1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күнІ

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 799
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай Қазақстанда 2023 жылдың 20-шы қарашасы мен 1-ші желтоқсаны аралығында  онкүндік жарияланды. Биылғы ұран: «Көшбасшылық қоғамдастықтарға!». 

Осы онкүндікке орай өткізіліп жатқан науқанға облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығымен қатар  облыстың барлық  медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелері, Жастар денсаулық сақтау орталықтары және үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылды. Науқан кезінде акция, «дөңгелек үстел», экс- пресс-әдіс арқылы халықты АИТВ-ға тестілеу, тренинг,  түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл іс-шараларда АИТВ-ның алдын алуға байланысты шараларды насихаттау, халыққа жұқпаның қыр-сырын түсіндіру барысында жұмыс жүргізіледі.  АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті азайту барысында шаралар қолға алынады.  

Биыл халыққа қоғамдастықтың АИТВ-ның алдын алуда үлкен рөл атқаратындығын айтқымыз келеді. Осындай шараларды жүргізудің нәтижесінде  аурудың таралуына негіз болатын және есірткі қолданатын адамдар сияқты негізгі популяциялардың «ұясын» анықтаймыз. Қоғамды азғындықтан сақтап қалуға күш саламыз. 

Сондай-ақ, біздің қатарымызда АИТВ жұқтырғандармен тікелей жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар сырқатқа шалдыққандарға кеңес беріп, тиесілі, уақытылы емделуге ықпал етеді.  

Онкүндікте  АИТВ жұқпасынан  қалай қорғану керектігі, отбасыңды кеселден қалай сақтау жөнінде ақпарат беріледі. Егер сізде АИТВ жұқпасы  анықталса орталық дәрігерлеріне  қаралу, өміріңіздің  сапасын жақсартуға, сіздің қызметіңіз бен отбасындағы жоспарларыңыздың өз ағымымен  жүруіне, АИТВ жұқтырған  анаға  дені сау бала сүюіне   көмектеседі. Ол  үшін  қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, өз өміріне жауапкершілікпен қарап,  сезіктенген жағдайда  АИТВ жұқпасына тексеріліп тұру керектігін ескертеді.   

Қорыта келе  бұл тек медицина қызметкерлерінің мәселесі емес,  өз денсаулығын және болашағын ойлайтын барлық саналы азаматтардың да міндеті екенін атап өткіміз келеді. 

Жетісу облысының тұрғындары акция кезінде немесе орталыққа келіп (Талдықорған қаласы, Медеу к. №3)  АИТВ жұқпасына жедел тестілеуден өтіп, 20 минуттың ішінде АИТВ статусын анықтауына болады. Сұрақ туындаса облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығының 8 (777)9626910   телефонына  хабарласыңыз.

Марал МАТЕМБАЕВА,
облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығы,
аурудың алдын алу және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі
Фото:  aqparataidyny.kz