КІТАП ОҚУҒА БАУЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 2728
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кітап – адамның жан дүниесін байытып, адами асыл қасиеттерді қалыптастыратын рухани құндылық. Оның адамзатқа келтірер пайдасы мол. Баланың дұрыс дамуына игі ықпал ететін құнды қазынамыз – ертегі, жыр, дастандардан бастау алады. Бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға қызықтыруда ертегі, жыр, жұмбақ, жаңылтпаштардың орны бөлек.

Оқушыларды кітап оқуға баулуда қызығушылықтарын арттыру – басты мақсат. Сондықтан да балаларға өзінің жас ерекшелігіне сай қызықты кітаптарды таңдап алып оқуына көмектескен жөн. Оған ата-ана да, ұстаз да мүдделі болуы тиіс. Оқушылардың кітап оқуға құмарлықтарын арттыруда мұғалім алдын ала жоспар құрып, әр баланың жас ерекшелігіне, нені ұнататындығына байланысты көркем әдебиеттерді, балалар журналдарын таңдап ұсынғаны абзал. Сынып жоғарылаған сайын кітаптың мазмұны да күрделене түседі.

Кітапты дауыстап оқыту арқылы оқушының мәнерлеп оқу дағдысын да  қалыптастыруға болады. Мәнерлеп оқуда екпінді дұрыс қоя білу, оқу мәнерін меңгеру, тыныс белгілерін сақтап, дұрыс кідіріс жасап оқу ескеріледі.

Бастауыш сыныпта оқушылар мұғалімнің нұсқауымен кітап оқудың тәртібімен танысады. Оқыған кітабының мазмұнын айтып беруге дағдыланады.  Бірте-бірте кітап таңдап, оқи білу дағдысын меңгереді.

Өз таңдаулары бойынша кітап оқыту, бірге кітап оқып талқылау, топтық жұмыс жүргізу, балалардың әрқайсысына шығарманың өзіне ұнаған тұстарын оқыту арқылы да балалардың қызығушылықтарын оятуға болады.

Баланы кітап оқуға қызықтыра түсуде оқылған ертегілер мазмұнына сай түрлі-түсті бояумен суреттер салдырып немесе дайын суреттерді пайдаланудың да берері мол. Ол баланың оқығандарын түсінуіне, есте сақтауына көмектеседі. Оқушылардың тоқсан бойы оқыған кітаптары бойынша байқау ұйымдастырып, көрме өткізіп, ынталандырып отырудың да маңызы зор.

Оқушыларға оқыған кітаптары бойынша кесте толтыртып, оның  тақырыбы, авторы, шығарма кейіпкерлері, қысқаша мазмұнын жаздыртып отырған жөн. Бұл баланың ой қорытуына, оқыған шығармасын ұзақ есте сақтауына ықпал етіп, бұдан да көп кітап оқуға ынталандырары хақ.

Кітапты жиі оқу нәтижесінде бала шапшаң оқуға дағдыланады.

Оқығанды көз алдына елестете алу, қиялдау қабілеті дамиды. Ақыл, ой еңбегі қалыптасады. Білім көкжиегі кеңейеді. Сөздік қоры молаяды. Ең бастысы, баланың жан-жақты дамуына, рухани кемелденуіне жол ашылады.

Сания Мухаметчаева,
Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі
Талдықорған қаласы,
Алматы облысы