РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ҚЫРЫҚ ӨТІРІК" БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.11.2020
Оқылды: 1400
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тараз қаласындағы «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидың бастамасымен сатира саңлағы, шоқ тілді Шона Смаханұлының ізін жалғап, астарлы әзілдің майын тамызып, тілінің тікенімен түйреп алар қаламгерлерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Қырық өтірік» шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл туралы Құралай Сейсенбекқызы өзінің желідегі парақшасында: «Қалам құдіретімен өтіріктің өзегінен қыл суырғандарды сын тезінен өткізіп, "суайттықтарының" сырына қаныққан ардагер журналист Болат Жаппарұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын Бақытжан Советұлы, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директоры Оралхан Дәуіт, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман қазылар алқасына мүшелік етіп, шындық пен өтіріктің аражігін ажыратып, бәйгеге лайықтыларды анықтаған болатын. Байқауда көркем сөздің көркін қыздырып, суырылып алға шыққан М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, журналистика мамандығының 4 курс студенті Шапағат Әбдірдің шығармасы үздік деп танылып, бас жүлдені қанжығасына байлады. І орын биігінен ардагер журналист Асқарбек Сейілхан көрінсе, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, «Исфиджаб» ЖШС-на қарасты «Пульс Сайрама» газетінің тілшісі Салтанат Абылбекова мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас ІІ орынды иеленді. ІІІ орын Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің тілшілері Саятхан Сатылғанов, Талғат Нұрхан және қаламгер қыз Ақерке Кенжебекке бұйырды», – деп жазды. Сонымен қатар, Алматы облысы, Райымбек ауданы, «Хантәңірі» газетінің тілшісі Серікжан Мұрасыл, Марал Хантөреқызы бастаған қалам иелері де  ынталандыру сыйлығына ие болды.

Аталған байқауға қатысқан әріптесіміз Қажет Андас қазіргі эпидахуалға байланысты марапаттау салтанатына қатыса алмаса да, өзінің лебізін әлеуметтік желі арқылы білдірді. «Бала күнімізде Сусарқан (өз аты емес, жұрттың қойған есімі) деген өтірік әңгіменің майын тамызатын атамыз болып еді. Сол кісіден естіген, есте қалғандарды жинастырып, реттеп жүріп, өтірік өлең жазатынымды сезбей қалдым. Әрине, өлеңді жазатын адам көп. Ал өтірік өлеңді жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай өнерді қайта жаңғыртқан «Jambyl-Taraz» газетінің еңбегі жана берсін», – деді Қажет Андас.

«Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» дегендей, әдебиет сахнасынан оты өшіп бара жатқан өтірік өлең сияқты асыл қазынамызды қайта жаңғыртқан жандарға біздің де алғысымыз шексіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"