"ҰЯТ ДЕГЕН БОЛУ КЕРЕК ҚОЙ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 12.02.2021
Оқылды: 1423
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов халық алдында онлайн форматта есеп беріп, өткен жылды қорытындылады. Атқарылған жұмыстарды баяндап, барлық сала бойынша оң көрсеткіштерге тоқталды. Есептік кездесуде тек жетістіктер емес, кемшін тұстар да айтылды. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ та есепті жиынға қатысып, қала тұрғындарының сұрағына жауап берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ғалымжан Райылұлының баяндамасынан кейін қала тұрғындары пәтер кезегі, жер телімдерін бөлу, мектеп, жол салу секілді сауал жолдады. Шаһар басшысы барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов:

– Қандай қиын жағдай болса да, пандемия кезінде көп жұмыс істелді. Каронавируспен күресу үшін жұқпалы аурулар ауруханасын салдық. Мықты мамандарды тарттық. Соның арқасында қазір жағдай жасарды. Алайда пандемия біткен жоқ, – деп облыс бойынша жыл қорытындыланғанын, барлық салада өсім бар екенін айтты. – Инвестиция тарту жағы жоғары деңгейде. 60 мыңнан астам жұмыс орнын аштық. Талдықорғанда 3 жатақхана салдық, наурыз айында жүзу бассейнін ашамыз. Индустриялық аймақ ретінде Талдықорғанда зауыт-фабрика ашу қажет.

Амандық Ғаббасұлы облыс орталығының тұрғындары көптеген мәселемен хабарласатынын жеткізді. Әсіресе, коттеджді қалашық тұрғындары коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай жатқанын, газ келмей қалатынын, құбыр жарылғанын айтып арызданған. Сондай-ақ, үйдің жылынбауы туралы да шағым түсірген.

– Пәтер иелерінің кооперативін құрып, штат бөлу қажет. Солар түсіндіріп беруі тиіс. Мердігер компания екі жыл кепілдік беріп, барлығын реттеп отырады. Аталған мәселелерді үш күн ішінде шешіңіздер. Халық сіріңке үшін орталыққа бармауы керек. Ол жерге сауда үйі салынуы тиіс. Көпбалалы аналар тұрып жатыр. Футбол, спорт алаңы әлі жоқ. Ұят деген болу керек қой. Қанша жыл саласыздар? Ақша бөлмесек жөні басқа еді. Екі жыл уақыт өтті. Халық демалатын аллея салыңдар. Осы уақытқа дейін 500 метрлік аллея аша алмай отырсыңдар. Барлық мәселені шешіңдер. Көмекшілер, мамандар шақырыңдар, – деген аймақ басшысы Амандық Баталов жауапты тұлғаларға қатаң ескерту жасады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы