Жетісу облысының 5 мыңнан астам тұрғыны емханаларын ауыстырды

Уақыты: 22.11.2023
Оқылды: 720
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биыл тіркелу науқаны аясында Жетісу облысының 5 мыңнан астам тұрғыны емханаларын ауыстырды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте медициналық сақтандыру қорынының облыстық филиалының басшысы Иван Самойленко мәлімдеді.

Соңғы екі ай, қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында, елімізде жылсайынғы емханаларға тіркелу науқаны өтті. Бұл мүмкіндікті қолданып 5 049 облыс тұрғыны емханаларын ауыстырған. Ағымдағы жылдың тіркеу науқанына барлығы облыс бойынша 18 емхана қатысқан.

«Қазіргі таңда облыс бойынша емханаға тіркелген азаматтардың саны 662 мыңнан астам адамды құрайды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына тіркелу тегін медициналық көмектік кепілдік көлемі және МӘМС пакеттері шеңберінде жоспарлы медициналық көмектің толық спектрін алу үшін қажетті шарт екенін еске саламыз», - дейді Қор филиалының басшысы.

Айте кетейік, азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі науқанмен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекен жайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады.

Сонымен қатар, жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы әр азаматта бар. Бұл «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығымен бекітілген.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы