ЖЕТІСУДЫҢ ТАРТУЫ. КӨНЕ ТАРАЗДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ

Уақыты: 08.12.2021
Оқылды: 1419
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісудың өнерпаздары жырдан шашу шашып, Әулиеата жерін дүбірге бөледі. Ғасыр ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы, өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Алматы облысының өнерпаздары киелі Таразға табан тіреді. Бұл туралы "Жетісу медиа" хабарлады.

Жеті өзен тоғысқан өлкенің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген саф өнердің сақалары Жамбыл облысындағы Мәдениет күндері аясында «Жерұйық мекен - Жетісу» атты концертті көптің назарына ұсынды.

Мәдени шарада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздарымен қатар Өмірқұл Айниязов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Ұлжан Айнақұлова, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер өнер көрсетті.

Жетісулықтардың жамбылдықтарға тартуы Жанат Байдаралиннің «Ғасырлар үні» қойылымымен шымылдығын түріп, «Ақындарға арнау», «Көк шолақ», «Дүлдүлім», «Сары жазық», «Сарыбайға», «Ақ қайық», «Жетісу» сынды дәстүрлі ән шерумен жалғасын тапты.

Мерекелік кеш соңы «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жастар салтанаты» қойылымымен қорытындыланып, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ықылас гүлі жетісулықтарға табыс етілді.

Мәдениет күндері бір ғана кешпен аяқталмады, шараның шеңберінде Баласағұн орталық концерт залында «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» атты және Жамбыл облысындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Жер жаннаты Жетісу - жерұйығым» деген атауды арқау еткен жылжымалы көрме кереге жайды.

«Ұлы жыраудың асыл мұрасы» көрмесі Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің қорындағы 100-ге жуық экспонаттар негізінде безендірілді.

Көрме экспозициясында жыр алыбының өзі ұстаған домбырасы, Мәскеу қаласына сапары кезінде киген шапандары, телефон аппараты, сонымен қатар, елімізге белгілі суретшілердің туындылары және тағы да басқа экспонаттар қаздай тізіліп, көшпелі көрмеден орын тапты. Ал «Жер жаннаты Жетісу - жерұйығым» атты көрме жетісулық ақын-жазушылардың тың туындыларын Жамбыл облысындағы оқырман қауымға насихаттап, жаңаша ақпараттармен бөлісу мақсатында жүзеге асты.

Әулиеаталықтарға ақын, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай жарық көрген  «Жамбыл Жабаев» кітабының 30 томдығы, сондай-ақ, Сәуле  Досжанның «Біртуар» (2021), Бейсен Құранбектің  «Парасат биігі» (2021) кітабы қала тұрғындары мен қонақтарына таныстырылды.

Айта кетейік, қос көрме А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының фойесінде ұсынылды. Мәдениет күндері аясында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры М.Әуезовтің "Қорғансыздың күні" қойылымын (режиссері Фархат Молдағали) тарту етті. Тараздық көрермен қауым қойылымның режиссурасына, сценографиясына, көркемдік деңгейіне тәнті болып, актерлердің ойынына да лайықты бағасын берді. Қойылым соңында актерлерге басшылықтың ықылас гүлі табыс етілді. Көрермендер де көзайымына айналған әртістерге ақ тілегін білдіріп, гүл шоқтарын сыйлады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"