ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ КОРОНАВИРУСҚА СЕНБЕЙТІНДЕРГЕ ДӘЛЕЛ ҰСЫНДЫ

Уақыты: 14.06.2020
Оқылды: 1335
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Текелі қаласының әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ коронавирусқа әлі де сенбей жүргендерге үндеу тастап, дәлел ұсынды. Қала әкімі маңызды мәлімдемесін әлеуметтік желіге жазды.

- Құрметті текеліліктер! Бүгінгі таңда дүниедегі тарап жатқан індетке сенбейтіндерге қайталаймын және назарларыңызды аударғым келеді: Біріншіден, айтайын дегенім, менің ең жақын Қайрат деген досымның туған ағасы осы вирустан қайтыс болды. Бүгін жаназасын шығарып, жерледі. Жерлеу рәсіміне 10 адам қатысты, көңіл айтып, топырақ салуға біз, достары түгіл, туыстары да бара алмады. Иманы жолдас болсын! - деп жазды әкім.

Өз сөзінде ол еліміздің Денсаулық сақтау министрі де осы індетті жұқтырғанын, соған байланысты қатты ойланып отырғанын айтады. Сондай-ақ, министрдің тезірек жазылып кетуін тілейді. "Әрине, министріміз ел қамын ойлап, шапқылап жүріп жұқтырған болар. Сол үшін де мен министрдің бізге айтқан үндеуін толық қолдаймын!" - дей келе, автор төменде ұсынылған сақтық шараларын сақтауға шақырады:

- Сақтансақ, Құдай сақтайды, сол үшін карантин режимін қатаң сақтау;

- қоғамдық жерлерде бетперде тағып жүру;

- жиі қол жуу;

- адамдар көп жиналатын жерлерге мүмкіндігінше азырақ бару.

Сөзінің соңында әкім: "Бұл күндер де өтер, тек сабыр сақтап қойылған санитарлық талаптарды қатаң сақтауларыңызды сұраймын! Алланың берген әрбір сәтін бағалайық!" - дейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Текелі қаласы

Алматы облысы