БАЛАҢЫЗ ТҰТЫҒЫП СӨЙЛЕСЕ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ЕКІ МАМАННЫҢ ЖАУАБЫ

Уақыты: 16.04.2021
Оқылды: 2149
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұтығу – сөйлеу барысында адамдардың сөздерді буынға бөліп, үзіп-үзіп айтуы. Тіл кемістігі салдарынан тұтық адам өз ойын жеткізу барысында қиналып сөйлейді. Сөйлеу мүшелері бұлшық еттерінің тарылу салдарынан ырғақ пен жылдамдық бұзылып, тіл кемістігіне әкеліп соғады.

Тұтығу процесі сөйлеу барысында сөздердің басында, ортасында, аяғында да болуы мүмкін. Кейде бір тіркеске келіп, тоқтап қалатын жандар болады. Бұл жағдайда баланы қинап, одан әрі сөйлеуге мәжбүрлемеген жөн.

Тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндер отбасында ұрыс-жанжалдың куәгері болып, іштен тынып, жүйкесіне әсер еткен жағдайда сөйлеу барысында кекештеніп, тұтығып қалуы мүмкін. Тұтыға сөйлеу, баланың енді сөйлей бастағанда бірнеше тілді қатар меңгеруі әсерінен де орын алып  жатады. Отбасы мүшелерінің аралас тілде сөйлеуі, теледидар, ғаламтордан түрлі дыбыстардың біте қайнаса берілуі салдарынан миға көп ақпарат түсіп, бүлдіршін өз ойын жеткізу барысында кедергілерге тап болуы мүмкін.

Әке-шешесі тұтығып сөйлеген балалар да бұл кеселге жақын болады. Бұл туабітті пайда болмайды, дегенмен, сөзді есту қабілеті, оны қабылдау және еліктеу салдарынан дағдыға айналып кетуі мүмкін. Көбіне тұтығу кеселіне ұшыраған балалар қоғамда, көпшілік алдында қысылып, біреу мазақ етеді деген түсінікпен айналаға күдікпен қарайды. Нәтижесінде бұлшық еттері жиі- жиі тартылып, тұтығу асқына береді. Бұл олардың бойындағы сенімсіздік пен ашушаңдықты тудырып, өздерін кем санауға итермелейді.

«Баланың тұтықпаны түзетуге деген қызығушылығын ояту үшін, оны өзін еркін ұстап, тұтықпасына немқұрайды қарайтын және керісінше тұтықпаны түзетуге бар ынтасын салған үлгі тұтарлықтай адамдар ортасымен араластыру қажет», – деп А. Сикорский айтқандай, өздеріне деген сенімділіктің сезімін нығайту өте қажет екендігін айтқым келеді. Баланың ерік-жігерін ояту, оған қолдау көрсету, қамқор болу ата-ана тарапынан да, ұстаздар қауыммен де қатар жүргізілуі тиіс.

Тұтығу – органикалық емес, функционалдық кесел болғандықтан, дәрігерлердің айтуынша оны емдеуге болады. Тек оған үлкен сенім мен шыдамдылық қажет. Дұрыс тыныс алуды дағдыландырып, баяу сөйлеуге тырысқан жөн. Сонда ғана тұтығуды жеңуге болады.

Дефектология саласында талай жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқан маман ретінде сіздерге айтарымыз, баланың бойында қандай да бір тұтығу, кекештену процесі орын алса, оған бей-жай қарамағандарыңыз абзал. Дер кезінде маман көмегіне жүгініп, арнайы жаттығулар, тиісті шараларды қолға алу қажет. Еліміздің ертеңі, болашақтың іргесін қалайтын дені сау бүлдіршіндеріміз көп болсын!

Адия БАТЫРБАЕВА,

Еркін ауылдық округіндегі шағын орталығы бар №26 орта мектептің педагог-дефектологы

Мадина СЕРІКЖАН,

логопед-маман

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды