ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАҒЫ 14 КІТАППЕН ТОЛЫҚТЫ: ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТҰСАУКЕСЕР

Уақыты: 09.07.2021
Оқылды: 2340
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиеті тағы да 14 кітаппен толықты. Жетісулық ақын-жазушы, журналистердің жаңа туындылары жарық көріп, тұсауы кесілді. Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен рухани шараға кітап авторлары, мәдениет қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, қазақ оқырмандарына жол тартқалы тұрған тың туындылардың руханиятымызда алар орны биік болсын деген тілектерін білдірді.

Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен жергілікті ақын-жазушылардың, қарымды қаламгерлердің кітаптары жарық көріп келеді. Дәстүрге айналған кітап науқаны биыл да өз өрісін тапты. Бұл тұрғыда тебірене сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев:

– Жетісу қашанда қазақ әдебиетіне өз жауһарларын ұсынып келе жатқан құтты өлке. Күні кеше ғана Түрік елінде мұзбалақ ақынымыз М.Мақатаевтың жеті тілге аударылған «Қайтқанда соңғы тырналар» кітабының тұсауы кесілді. Анкара сынды ғажайып қалада бастау алған рухани шараның жалғасы бүгін Жетісу топырағында өріс алып отыр. Бұл бәріміз үшін қуанарлық дүние, – дей келе облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен шыққан кітаптарды таныстырып өтті. Сонымен қатар, кітап жарық көрмес бұрын арнайы комиссия құрылып, талап күшейтілгенін, соған орай бұдан былай тек көркем әдеби шығармалар ғана баспадан жарық көретін болады деген ескертпені көпшілікке мәлім етті.

Өз кезегінде сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт рухани шараның мәні мен мазмұнының терең екенін тебірене толғап, кітап авторларына деген ықыласын жеткізді.

Ақжарма лебізден кейін Ермек Әбілмәжінұлы, Қуат Қайранбаев, Жұматай Жақыпбаевтың зайыбы болған Мара мен Бейсен Құранбектің зайыбы Гүлмира салтанатты түрде кітаптардың тұсаукесер рәсімін жасады.

Айта кетелік, облыс әкімінің қолдауымен Әлкей Марғұланның «Қазақ әлемі» – «Мир казаха» 3 томдығы, белгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының «Замана ағымы» жыр жинағы, Жұматай Жақыпбаевтың «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде...», Несіп Жүнісбайұлының «Қос қанатым», Жақсылық Искаковтың «Ай ару», Қыдыр Байдүйсеновтің «Қошқар мінген Қожбан», Қуат Қайранбаевтың «Көңілдің қоңырауы», Бағдат Айтмұқаеваның «Бала тілі бал», Сәуле Досжанның «Жалғыздың жарасы», Бейсен Құранбектің «Парасат биігі», Құрманбай Еспенбетовтің «Мейірімі оралған Ана», Роза Төлемісованың  «Кемеңгер, дана көшбасшы» және Айнұр Төлеудің «Бірдеңе» кітаптары жарық көрген.

Осынау рухани қазыналардың тұсаукер салтанатында облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Болат Керімбек, ақын, Дәркембай Шоқпарұлының рухани шәкірті Камнұр Тәлімұлы, қазақ тележурналистикасының жарық жұлдызы болған марқұм Бейсен Құранбектің зайыбы Гүлмира, жазушы Есболат Айдабосын, «Көңілдің қоңырауы» кітабының авторы, ақын Қуат Қайранбаевтар сөз алып, рухани шараға ақжарма лебіздерін білдірді.

Шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев екінші жартыжылдықта комиссия іріктеуінен өткен кітаптардың жарық көретінін жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы