АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНЕ ОРАЙ ІЗГІ ТІЛЕГІН АРНАДЫ

Уақыты: 20.03.2021
Оқылды: 1656
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жетісулықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Сіздерді Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Санамызға ізгі ұғымдарды, жақсы қасиеттерді дарытатын әз Наурыз бүгінде барша қазақстандықтар қуана атап өтетін жалпыхалықтық үрдіске айналған. Көктемнің осы бір тағылымға толы мерекесі ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының бастамасымен мән-маңызы байытыла түсті.

Наурыздың рухани құндылықтарды, достық пен келісімді, тарих пен өнерді дәріптеуге, қайырымдылық жасауға, табиғатқа қамқор болуға бағытталған мағынасы бұрынғыдан да тереңдей түспек. Биылғы жылы індет жағдайына байланысты бұқаралық іс-шаралар шектелгенімен, жыл басы саналатын бұл күнді әр отбасы өз шаңырағында, береке-бірлікпен мол дастарқан, ізгі тілекпен қарсы алуда.

22 наурызда күн мен түн теңеліп, түнекті жарық, суықты жылу еңсере бастайды. Айналаның ажары кіріп, тіршілік ұйқыдан оянады. Табиғаттың қайта түлеуі адам баласының да жан дүниесін жаймашуақ күйге бөлеп, жүрегін мейірім мен шапағатқа толтырады. Барша жұрт бір-бірін риясыз құрметтеп, кешірім мен кеңшілікті дәріптейді, мол дәм дайындап, дархандық пен берекеге үндейді, бата беріп, тілек айтып, жақсылыққа жаршы болады, бұлақтың көзін ашып, көшет етіп, еңбекке баулиды.

Ұлағаты мол осы дәстүрлі мереке әр шаңыраққа ырыс пен құт әкелсін! Ел игілігі үшін еңбек еткен жетісулық қауымның қазаны дәмге, қамбасы дәнге толып, жұртымыз бейбіт де баянды ғұмыр кешсін. Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға есендік тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!" - делінген облыс әкімінің құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан