АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СЕГІЗ БАСҚАРМАНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕКПЕ САЛДЫРДЫ

Уақыты: 14.04.2021
Оқылды: 755
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр көшесі, №27 ғимаратта орналасқан сегіз басқарманың қызметкерлері індетке қарсы екпе қабылдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

№2 емхананың қызметкерлері ғимаратқа арнайы барып, екпе егу жұмысын жүргізді. Арнайы термоконтейнерде жеткізілген «Спутник-V» вакцинасы осы жылдың қыркүйек айына дейін жарамды.

Медбике Бәтима Алипованың айтуынша, бір құтыдағы вакцина бес адамға салынады. Қазір жүз адамға жететін вакцина әкелінген. Барлығы «Спутник -V» Ресей мемлекетінің вакцинасы. Қабылдаушылар ең бірінші екпені өз еркіммен аламын деген арнайы анкетаны толтырады. Онда арнайы кері әсер ететін аурулардың түрлері жазылған. Егерде екпе қабылдаушыда сырқаттары болса, оған екпе егілмейді. Барлығы дұрыс болған жағдайда арнайы анкетаны толтырып, екпені қабылдайды.

Бұл жұмыстарды медбике Альфия Әмірханқызы жіті бақылап, анкетаны толтыртып тұрды. Осы ретте терапевт Гүлвира Нұрсапанова екпеге жібермес бұрын қабылдаушының қан қысымы мен дене қызуын өлшеп, нормаға сәйкестігін қадағалайды. Медбике Бәтима Алипова келген мекеме қызметкерлеріне екпе жасап, арнайы тосу бөлмесіне бағыттайды. Вакцина қабылдап біткен бойда жарты сағат дәрігердің қарауында болады. Қандай да бір кері әсер еткен болса, дәрігер қауіптің алдын алуға кіріседі. Бұл күні өз еркімен келіп екпе алушылардың қатары көп болды. 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды