АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 29.01.2021
Оқылды: 932
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ азаматтарды жүзбе-жүз және онлайн форматта қабылдау өткізді. Қабылдау барысында азаматтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, соның ішінде, жол жөндеу, газ тарту, электрмен қамту, сол сияқты қоғамдық тәртіп, интернет байланысының сапасы, жұмыспен қамту мәселелерін қозғады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Әкімнің алдына алдымен кірген Қасым Серғазиев Талдықорған қаласында жер телімін алу кезегінде тұрғанын және жер алу мүмкіндігі туралы сұрады. Азаматтың кезек ретін анықтап, жеке тұрғын үй үшін жер телімін беру мүмкіндіктерін нақтылау жұмысын Амандық Баталов қала әкімдігіне тапсырды.

Сол сияқты желтоқсаншы Асқар Кенжебаев та қабылдауға тұрғын үй мәселесі бойынша келген. Сұхбаттасу барысында анықталғанындай, А.Кенжебаевтың негізгі тіркеуі Алматы қаласында, ал Талдықорғанда тек уақытша тіркеуде болып шықты. Кезінде «Қайнар» аккумулятор зауытында ұзақ жыл жұмыс істеп, сол кәсіпорынның тұрғын үй беру кезегіне тіркелген екен. Бірақ ел экономикасы қиындыққа кез келген 1990 жылдардан кейін кәсіпорында түзілген кезек тоқтаған.

Амандық Ғаббасұлы А.Кенжебайға: «Кәсіпорындардағы жасалған тұрғын үй кезегі жергілікті атқарушы орган арқылы жасалатын кезек емес. Сондықтан сіз «Қайнар» зауытында үй кезегінде тұрғаныңызды растайтын құжат әкелген күннің өзінде оның негізінде сізді кезекке қоюға құқығымыз жоқ. Ең алдымен Талдықорғанға тұрақты тіркеліңіз, қала әкімдігіне өтініш жазып тұрғын үй кезегіне тұрыңыз, сонда ғана мәселеңізді қарастыра аламыз. Жалпы бізде тұрғын үй құрылысы, кезектегілерге үй беру ісі жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Сондықтан заң аясында кезекке неғұрлым тез тұрсаңыз, желтоқсаншы санатында тұрғын үй алуға мүмкіндігіңіз болады», - деп мәселенің шешімін түсіндірді. Сол сияқты азаматтың жол бойында қызмет көрсету нысанын ашу туралы ұсынысына байланысты инвестор тарту жағынан көмектесуді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тапсырды.

Талдықорғандық зейнеткер Төлеухан Садықбаеваның да сұрағы баспана туралы болды. Қала әкімінің орынбасары С.Байназаровтың айтуынша, қарияның кезегі №96-шы. Және жылдың соңына дейін кезек ретімен баспаналы бола алады. Амандық Баталов зейнеткердің мәселесі бақылауда болуы керектігін ескертті.

Бұдан әрі қабылдау аудандармен онлайн режимде жалғасты. «Таза ауа» қоршаған ортаны, денсаулықты және адам генофондын қорғау жөніндегі экологиялық орталығының өкілі Зейнулла Ергусаев ZOOM арқылы байланысқа шығып, органикалық қалдықтарды өңдеу, көгалдандыру бойынша ұсыныстары бар екенін айтты. Облыс әкімі алдағы күндерде осы жобаларын кеңінен талқылау үшін З.Ергусаевты жеке қабылдайтынын жеткізді.

Талғар ауданында тұратын қоғам белсендісі Құндыз Хасанова ауданға қатысты бірнеше мәселе көтерді.

Соның біріншісі – Талғар ауданындағы саяжай тұрғындары электр жарығы үшін Еңбекшіқазақ ауданына төлем жасайды және ондағы төлем тарифі жоғары. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің айтуынша, аталған мәселе бойынша қазір жұмыстар жүріп жатыр, электр желілері Талғар ауданының балансына алу мәселесі жыл соңына дейін аяқталады және сол кезде жеткізушіден ешқандай арадағы делдалсыз тұтынушыға жеткізілгенде  тариф мәселесі де өз шешімін таппақ.

Келесі мәселе - Өстемір, Кеңдала, Төңкеріс және басқа ауылдардағы интернет байланысының сапасы туралы. Бұл мәселені облыстық цифрландыру басқармасы тиісті байланыс операторларымен бірге жергілікті жерлерге шығып, шешімін қарастыратыны айтылды. Сонымен қатар, Қ.Хасанова Талғар қаласындағы ГЭС аумағындағы бірнеше үйдің газға қосылмағанын, сол сияқты Төңкеріс ауылына газ тарту мәселесін тілге тиек етті. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен салынған нысандардың сапалы тұрғызылуын тұрақты бақылауда ұсатаса деген тілегін де білдірді.

