"ОЙЛАУДЫҢ ӨЗІ ҚОРҚЫНЫШТЫ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ КОРОНАВИРУСҚА БАЙЛАНЫСТЫ ШҰҒЫЛ ШАРАЛАРДЫ БАЯНДАДЫ

Уақыты: 27.05.2020
Оқылды: 1013
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйіндегі «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында коронавирустық жұқпаның таралуына байланысты «Алматы облысындағы шектеу шаралары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Спикер – Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Журналистер алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы коронавирус жұқпасына шалдыққандарды емдеу барысындағы жай-жапсарға кеңінен тоқталды.

– Қытай елінен коронавирус шықты дегенді естісімен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы акционерлік қоғамын тездетіп жаптық. Адамдардың ары-бері өтуіне шектеу қойдық. Одан бөлек «Достық» кеденінде де барыс-келіс азайтылды. Облысқа қарасты қалалар мен аудандарға кіріп-шығу шектетілді. Барлық көлік зарарсыздандырылды. Міне, соның арқасында облысымызға жұқпа кіретін жолдар бақылауға алынды. Нәтижесінде, Талдықорған аймағы кейінгі кезге дейін кеселден таза тұрды. Аталмыш шараларды жасамағанда осы күнге дейін жағдайымыздың не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Ол журналистер алдындағы сөзінде Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғынынан жұқпа шыққанда атқарылған шараларға тоқталды. Үй бірден карантинге жабылып, соның нәтижесінде індет ауыздықталған. Бүгінде облыста жағдай біраз тұрақталды. Ауылшаруашылық құрылымдары толыққанды жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 1 млн.гектар жерге астық сеуіп, күтіп-баптауда.

Амандық Ғаббасұлы карантиндік жағдайдың, әсіресе, орта және шағын кәсіпорындарға қиындық тудырғанын айтты. Олар сауда орындары мен тұрғындарға қызмет көрсететін шағын бизнес мекемелері. Мысалы, шаштараз, техникалық жөндеу орындары, көлік жуу сынды жұмыс орындары.

– Алматының маңындағы «Алтын орда» базарын жабуға тура келді. Өйткені, оған сырттан келушілер көп еді, – деді Амандық Ғаббасұлы коронавирустың таралуын тоқтату барысындағы жұмыстар жайлы ақпарат бере келіп.

Баспасөз конференциясында күн жылығанда ішкі туризмнің жұмысына рұқсат етілетіндігі айтылды. – Былтыр Алакөлге сырттан келушілер- мен қатар өзіміздің тұрғындар да көптеп барды. Биыл Алакөлге баратын жол жоғары қарқынмен жасалуда. Біраз жері пайдалануға дайын. Ауа температурасы көтерілген соң суға түсу маусымын ашамыз. Нұр–Сұлтан қаласы мен Алматы қаласынан тұрақты рейс бойынша ұшақ қатынайтын болады, – деді аймақ басшысы ішкі туризмнің халыққа барынша қызмет көрсететінін айтып.

Журналистер облыс басшысынан «Жол картасы» жұмыспен қамту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталуды сұраған еді. Бұл орайда спикер республикалық бюджеттен жұмыспен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын ашу барысында 109,2 млрд.теңге бөлінгенін айтты.

Нәтижесінде, 23 мың адам жұмыспен қамтылып, 2 мың адам тұрақты жұмыс орнын табады. Кездесу барысында Амандық Ғаббасұлы балабақшалардың жұмысы, сауда орындарындағы тәртіп, тойханалардың әзірше тоқтай тұратындығы жайлы ескертті. Бүгінде Талғар, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласында күшейтілген карантиндік жүйе сақталуда. Себебі, аталмыш аумақтарда жұқпа әлі де азаймай тұр. Барлығымыз бірауыздан сабыр мен тәртіпке бағынсақ індетті ауыздықтайтынымыз сөзсіз.

– Төзімділік танытайық. Адамдар жан-жағындағы ел-жұрттың, туған-туыстың амандығын ойлағаны дұрыс. Бәрінен де денсаулық керек. Әсіресе, автобустарда, адамдар көп жүретін жерлерде міндетті түрде бетперде тағыңыздар, – деді ол.

Коронавирусты анықтайтын зертханаларды заманауи құрылғылармен қамту шаралары да жүргізілуде. Жақында Талдықорғаннан облыс бойынша жеті талдау мекемесі ашылып, жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде іске қосылмақшы.

Баспасөз конференциясында спикер халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету барысында атқарылып жатқан шаралар төңірегінде кеңейте айтты. Бұл орайда «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы наубайханаларға арзан ұн тасымалдау барысында ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жасауда. Сондай-ақ, облыстық әкімдік «Магнум» және «Сабыржан» сауда орындарымен азық-түлік бағасын қымбаттатпау жөнінде келісімшартқа қол қойды. Яғни, олар әлеуметтік тағамдардың бағасын әкімдік қойған шектеуден асырмайды.

Сөз соңында облыс әкімі Амандық Баталов: «Төзімді болайық. Бәрінен де аман-саулығымыз керек. Шыдамдылық танытсақ, бұл қиындықтан да шығамыз. Ел-жұрттың денсаулығын сақтауға күш салайық. Коронавирус індетімен күресіп жатқан барлық қызметкердің еңбегі бағаланады. Сіз-бізіміз жарасып, бір-біріміздің жүзімізге тіке қарайтындай адал еңбек етейік», – деді.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Алматы облысы