ҚҰДІРЕТТІ ҚАЛАМ ИЕСІ

Уақыты: 01.07.2021
Оқылды: 1227
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бағасын білмейтін, бейқам адамға осынау құйқалы сөз пафостық лепес секілді. Байыптап қараған жан жазушы мен журналистің қаламына құдірет қонатын қасиет барын аңғарар. Жазғаны ұнағанша тынымсыз тер төгіп, әр сөйлеміне дейін бас қатыратын қаламгердің жан тербіренісін, ішкі толқынысын сөзбен айтып жеткізу қиын-ау! Діттеген ойды жеткізу бақыты мен ормандай мақалада оймақтай ой айту мерейі екінің біріне бұйыра бермейді. 

2006 жылы аудандық «Қаратал» газетіне Желтоқсан көтерілісі жайында өлең мен шағын мақала жазып әкелгенім есімде. Сол кезде бойымдағы жазуға деген қабілетімді тап басып, бұйығып жатқан бұла күшті киелі арнаға  бұрған журналистикадағы ұстазым Мәкен Өсербаеваға шексіз ризамын. Қалам ұшын  ұшқырлап, тереңнен сөз қозғауға шыңдады. Көкше теңіздей шалқар ойдың ішінен маржан тергендей қажет сөзді іздеп, астарына ауқымды пікір сыйдыруға үйретті. «Нағыз журналист болу үшін жұмысты аудандық газеттен бастау керек» деп профессор Тауман Амандосов айтпақшы, Қаратал өңірінің жылт еткен жаңалығын жариялап, тіршілікпен бірге тыныстадық. Күн сайын мыңдаған  жол мақала жазбасақ та мардымды ой айтуға талпындық. 

Шүкір, қалам ұстаған бізді жұрт журналист деп таныды. Жазушы деп сый-құрмет көрсетті. Журналистканың арқасында талай елді шарлап, берісі Алматы, әрісі Астанаға дейін бардық. Аудандық газетте жүрсек те оңтүстік астанадағы «Гүлстан» бағына барғаным, солтүстік астанада «Экспо – 2017» көрмесін тамашалағаным естен кетпейді. Көңілге түйгеніміз де көп болыпты. Ел ішінде «Журналист – жұртының жүрегі, елінің екпіндісі» деген сөз бар. Осы сенім үдесінен шығу жолында шама-шарқымызша еңбек етіп, қиындықтарды еңсеріп келеміз. 

Алла тағала қолыма қалам ұстау мүмкіндігін бергені үшін бақыттымын! Менің жан қалауым да, арман-мақсатым да осы. Мен – құдіретті қалам иесімін! 

Асхат Өмірбаев