"ОНЛАЙН ТИІМДІ": МЕКТЕПКЕ ҚАТЫСТЫ КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ

Уақыты: 10.11.2020
Оқылды: 1294
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», - дегендей, ертеңгі ел тұтқасы болатын буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында.

Мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта оқытуда ұстаздың еңбегі зор. Олай болса, қазіргі таңдағы мемлекеттік мекемелердің барлығындағы өзекті мәселенің бірі мемлекеттік қызмет көрсету болып отыр. Мемлекеттік қызмет көрсету еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғышарты болып табылады.

"Өскелең ұрпаққа білім беретін оқу орындарында мемлекеттік қызмет бар ма?" деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Мектепте көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, төмендегідей:

  1. Оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау.
  2. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде және тегін оқуға ұйымдастыру.
  3. Негізгі орта (9-сынып) жалпы орта (11-сынып) білім беру туралы құжаттарды және оның түпнұсқаларын беру.
  4. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңына сәйкес, жергілікті әкімшіліктің қолдауымен елдімекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушылардан таяу жердегі мектепке дейін және кері қарай тегін жеткізуді ұйымдастыру.

Мектептерімізде мемлекеттік қызмет түрлері жоғары деңгейде көрсетіліп келеді.

Оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау мәселесі бойынша 2020-2021 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министірінің "Бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының негізінде мектепішілік бұйрық шығарылып, сол бұйрыққа сәйкес, кесте бойынша бірінші сыныпқа және мектепалды даярлық тобына білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қабылдайды.

Мектептердегі құжаттарды қабылдау egov.kz  порталында, сол сияқты мүмкіндігі жоқ ата-аналардан карантитн талаптарын сақтай отырып, қағаз түрінде жүзеге асырылып отырады. Бастауыш, негізгі орта білім беру ұйымдарына денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру жұмысы да атқарылады.

«Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасына сәйкес, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында электронды түрде қызмет көрсету заман талабына сай қарқынды дамуда.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз - көрсетілген қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру.

Коранавирус індетінің салдарынан еліміздегі мектептердің басым бөлігі қашықтан оқытып, білім беруде. №13, 14, 16, 17, 18, 15 орта мектептерінде мұғалімдердің, ата-аналардың Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ онлайн қызмет алуын жеңілдету мақсатында "Өзіне-өзі қызмет көрсету" бұрышы іске қосылған. Бұл карантин кезіндегі ата-аналар үшін балаларын мектепке қабылдау мәселесін шешуге оңтайлы жол екендігін көрсетіп отыр. Мектептерімізде білім беру мекемелері тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері де қашықтан көрсетіліп жатыр. Бұл дегеніміз - мектептеріміздің заман ағымынан кеш қалмай, қоғам сұранысын қанағаттандыра алатын білім ошақтары екендігінің бір дәлелі.

Ш.ШЫНТӨРЕЕВА,

К.Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Іле ауданы

Сурет - ғаламтордан