ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚЫРЫҚ ЖАМАУ БОЛЫП КЕТПЕСЕ ЕКЕН: МҰҒАЛІМ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1183
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!

Мұхтар ӘУЕЗОВ

Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлт болашағының жарқын болуы әрине, ана тіліне байланысты. Себебі, тіл халықпен бірге өмір сүріп, уақыт өткен сайын дамып отырады. Әр ұлттың тілі – халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ал осындай ең асыл құндылығымыздың құлдырап қалмауы елімізде өмір сүріп жатқан әрбір азаматқа тікелей байланысты.

Біз тіл туралы айтуға, жазуға, сөйлеуге ешқашан да жалықпау керекпіз. Әсіресе, ана тілімізді шұбарлауға жол бермеуіміз керек. Бұлақтың суы қандай таза болса біздің де ана тіліміз дәл сондай мөлдір болуы тиіс. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы«Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деп тегін айтпаған. Енді осынау алтыннан да қымбат қазынамызды көздің қарашығындай сақтап қалу жолында бәріміз аянбай еңбек етіп, тер төгуге міндеттіміз.

Қазақ тілі – қазақтың қазынасы, қазақтың жаны, көңілдің бұлағы. Шешен сөйлеу қанымызға сіңген біздер үшін сөзден асқан асыл жоқ. Сондықтан біз бабалар өсиетінен алшақтамауымыз қажет.Дәл бүгінгідей жаһандану заманында бабалар аманатынан аттап кетпеуіміз керек. Бабалар аманаты әрбір адамның жүрегін жылытып қана қоймай бойындағы ұлттық рухты оятады. Суға салса батпайтын, адуын ағысқа ақпайтын, мәңгілік мағынасы мен бояуын сақтайтын, саналы жан сүйсінетін асыл тіліміз қырық жамау болып кетпесе екен деймін. Біздің тіл шексіз мұхит секілді терең. Қазақтай қайсар халықтың тектілігі мен қасиетін көпке дәріптейтін біздің ана тіліміз. Әлем елдеріне біз осынау тілдің құдіреті арқылы танылып жатқанымыз анық.

Тіл беделі – ұлт мерейі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» – деген болатын. Расымен де, қазіргі таңда біздің қымбат қазынамыз, бар асылымыз бен бар байлығымыз – қазақ тілі.

Біз ертең ел тізгінін ұстайтын ұлағатты ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында тынбай еңбек етіп келеміз. Біздің мақсат – Отан үшін отқа түсіп, ұлттық құндылықтарды құлдыратпай, қазақтың бар қазынасын әлемге паш ететін, қазақты жанымен, бар жүрегімен жақсы көріп, сүйетін саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу.

Осы жолда ата-ана да ұстаздар қауымына барынша қолдау көрсетсе деген ұсыныс бар. Мәселен, шағын ғана мемлекет саналатын отбасында ең бірінші бала ана тілінде тәрбие алуы керек. Бала туған тілімен сусындаса, сол тілдің арқасында елдің тарихын, шежіресін, сөз киесін түсініп, ұлттық құндылықтардың бәрін естіп, көңіліне тоқып өседі. Сондай ортада есейген тұлға өз тілінің де, өзге тілдің де бағын аша біледі. Өзін жарылқаған ұрпақтың өзегі талмайды. Қысқасы, жаһандық жүйеге сіңіп, өзгенің қаңсығын таңсық етпей, қазақ тілінің ертеңі жарқын, келешегі кемел болуына жас та, жасамыс та үлес қосқанымыз жөн.

Айжан ҚАБИДУЛДАНОВА,

«Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ "№2 орта мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан