ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЧЕМПИОН БОЛДЫ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 1324
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тоғызқұмалақтан Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы желілік спартакиаданың жеңімпаздары анықталды. Алғаш рет ежелгі ойынның жанкүйерлері өз қарсыластарымен онлайн форматта PlayOk платформасында кездесті. Бұл туралы НЗМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ойын алдында қатысушыларды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады.

– Тоғызқұмалақ - төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын. Ол шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті де бұл ойын оқушыларымыздың арасында кеңінен танымал. Ойынға қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мнн мәдениетіне жақындай түсу, - деді Күләш Шәмшидинова.

Семей қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Айым Әкімбергенова бұл ойынмен екінші сыныптан бастап шұғылданып келеді. "Мен тоғызқұмалақ дәстүрі әрдайым әйгілі болған Абай ауданында дүниеге келдім, сол жақта тоғызқұмалақ үйірмесіне қатыстым. Спартакиада секілді осындай ауқымды әрі әйгілі жарысқа алғаш рет қатысуым", - деді ол. Ал Тараздағы Зияткерлік мектеп оқушысы Вадим Семенов бала кезінен үстел ойындарымен шұғылданатынын, әсіресе, логикалық және дуэльді түрлеріне қызығушылығы жоғары болғанын айтты. "Мен осылай тоғызқұмалақ ойынына келдім. Ойын дұрыс есептеп, көп комбинациялардың ішінен оң нұсқаны таңдауға негізделген, мұнымен қоса мен сандарды жақсы көремін", - деді ол. "Әрине, біз қашықтан ұйымдастырылған ойын алдында қобалжыдық, – дейді Павлодардағы NIS оқушысы Санжар Бозтай, – бірақ жаттықтырушыларымыздың арқасында дайындығымыз жоғары деңгейде болды". Жарыста әрбір қатысушы ойынмен байланысты осындай өз оқиғаларын айтып берді.

Назарбаев Зияткерлік мектептері даму департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ балалардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтары жыл сайын артып келе жатқанын, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді қайта жаңғыртуға арналған жобалар NIS әлеуметтік жобалары қатарында сұранысқа ие екендігін атап өтті.

Жас ерекшелігіне байланысты үш топта командалық есепте 2020 жылдың чемпиондары болып Талдықорған және Қызылорда қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрамалары танылды.

Бір ерекешелігі, Қызылорда командасы екі бірдей жас тобында сенімді жеңіске қол жеткізді. Жас тобы бойынша жеке есепте Анель Кайрат, Абылайхан Тыныштықбай (екеуі де Талдықорған НЗМ), Жұлдызай Мұңайтбасова (Қызылорда НЗМ), Бекжан Әділжаппар (Семей НЗМ), Жұлдыз Садықбек (Қызылорда НЗМ), Бекарыс Жортабаев (Орал НЗМ) чемпион атанды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"