Қатерлі ісік өршіп тұр

Уақыты: 19.11.2023
Оқылды: 867
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық көпсалалы клиника директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Гүләйім Оразбекова жыл санап қатерлі ісікке шалдығушылар санының өсіп, жасарып бара жатқанын айтты. Өткен жылы облыста аты жаман сырқатпен 649 адам сырқаттанған болса, биыл қатерлі кеселге шалдығушылар саны 1005-ке жеткен.

Дәрігердің айтуынша, сүт безі рагіне шалдығушылар саны соңғы жылдары күрт өсіп барады. Қатерлі ісікпен сырқаттану көрсеткіші бойынша екінші орында жатыр мойны ісігі тұр. Ал үшінші орында асқазан қатерлі ісігі тіркелген.

Денсаулық сақтау саласы мамандары дерттің алдын алуға байланысты жиі  тексеру жүргізуінің  нәтижесінде қатерлі ісікті  алғашқы сатысында анықтауға қол жеткізген. Гүләйім Естайқызы аурудың алдын алуға байланысты онкологиялық көпсалалы  ауруханада Ашық есік күні жиі ұйымдастырылатынын айтады. Сондай-ақ, интернет сайттарда, телеарналарда дерттің алдын алуға қатысты қысқа бейнероликтер жиі көрсетілетінін айтты. Ондай бейнекөрсетілімдер адамдардың сауаттылығын арттырып, дәрігерге уақытында тексерілуді үйретеді. Тұрғындардың  халық еміне емес, бірден мемлекеттік медициналық мекемелерге келуін сұраған дәрігер бүгінде ауруханаларда тексеруге арналған аппараттардың жеткілікті екенін айтты.

– Әртүрлі шөппен емделеміз деп уақыт өткізіп алатындар бар. Арнайы аппаратпен тексерілмеген жан өзіне ем қонып жатқан жатпағанын, сырқат қай сатыда екенін анықтай алмайды. Кейбір адамдар өздерінің қателескенін кеш түсініп, дәрігерге асқынған кезде келеді. Тіркелмесе сырқаты асқынған кезде тыныштандыратын дәріні де ала алмай жатады. Сондықтан уақытымен тексеріліп, сырқаттың алдын алған жөн, – дейді дәрігер.

Брифингтің екінші бөлімінде журналистер спикерге сұрақ қойды. Сауалдарға жауап берген Гүләйім Естайқызы кез келген  кеселді уақытында емдеу керек екеніне тоқталып, әлсіреген ағза қатерлі дерттің өршіп кетуіне жол ашатынын жеткізді. Әлемді алаңдатып отырған дертпен күрес жан-жақты жүргізілуде. Дегенмен денсаулығын күтуге әркім мән беруі керек.

Гүлжан Тұрсын