан дарындылардың шоғыры іспетті. Жастардың да жүрегіне сәуле шашып келеді. Көңілі күйлі, рухы биік осындай таланттар тұрғанда қазақ өнері ешқашанда өлмесі анық. 


Жангелді НЕМЕРЕБАЕВ,
облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның музыкалық редакторы, ақын