"СЕНБЕЙМІЗ!" АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІР ӘЙЕЛ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕМ ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТТЫ

Уақыты: 11.05.2020
Оқылды: 3537
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасында қауіпті індет белгісімен жатқызылған әйел адам ем-дом қабылдаудан бас тартып, қарсылық білдірді. Осыған байланысты пациенттің бейнематериалдарын журналист Гүлмира Абықай әлеуметтік желіге жүктеді.

Онда әйел адамның үш баламен ешқандай қорғаныш құралдарынсыз Есік қаласына "Жедел жәрдем" көлігімен жеткізілгені түсірілген. Олар - Кеген ауылының тұрғындары. Жергілікті дәрігерлер талдау нәтижелерін қарап, қауіпті індет белгілерін байқап, Есік қаласына ем алуға жөнелткен.

"Мен Тұрсынова Динара Шыңғысқызы және сіңлім, үш балалы ана, COVID-19 деген диагнозбен Кеген ауылынан Есік қаласының ауруханасына 6 мамыр күні әкеліп тастады. 7-сі күні таңертең кезекші дәрігер келіп, бізге дәрі ішуімізді өтінді. Біз қарсылығымызды білдірдік. "Кім мұны берді, не үшін берді?" - десек: "Бұл бас дәрігердің жазып берген емі", - деді. Сонда бұл қалай? Бізден анализ алмай жатып қалай ем-дом қабылдайды? Бүгін жатқанымызға төртінші күн болды. Әлі анализ тапсыра алмадық. Бас дәрігер әлі келмеді. Өйткені, мейрамға байланысты зертхана мен бас дәрігер дүйсенбіге дейін демалады деп айтты. Біз коронавируспен ауыратынымызға сенбейміз. Бізде ондай симптом жоқ. Басымыз ауырмайды. Жөтелмейміз және "одтышка" жоқ. Көмектесіңіздер бізге. Бұл не сұмдық?!" - дейді ем алуға қарсылық білдірген әйел.

Бейнематериалда әйел адам осындай түсініспеушіліктерге байланысты көмек сұрайды. Даулы мәселеге байланысты Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел пікір білдіріп, коронавирус індеті бірден анық байқалмайтынын, қарсылық білдірген әйел өзімен бірге балалардың да денсаулығына қауіп төндіріп отырғанын айтып, желіге жазба қалдырды.

"Қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы. - 6 мамыр күні Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханаға Кеген ауданынан түскен пациент тұрғылықты жері бойынша COVID-19 анализ тапсырған. Ауру белгілері анық байқалмағанмен анализ қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің тапсырған анализ қорытындысы да оң нәтиже көрсеткен. Кейбір пациенттерде COVID-19 белгілері анық байқалмайды. Инфекциялық ауруханада емделушілерге тек инфекционист дәрігер ғана тексеру жүргізеді. Қазір пациент балаларымен бірге Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасында. Балалардың анасы алгоритмге сай ем қабылдаудан бас тартып, тәртіп бұзуда. Осы арқылы өзіне және балаларының денсаулығына қауіп төндіріп отыр".

Осыған байланысты бірнеше сағат өткеннен кейін Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасының әкімшілігі де түсініктеме беріп, Тұрсынова Динараның жолдаған бейнеүндеуіне қатысты келесі ақпаратты ұсынды:

"Осы жылдың 6 мамыры күні Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасына Кеген ауданынан түскен пациент тұрғылықты жері бойынша COVID-19 диагнозын анықтау мақсатында анализ тапсырған. Ауру белгілері анық байқалмағанымен анализ қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Пациентпен қатар отбасы мүшелерінің де тапсырған анализ қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Ескерте кететін жайт COVID-19 диагнозының симптом белгілері байқалмайтын кезеңдері болатындығын ғалымдар дәлелдеген, бұл жағдайда да пациенттерде COVID-19 белгілері симптомсыз, қатты асқынусыз өтуде. Сонымен қатар, емделетін науқастарды арнайы мамандар қарайды, Динара және балаларына инфекционист дәрігер емдеу шараларын алгоритмге сәйкес, бекітілген медициналық хаттамаларға және денсаулық жағдайына байланысты тағайындалған. Бекітілген емдеу хаттамасына сәйкес пациент диагнозы анықталғаннан кейін 14 күн дәрігерлер бақылауында болуы керек, ПЦР анализі 15 күні қосымша жүргізіледі.

Ем қабылдау шараларының кезеңінен кейін қайтадан анализ алынады, егер ауру белгілері оң нәтиже бермесе, пациенттер үйіне қайтарылады, анализ қорытындысы оң нәтиже көрсетсе емдеу шаралары жалғастырылады.

Гүлмира Әбіқай, сізден танымал журналист ретінде аурухананың медицина қауымы атынан өтінеріміз, тек тексерілген анық ақпаратты жариялау, себебі, қазіргі кезеңде анық-қанығы анықталмаған ақпараттар көп таралуда. Сіздің анықталған ақпаратты жариялауыңыз қоғам арасында түсіністік тудырары сөзсіз.

Медицина мамандарының басты мақсаты емдеу, ауруханаға түскен әрбір науқасқа емдеу шараларын дер кезінде жүргізу. Қазіргі сын сағаты кезеңінде қолдау мен төзімділік керек, тек бірліктің арқасында ауыр ауруды жеңеміз", - делінген аурухана берген ақпаратта.

Әлеуметтік желіде жарияланған бұл ақпаратқа Гүлмира Абықай: "Толық, шұғыл жауапқа рахмет!!! Шырылдап жіберген жанайқай болған соң, желіге салдым. Егер пациент КВИ расталған аурулармен араласқан болса, әрине, жалпы ем алгоритіміне бағынуы тиіс! Біз біргеміз!" - деп жазды.

Айта кетейік, Кеген ауданында коронавирус жұқтырған науқастардың саны жиырмадан асқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"