НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ ЕҢ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР БІЛІМ АЛАДЫ

Уақыты: 18.12.2021
Оқылды: 1337
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздіктің бір тартуы, оқу саласындағы үлкен жетістігі – бүгінгі уақыт талабына сай білім беретін Назарбаев зияткерлік мектептері дер едік. Облыстың жас жеткіншектеріне жарқын болашақтың есігін ашқан Талдықорғандағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2010 жылы ашылды. Мұнда Жетісу жерінің ең дарынды шәкірттері білім алады.

Қазіргі таңда теңдесі жоқ заманауи білім ошағы техникалық құралдармен жабдықталған. Онда электрондық абонемент орнатылған кітапхана, интерактивті құралдармен жабдықталған сыныптар, соңғы үлгідегі физика, химия, биология кабинеттері бар. 900 орынға арналып салынған оқу ошағында мәжіліс залы, конференц-зал, роботтық техника, нанотехнология зертханалары, педагогтік және ақпараттық технологияларды ықпалдастыру орталығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар бассейн, гимнастикалық және хореографиялық залдар, баскетбол, волейбол, футбол алаңдары, жүгіру жолы бар спорт алаңы жабдықталған. Білім шаңырағы жанынан облыстың әр түкпірінен келіп оқитын оқушылар үшін интернат қарастырылған.

Мектепте түрлі клубтар, үйірмелер мен секциялар жұмысы жолға қойылған. Оқушылар таңдауы бойынша хореография, музыка, баскетбол, волейбол, гимнастика, шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, аэробикаға қатыса алады. Демек, оқушылар қосымша білім берумен қамтылған. Бұл балалардың тек білім алып қана қоймай, өнерге, спортқа жақын болып өсуіне мүмкіндік ашуда.

Қазіргі кезде білім ошағында 871 оқушы білім алса, оларға 137 ұстаз дәріс береді. Бұл қатарда 5 шетелдік педагог бар. Бүгінге дейін аталмыш мектепті 762 түлек бітірді. Олардың 135-і Назарбаев университетіне, 104-і шетелдік жоғары оқу орнына түсіп, АҚШ, Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Чехия, Қытай  елдерінде білім алды. Ең үлкен жетістік, өткен жылы мектеп түлегі  Сезім Ертанатованың 100% грант иегері атанып, Гарвард университетіне түсуі.

Назарбаев мектебінде шәкірттерді білім сайыстарына даярлап, қатыстыруға үлкен көңіл бөлінеді. 2012, 2013, 2014 жылдары аталмыш білім ошағы «Қазақстан Республикасындағы ең үздік олимпиадалық мектеп» атанса, 2015, 2016 жылдары Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы «Ең үздік олимпиадалық мектеп» болып танылды. 11 жыл ішінде мектеп 800-ге жуық халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі жеңімпаздарды даярлады. Соның ішінде «KAZAKHSTAN International Robotics Competition» атты робототехникадан халықаралық білім сайысында мектеп шәкірттерінің Гран-При иегері атанғанын даралап айтсақ болады. Сондай-ақ, еліміздің ең үлкен челленджіне қатысқан 16 оқушы «Елбасының медалін» иеленді.

Назарбаев зияткерлік мектебі он жыл қатарынан әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Оқушылар «Айналайын» балалар үйі, облыстық реабилитациялық орталық, М.Мәметова атындағы ауыл мектебі, нашар еститін балаларға арналған облыстық интернат тәрбиеленушілеріне қазақ және ағылшын тілдерін үйретуде. Пандемия кезінде оқушылар белсенді еріктілер ретінде өздерін танытып, үйсіз иттерге ұя жасап, ауыл оқушыларын оқытты, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, ардагерлерге, Аналар мен балалар үйіне көмек көрсетті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 10-сынып оқушысы Әлішер Бекмұстафаев облысымыздағы «Үздік ерікті» атанды. Оған диплом мен 500 мың теңге ақшалай сертификат табыс етілді. Әлішер Birgemiz: Bilim жалпыұлттық білім жобасының еріктісі ретінде 9 ай бойы Назарбаев зияткерлік мектебі командасымен ауыл оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, ағылшын тілі, компьютерлік және құқықтық сауаттылыққа үйретті. Әлеуметтік жоба бойынша 11-сынып оқушысы Анастасия Логвиненко да үздік деп танылып, «BIRGEMIZ: TAZA ÁLEM» жалпыұлттық байқауында 300 мың теңге ұтып алды.

Жалпы мектептің қалыптасуында ең алғашқы директор болған Гүлайым Байжікенованың сіңірген еңбегі зор. Кейіннен бұл істі Дәуірхан Пірмағамбет, Сәуле Өмірбекова сәтті жалғады. Бүгінде жас та болса бас болып, оқу ошағының жаңаша бағыт алуына жаңашыл ұстаз, білікті басшы Виктор Сосин өзіндік үлесін қосуда. Ел тәуелсіздігімен бірге еңсе түзеген оқу ошағының әлі талай дарынды жастарды тәрбиелеп, қанат қақтырарына сенім зор.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы