ШАРЫН ШАТҚАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖАЛАҚЫМЫЗ АЗ ДЕП ШАҒЫМДАНДЫ

Уақыты: 08.02.2021
Оқылды: 989
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Шарын шатқалы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары жалақыларының мардымсыз екенін айтып шағымданды. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

Мемлекеттік инспектор Қазбек Қойшыбаев парк құрылғалы қызмет етіп келеді. Айтуынша, қазір қарақұйрық саны едәуір өскен. Басқа да аң-құстың көбейгенін көзбен көріп келеді. Қоршаған ортаны қорғау үшін күндіз-түні ат үстінде жүреді. Бақылайды. Жұмысы өзіне ұнайды. Алайда бір әттеген-айы жалақысы төмен.

«Біз мына жұмысты бастаған кезде айлығымыз 7 мың теңге болды. Қазір 80-90 мың теңге аламыз, бұл аз. Біздікі қалыпты жұмыс емес, күн-түні жүресің», - деді мемлекеттік инспектор Қазбек Қойшыбаев.

Шарын шатқалының аумағы 127 мың гектардан асады. Ұлттық парк болып құрылғалы ерекше қорғалады. Шарын шатқалының тағы бір байлығы жануарлар дүниесі. Сүтқоректілердің 30-дан астам түрі бар. Бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және 100-ден аса құс түрі мекендейді. Олардың жойылып кетпеуіне және браконьерлердің нысанасына айналмауына 20 мемлекеттік инспектор жауапты. Фото және бейне тұзақтар қойылғалы парк аумағында өзге де тіршілік иелерінің бар екені дәлелденді.

Шарын шатқалында туризмді дамытудың кешенді жоспары құрылған. Қазіргі таңда арнайы қаулы қабылданып, шатқалдың инфрақұрылымын қолға алатын инвесторлар қарастырылуда.

«Туристік соқпақтарды және де туристік орындарды жақсарту мақсатында ұлттық табиғи паркте 2 визит орталығы, бір глемпинг, бір кэмпинг, зиплайн атракционы және де балалар ойнайтын алаңдар, сонымен қатар қонақ үй, екі қонақ үй жәнеде мейрамханалар жасалуға негізделген жоба жасалынды. Қазіргі уақытта тендерге қатысатын инвесторлармен келіссөз жүргізілуде және қоғамдық кеңес талқысына да ұсынамыз», - деді «Шарын шатқалы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.

75 жастағы алматылық Сәуле апа шатқалға немерелерін ертіп келіпті. Мақсаты - осы жақұт мекенді көрсету. Осы уақытқа дейін талай елді аралап көріп қайтқан зейнеткер мұндай керемет жер еш қайда жоқ дейді. «Жапонияда болдым. Варна, Болгарияда, Түркияда болдым. Атырауда болдым. Мынандай жер еш мемлекетте жоқ. Осының бәрін балаларға көрсету керек. Оқыту керек. Бізге сақтау керек. Шарын шатқалындағы тауларға қарап отырып ақ демаласың, сондай әдемі. Мүсіндері де ерекше», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Сәуле Жантуарова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"