Әбілхан ҚАСТЕЕВ: "АПАМНЫҢ КИІЗІНЕН ҮЙРЕНДІМ"

Уақыты: 29.01.2019
Оқылды: 3500
Бөлім: РУХАНИЯТ

С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, ҚазССР Халық суретшісі Әбілхан ҚАСТЕЕВТІҢ туғанына 115 жыл толуына орай «Ұлан Даланың ұлы суреткері» атты еске алу кеші өтті. Оған аймағымыздан шыққан танымал бір топ қылқалам шебері қатысып, «Сурет өнерінің падишасы» атты бейнесюжетті тамашалап, естеліктерімен бөлісті.

Сурет өнері өмірдің шынайы болмысынан алынып, тәжірибе мен шеберлік арқылы шыңдалады. Бір тілші Әбілхан Қастеевтен: «Сіз сурет өнерін кімнен үйрендіңіз», – деп сұрағанда: «Ешкінің мүйізінен, апамның киізінен үйрендім», – деп жауап берген екен. Демек, Қастеев өнерінің, талантының негізі де адамгершілік болмыс, ата мұраға адалдық, қазақтың тарихи әрі бай тұрмыс-тіршілігінен бастау алған. Десе де, өнердің жолы тым ауыр. Оның шыңына шығу үшін табандылық пен табжылмай ізденуге тура келеді. Осы тұрғыдан келгенде де Әбілханның өзге қатарластарынан оқ бойы озып тұрғанын байқаймыз. Яғни, күнді-күнге жалғап, тынымсыз ізденудің нәтижесінде артына өшпес мұралар қалдырып, қазақ сурет әлеміне атын алтын әріппен жазып кетті. Бүгінде суретшінің мұрасы әлем және Орталық Азия, қазақ суретшілері арасында жоғары бағаланады.

Бір сөзбен айтқанда, өзінен кейінгі буынның арасында Әбілханды ұстаз тұтып, бой түземеген бірде-бір суретші жоқ. Солардың арасынан ҚР Көркем академиясының вице-президенті және академигі, Қытай Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы, ЖМУ-дің профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жақан Баримбеков, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Серік Мырзатаевтар шараға қатысып, Әбілхан Қастеевтің қазақ сурет өнеріне қосқан ұшан-теңіз үлесі жайлы ойларымен бөлісті. Сол қатарда облыстық Көркемөнер галереясының қызметкері Мөлдір Әлмахунова Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Қанафия Тельжанов, Шота Уәлиханов, жетісулық суретшілер Исатай Исабаев, Үкі Әжиев, Марат Нүсіпов, Дәркембай Шоқпаров, Амандос Ақанаев, Мейірхан Әбдрахманов, Абай Бейсембетов сынды қылқалам шеберлерінің мұраларынан жинақталған көрмені таныстырды. Шара аясында халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазы, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Бейбіт Мұсаев бастаған өнерпаздар әннен шашу шашып, шараның шырайын аша түсті.

Соңында облыстық кітапхананың директоры Ғалия Сламбайқызы ұжымдағы бір топ қызметкерге Алғыс хат тапсырып, марапаттады.

Қажет АНДАС,

"Жетісу"