Жеті жолдама қоржында

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 437

Италияның Бусто-Арсицио (Италия) қаласында бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Шаршы алаңға шыққан әрбір боксшы Париж Олимпиадасының жолдамасын сарапқа салды.

Байрақты бәсекеге тастүйін барған қазақ боксшылары қоржындарына жолдама толтырып қайтты. Көптен бері еліміздің былғары қолғап шеберлеріне сын да айтылып, соңғы уақытта ала-құла нәтиже көрсетіп жүргені жасырын емес. Деседе, біздің оғыландар бұл жолы бар күштерін салды. Негізгі мақсат жолдама болғасын қарсыластарына атойлап шапты десек артық айтпаймыз. Мырзағали Айтжановтың шәкірттері Париж төрінде де осылай өнер көрсетсе, уыстап жүлде алуға мүмкіндік бар. Тек сәттілік серік болсын деп тілейік.

Сонымен, қазірге дейін қазақстандық боксшылар Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға жеті лицензия алды. Нақтырақ айтқанда Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Айбек Оралбай (92 келі) Италия төрінен жолдама алды. Ал өткен жылы жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) Олимпиада лицензиясын жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, Олимпиада алдында лицензия берілетін тағы бір іріктеу турнирі бар, ол 23 мамыр мен 3 маусым аралығында Бангкок қаласында (Таиланд) өтеді. Бұл бәсекеде жолдамаға қыздарымыз қол жеткізеді деген сенім мол. Әйелдер құрамасында Каринадан өзге боксшыларда жолдама жоқ. Осы турнирде тамаша өнер көрсеткен 50 кг Алуа Балқыбекова, 54 кг Жайна Шекербекова, 60 кг Римма Волосенко, 66 кг Наталья Богданова, 75 кг Валентина Хальзованың айы оңынан тумады. Бангкокта үміт артқан қыздар жолдаманы еншілесе толық құраммен Париж төріне барамыз.

Ришат Тұрғанбай
Фото: Қазақстан бокс федерациясы