Екпе жасатудан бас тартпаңыз

Уақыты: 27.11.2023
Оқылды: 605
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгінгі таңда республика бойынша, оның ішінде біздің облыста қызылша жұқпасының эпидемиологиялық ахуалы қауіп төндіруде. Облыста қызылша жұқпасы нақтамасымен 454 жағдайы тіркелді. Оның 319-ы (70,3%) расталды. Жұқпаға шалдыққандардың 83,4% -ы вакцинацияланбағандар екені анықталды.

Қызылшаға қарсы екпеден бас тартқан адамдар туыстары мен жақындарының өміріне қауіп төндіріп отырғанын баса айтқымыз келеді. Оның кесірі жалпы жұртқа зардап әкелуде. Қызылша – вирус арқылы таралатын сырқат. Ол ауыр түрде өтеді. Аталған кеселмен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады. Қызылша әлем бойынша  балалардың өліміне әкеліп соқтыратын қауіпті жұқпа саналады.

Кеселден қалай сақтануға болады? Ауру қалай таралады? Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы  Асхат Чарапиевтің айтуынша, осы сұрақтардың жауабын келтірдік.

– Инкубациялық кезең 7-21 күнге созылады. Жұқпа таратушы науқас адам кеселді ауа-тамшы жолдары арқылы, сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде таратады. Вакцина алмаған адам қызылшамен науқастанған адаммен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі жоғарылайды. Жұқпа қоздырғышы ауа арқылы алмасады. Мысалы, көппәтерлі үйлерде жеделсаты, желдету шахтасы арқылы да таралуы мүмкін, – деген Асхат Сәкенұлы дерттің белгілерін таныстырып өтті. – Вирус ауада 2 сағатқа дейін белсенділігін жоймайды. Қызылшаның негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бастың ауруы, жөтел, мұрыннан су ағу жатады. Көз жасаурап, конъюнктивит белгілері байқалады. Қызылша сырқатының белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияға ұқсас. Бұл жағдай 2-3 күнге дейін (кейде 5-6 күн) сақталады. Одан кейін қызғылт нүктелі  бөртпе пайда болады. Олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында құлақтың артында, бетте пайда болатын бөртпе 2-3 күннің ішінде төменге жайылып, аяққа дейін жетеді. Жұқпа асқынғанда өлімге апарып соғуы мүмкін. Сондықтан асқынудың алдын алу керек. Ең күрделі асқынулар – соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция). Құлақ және пневмонияға әкеліп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.

Маманның айтуынша, жұқпа әсіресе егілмеген балалар мен ересектерге қауіп төндіреді. Ересектер арасында қызылша ауыр өтеді. Соңғы кезде вакцинацияға қарсы адамдар тобы пайда болды. Ата-аналар балаларын ектіруден бас тартуда. Себебі, екпенің салдары туралы жалған пікірлер жайылған. Екпе жайлы айтылып жүрген пікірлер ғылыми немесе медициналық тұрғыдан дәлелденбеген. Көпшілік ғаламтордағы алыпқашпа әңгімеге сенеді.

Қазақстанда тұрғындарды иммундауға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакцина қолданылады. Заң міндетті вакцинациялауға күштеп немесе еріксіз көндірмейді. Егуді жүргізуге келісім беру тек ата-ананың құқында. Бірақ,  екпеден бас тарту баланы қауіпке-қатерге ұрындырады. Алдын алу шарасының ең қол жетімді және тиімді шарасы – вакцинация. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитет қалыптастырады. Ұлттық күнтізбеге сәйкес, алдын алу екпесі  12-15 айда және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады.

Егер өзіңіз немесе балаңыз сырқаттанған жағдайда келесі шараларды орындау қажет. Шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну, тұрғылықты жері бойынша емханадан дәрігер немесе Жедел жәрдем шақырту қажет. Емханаға өз бетінше бармай, дәрігерді күткен жөн. Дәрігер келгенше туыс, таныс және басқа да адамдармен қарым-қатынасты тыю керек. Дәрігерге қай кезде, қай елде болғаныңыз туралы мәлімет беріңіз. Жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды қол орамалмен жабыңыз. Қолды сабынды сумен жиі жуып немесе құрамында спирті бар тазалағыш затты қолданыңыз. Өз бетінше ем жасамау керек.

Маман дәрігермен әңгімелесуден түйгеніміз профилактикалық екпе жүргізгенде қарсылық білдірмеген жөн. Әр адам өзінің және баласының денсаулығына немқұрайды қарамауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды тәуекелге ұрындырмаңыз. Қажетті егулерді уақтылы алыңыз!

 

Гүлжан Тұрсын