Қабылдауда бұл мәселелер бойынша да нақты қабылданатын шаралар баяндалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов Төңкеріс ауылына газ құбырын тартып жатқан инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстарын пысықтайтын болады. Сонымен қатар Амандық Баталов «Жұмыспен қамту жол картасының» экономикалық күрделі кезеңде маңызы зор болғанын атап өтті.

- Президенттің бұл бағдарламасы өңірлердің экономикалық тұрақтылығын сақтауға, халықты еңбекпен қамтуға көп көмек болды. Өңірге бір реттен 105,6 млрд.теңге бөлінді. Оған біз 1051 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Олардың басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бағытталып отыр. Сондықтан, бағдарлама аясындағы нысандардың дер кезінде және сапалы орындалуы біздің тұрақты назарымызда. Алаңдаушылық білдіріп, ұсыныс айтып жатқаныңызға, азаматтық белсенділігіңізге рахмет айтамын, - деді А.Баталов.

Өз сөзінде Қ.Хасанова Талғардың орталығында жабайы сауда, такси жүргізушілерінің жаяу жүргіншілер жолына кедергі келтіретіні сияқты қоғамдық тәртіп мәселесін де көтерді. Амандық Баталов облыстық полиция департаменті мен Талғар ауданы әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.

Келесі кезекте онлайн режимде қосылған Талғар ауданы Нұра ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әзімжан Нұрабилов елді мекенде бұрын үлкен құс фабрикасы жұмыс істегенін, онда 700-дей адам жұмыс жасағынын айтты. Алайда кейін осы фабрика жабылып қалған.

- Осы кәсіпорынды қайта ашуға көмектессеңіздер, ауылға жан-жақтан көшіп келіп жатқан азаматтар үшін жақын маңнан жұмыс табуға мүмкіндік болар еді, - деді ақсақал.

Облыс әкімі А.Баталов Нұра ауылында бұрын болған құс фабрикасының қазіргі кезде банкте кепілдікте тұрғанын, кәсіпорынға қатысты қазір сот процестері жүріп жатқанын айтты. «Ол фабриканы қайта жандандырсақ деп бірнеше инвестор ұсыныс білдірген. Ол жұмыстарды сот процестері аяқталғаннан кейін қолға алатын боламыз», - деді А.Баталов.

Мұнан соң Еңбекшіқазақ ауданынан Ерік Құдайбергенов байланысқа қосылды. Ол Бәйтерек ауылындағы 2,5 км жол жөндеуді қажет ететінін жеткізді. Сол сияқты ауыл маңында кен қазу ісімен айналысқан, қазір жұмыс істеуге сот шешімімен тыйым салынған мекеме қазылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқармай жатқандығына шағымданды. Аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтың айтуынша, Бәйтерек ауылының аталған көшесін жөндеу биылғы жылдың жоспарында бар. Ал карьерге қатысты мәселені аудан әкімдігі облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасымен бірлесіп қарауы тиіс.

- Жабылған карьерді ғана емес, сол жерде жұмыс істеп жатқан өзге де кен қазатын кәсіпорындар заң талаптарын сақтап отыр ма, жоқ па, қадағалаңдар, ауыл тұрғындарына, әсіресе, балаларға қауіп төндіретін қараусыз жатқан ор-шұқыр болмауы керек, - деді А.Баталов.

Қарасай ауданынан бейнебайланысқа қосылған Нұршаш Алдабергенқызы жетім бала ретінде 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Қазіргі кезегі – 131-ші. «Мемлекеттік бағдарламамен ипотекаға үй алуға жағдайым көтермейді», - деді ол. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев Н.Алдабергенқызының педагогикалық білімі бар, сондықтан жас маман ретінде жұмысқа орналастыруға да ықпал ететінін айтты.

Осы ретте облыс басшысы А.Баталов Нұршашқа Алматы маңында орналасқан аудандардың біріне, қаласа Талдықорған қаласына педагогтық жұмысқа келіп, жас маман ретінде тұрғын үй алуына болатынын жеткізді. Бұл істі жіті бақылауына алып, Нұршаш Алдабергенқызының мәселесін шешумен айналысуды облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омароваға жүктеді.

Жалпы, осы күні облыс әкіміне 17 сауал қойылып, азаматтар өз сұрақтарына толыққанды жауаптар алып қайтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"