ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК...

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1279
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жарық ғаламда жарқын бейнесі, жақсы ісі көңілден кетпейтін, санадан өшпейтін, күн сайын тұлғаланып биіктей беретін айрықша жандар болады. Міне, сондай асыл азаматтардың бірі – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері», еңбек ардагері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Кеңесбек Молдабаев еді. Өкінішке қарай,  2018 жылдың 10 қазанында ауыр науқастан 81 жасқа қараған шағында көкірегі кең сарайдай қазына қария дүниеден өтті. Ұлағатты ұстаздың арамыздан кеткеніне де қырық күн толуда.

Кеңесбек аға 1937 жылы Кеген ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. Биология пәнінің мұғалімі және агроном мамандықтарын меңгерген соң еңбек жолын туған ауылында бастап, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, Пионерлер үйінің директоры қызметтерін атқарды. Аудандық партия комитетінің ұсынысы мен аудандық оқу бөлімінің ұйғарымы бойынша ауданның бірнеше мектебінде оқу-тәрбие жұмыстарын  ұйымдастыруға бар білімін, қабілет-қарымын, күш-қуатын жұмсады. Сондай жанкешті еңбегінің арқасында Жылысай, Қарабұлақ, Ақсай, Ыдырыс Көшкінов, Айтжан Түркебаев, Ұзақ Бағаев атындағы орта білім шаңырақтарында  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарған болатын. 1994-2006 жылдар аралығында Алматы қаласындағы №43 орта мектепте ұстаздығын жалғастырып,  зейнетке шықты. 
Ол оқу-тәрбие ісін жете меңгеріп, оқу процесін жоғары дәрежеде ұйымдастыра білетін жан-жақты маман болды. Биология пәнінің мұғалімі ретінде педагогикалық әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білетін терең білімді ұстаздық талантымен ерекшеленетін.  «Жетілдірілген бағдарлама бойынша сабақты кабинеттік жүйеде өткізудің тиімділігін арттыру» тақырыбындағы озық тәжірибесі үлгі ретінде таратылды. Республикалық деңгейдегі педагогикалық оқуларға белсенді қатысып, тәжірибесімен бөлісті, еңбектері республикалық педагогикалық газет-журналдарда жарияланып, жоғары баға мен лайықты марапаттарға ие болды. Бірнеше мәрте білім жетілдіру курсынан өтіп, әрдайым шаршамай-талмай ізденіп отырды. Абай атындағы педагогикалық институт жанындағы мектеп директорларын даярлайтын курсты тамамдап, мектеп басқару шеберлігін жетілдірді. Мұғалімдер білімін аттестациялау жөніндегі аудандық, облыстық, қалалық  байқаулардан абыроймен өтіп, үнемі жоғары санатты ұстазға лайықты біліктілігін көрсетуде басқа әріптестеріне өнеге бола білді. 
Кеңесбек Молдабайұлы оқу-тәрбие ісін ұйымдастыру, мектеп басқару, ұстаздық еңбегімен ғана шектеліп қалмай,  биік азаматтық ұстанымымен аудан өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсенді атсалысатын. Қоғамдық тәртіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты дамыту сияқты әлеуметтік маңызы бар шаралардың ұдайы  басы-қасынан табылатын.
Халықтық бақылау тобының мүшесі, ішкі істер бөлімінің штаттан тыс қызметкері, аудандық партия комитетінің  үгітшісі, облыстық оқу бөлімінің штаттан тыс инспекторы, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдардың штаттан тыс тілшісі, белсенді авторы да болып тынымсыз шаруа тындыратын ағамыз. Бұл ретте сол кездегі республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан мектебі», «Қазақстан әйелдері», облыстық «Жетісу», аудандық «Коммунизм нұры» сияқты газеттер мен журналдарда жүзден аса мақаласы мен очерктерінің жарияланғаны тілге тиек. Аталған басылымдарда оқу-тәрбие мәселесі, ауылдың тыныс-тіршілігі, замандастары, еңбек адамдары туралы мақалалар жазып, мәдениет, спорт тақырыптарын да назарынан тыс қалдырмайтын. Сол сияқты облыстық оқу басқармасының арнаулы  бригадасымен Нарынқол, Кеген, Балқаш аудандарының мектептерін тексеру, өзара тәжірибе алмасу шараларына қатысып жүретін де Кенекең болатын. Еліне елеулі, халқына қалаулы жанның ұзақ жылғы еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Әр жылдары медальдармен, аудандық, облыстық білім бөлімдері мен басқармасының Мақтау қағаздарымен марапатталуы – осы сөзіміздің айғағы. 
Өмірлік жары, «Алтын алқа» иегері Башан Алмасбекқызы екеуі 8 баланы тәрбиелеп-өсірген ұлағатты ұстаздар, өнегелі отбасы ретінде ауданға, облысқа танымал. Отбасылық құндылықтарды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының (2017 ж.) Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша жеңімпаздары атанғаны да күні кеше еді. 
Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, сан мыңдаған шәкіртті үлкен өмір жолына қанаттандырып ұшырған, олардың жүрегінде  ізгіліктің өшпес шырағын жаққан аяулы ұстаз Кеңесбек ағаның жарқын бейнесі еш уақытта ұмытылмақ емес.

Есей Жеңісұлы,
спорт журналисі