ЖАНСҮГІРОВ АУЫЛЫНДА 50 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУҒА СҰРАНЫС ЖІБЕРІЛДІ

Уақыты: 07.02.2021
Оқылды: 1167
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақсу ауданының әкімі Есім БАЗАРХАНОВ халық алдындағы есепті кездесуін онлайн негізде жүргізді. Онда бес қабатты, 50 пәтерлі тұрғын құрылысын салу үшін құжаттар дайындалып, сұраныс жіберілгені айтылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмысты коронавирус кеселімен күрестен бастады. Ауданда былтыр 206 адам коронавирусқа шалдығып, 746 адам пневмониямен сырқаттанған.

Әкім пандемиямен күрес барысында вакцинаның салына бастағаны жайлы айта келіп, аудан басшысы ретінде екпені алғашқылардың қатарында ектіретінін айтты. Екпе жүргізуге аудандық аурухана толық дайын екендігін жеткізді.  Ауылдық округ әкімдерінің 2019 жылғы есепті кездесулерінде түскен арыз-шағымдардан Еңбек ауылының ауызсу құрылысы жасалып, Суықсай-Жансүгір тас жолын жөндеу және Қаракөз, Ащыбұлақ ауылдарын интернетке қосу аяқталғанын жеткізді.

Есепті мерзімде Қапал, Сырттанов ауылдық округтері бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне конкурс өткізіліп, округ тұрғындарына барлығы 1142, 84 гектар жер берілді.

Ауданда үш туризм нысаны бар. Олар – екі қонақүй және "Қапал-Арасан" шипажайы. Өткен жылы "Саду Девлопомент" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жоңғар-Алатау ұлттық паркінің аумағында Суықсай ауылдық округінде орналасқан 2 гектар жерге демалыс аймағын құру бойынша эскиздік жоба бекітті. 2021 жылы "Аршалы Тур" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аңшылық үй, марал өсіру шаруашылығын құруды жоспарлауда.

Өткен жылы қант қызылшасының жом бөлімшесі мен бума жинағыш жүйесі іске қосылып, өнім аудан тұрғындары мен ауданнан тыс жерлерге қолжетімді бағамен сатылды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне 544,7 млн.теңге инвестиция тартылған.

Аудан әкімі кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстарды саралады. Соның ішінде, Құрақсу ауылындағы «Қаратал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ілгерінді ісіне ерекше тоқталды. Олар балық уылдырығын көбейту мақсатында жұмыс жүргізе бастаған. Егін шаруашылығы бойынша өткен жылы 74 198 тонна өнім жиналып, 2019 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға өскен. Алдағы 2021 жылға 74 877 тонна өнім алу жоспарлануда.

Ауданда әлеуметтік мәселе назардан тыс қалмайды. Мәселен, былтыр жағдайы төмен отбасыларға «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде 4 млн.150 мың теңге бағытталған. Оның ішінде, 83 адамға көмек көрсетілген. Ал көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардың балаларына, жетім балаларға 2367 ноутбук, 59 компьютер, 159 планшет үлестірілген. "Мектепке жол" акциясы аясында демеушілер 11 млн.теңгеге 43 смартфон, 10 компьютер және 5 теледидар таратқан. Мұндай игілік шаралар жалғасын таба бермек.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақсу ауданына 52 жобаны іске асыру міндеті жүктелгенін айта кету керек. Аталған жобалар аясында барлығы 2 млрд.148 млн.теңге бөлінген. Осы бағдарлама бойынша Ақсу ауданында 794 адам жұмыспен қамтылған.

Ауданда тұрғын үй құрылысына да басты назарда. Мәселен, Жансүгіров ауылында 30 арендалық тұрғын үй құрылысының жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Жансүгіров ауылында салынатын 50 пәтерлі тұрғын үй құрылысы және оның инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, 852 млн.теңгеге сұраныс берілді.

Атай кетейік, 2019 жылы Жансүгіров ауылы Қабанбай батыр көшесінің бойындағы аппатты жағдайдағы екі-үш қабатты тұрғын үйлер бұзылған болатын. Биыл инвесторлар арқылы 48 пәтерлі тұрғын үй салынатын болады, аталмыш үйлерді сатып алуға бюджеттен 500 млн.теңге қаражат бөлініп отыр.

Жансүгіров ауылында электр желісі жөнделіп, орталық саябақ және "Бөрібай батыр" ескерткішінің аумағы абаттандырылған. Қапал, Қызылағаш, Жансүгір ауылдарында көше жарығының шамдары ауыстырылып, Қапал, Арасан, Ащыбұлақ ауылдарында апатты ғимараттар бұзылған. Сондай-ақ, 14 ауылда шағын футболға арналған спорт алаңдары жасалды. Қазіргі таңда Молалы, Алажиде, Кеңжыра, Көшкентал, Сағабүйен, Есеболатов, Сағакүрес, Алтынарық, Көкөзек, Жансүгіров Суықсай, Қаракөз, Қапал, Матай, Жаналық ауылдарының көше жолдарын орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қаражат толығымен игерілген. Биыл Сырттанов, Тарас, Қызылқайың және Жансүгіров ауылдарының кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Есім Сейілханұлы 2021 жылы ауданда аталып өтетін мерейтойлардың жоспары бекітілгендігін айтты. Бұл орайда ақын Т.Есімжановтың 80 жылдығы, ақын Қ.Терібаевтың 130 жылдығы, жазушы, драматург Т.Қалилахановтың 105 жылдығы, күйші Р.Тәжібаевтың 75 жылдығы, қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі Б.Сырттановтың 155 жылдығы, айтыс ақыны А.Толыбайұлының 200 жылдығы аталып өтуіне байланысты олардың өмір тарихы мен шығармашылығын насихаттау бағытында іс-шаралар өткізіліп, насихатталмақшы. Әкімнің халық алдында есеп беруінде тұрғындар тарапынан жол, су мәселесіне байланысты біршама сұрақ түсті. Аудан басшысы әлеуметтік жағдай басты назарда болатынын айтып, барлық сұрақтарға жауап берілетінін, мәселелер шешімін табатынын жеткізді.

Аудан әкімі сөзінің соңында өңірде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына айрықша көңіл бөле отырып, алдағы уақытта Ақсудың қарқынды дамуы үшiн ауылшаруашылығы және құрылыс, коммуналдық мәселелердi шешу, инвестиция тарту, жаңа жобаларды ұсыну және басқа да шараларды атқару мақсатында жоспарлы жұмыстардың жалғасатынын баяндады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы