Жетісу облысында өткен 9 айда онкологиялық сырқат белгісі бар 6 685 адам тіркеуге алынған. Оның ішінде 1 мыңға жуық науқастан қатерлі ісік анықталып отыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Өкінішке қарай, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл онкологиялық тіркеуге алынған науқастардың саны 4,2 пайызға көбейген. Анықталған қатерлі дерттің белгілері адамдардың жоспарлы скринингтен өту кезінде білінген. Дәрігерлердің дерегі бойынша науқастар онкологияның сүт безі, жатыр мойыны және асқазанның қатерлі ісігі сияқты ауыр түріне жиі шалдығады екен.
- Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау дертті емдеудегі маңызды қадамдардың бірі. Оның жолы дәрігерге дер кезінде қаралып, жоспарлы скринингтен өтіп тұру екенін естен шығармауымыз керек. Жыл басынан бері облыстағы скринингтік жоспардың орындалуы 81,7 пайызды құрады. Нәтижесінде жатыр мойны обырына шалдыққан 12 адам, сүт безі обырының белгісі бар 32 науқас анықталды. Бұл жағдайда ерте ем қабылдауға мүмкіндік бар, дерттен құлан- таза айығуға да үміт зор. Әсіресе, сүт безінің қатерлі ісігі әйелдерде жиі кездеседі. Тіркеудегі онкологиялық аурулардың 16 пайызын құрайды. Сондықтан 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безінің қатерлі ісігін анықтайтын скринингтен міндетті түрде өтуі керек. Жыл басынан бері бізде 30 мыңға жуық әйел тексеріліп, 4829 науқастан ісік белгілері анықталды. Өкініштісі, аурудың қатерлі ағымы 32 әйелден расталды, - дейді Жетісу облыстық көпсалалы емханасы директорының орынбасары Гүлайым Оразбекова.
Дереккөз: Kazinform.
Фото: ғаламтордан алынды