"ТОЙҒА БАРҒАН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ АДАМНАН ВИРУС ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1036
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирус диагнозымен тағы 2 адам тіркелді. Олар Алматы іргесіндегі Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында анықталды. Облыста вирус жұқтырғандар саны 6-ға жетті.

Бірінші жағдайда Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында тұратын 41 жастағы әйелдің вирус жұқтырғаны нақтыланып, Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Оған қоса онымен қарым-қатынаста болған 6 адам, соның ішінде, азаматшаның күйеуі мен 2020 жылы туған сәбиі карантинге алынды.

Екінші жағдай бойынша 1960 жылы туған науқас ағайын-туысымен Өзбекстанға үйлену тойына шағын автобуспен барған. 14 адамның Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп, Есік қаласына келгені туралы мәліметтерді Түркістан облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық мамандар хабарлаған. Облысқа келген бетте олар провизорлық стационарға жатқызылған. Соның ішінде, аталмыш 1960 жылы туған әйелден вирус анықталып, қазір ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды, ал қарым-қатынаста болған өзгелері карантинде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды