КІТАПХАНАДА «ЖАЗҒЫ ОҚУ АЛАҢЫ» АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.06.2021
Оқылды: 1740
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Жазғы оқу алаңы» ашылды. 
Аспан астындағы оқу алаңының мақсаты – жазғы демалыс кезінде қала қонақтары мен тұрғындарын кітап оқуға тарту, саябақта жүрген демалушыларға ақпарат ұсыну, сонымен қатар кітапханаға тұрақты оқырман ретінде жазылуға мүмкіндік жасау. Осы арқылы енді қалалықтар қалаған әдебиетін таза ауада оқи алады. 
Іс-шара барысында «Мобильдік кітапхана» жобасы да іске қосылды. Бұл жоба арқылы тұрғындар кейбір кітаптардың электрондық нұсқасын ұялы телефонына жүктей алады. Сонымен қатар, жазғы оқу алаңының ашылуы салтанатында ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Имангазинов пен әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлұлы сөз алып, тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына шолу жасады. Жастарды рухани байлыққа шақырып, «кітапты жырту емес, кітапты оқымау қылмыс» екендігін айтып, барлық жұртшылыққа ой салды. 
Шара соңында Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты көрмесі мен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ҚР Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты кітап көрмесінің таныстырылымы болып, жиналған оқырман сырлы тарих беттеріне саяхат жасады.  
Түрлі тақырыптағы кітаптар, газет-журналдармен көмкерілген жазғы оқу алаңы жастардың ашық аспан астында, табиғат аясында кітап оқып, бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне, көзқарасының дамуына ықпал етеді. Күзге дейін жұмыс істейтін  кітапхана барлық кітапсүйер қауымды өз шаңырағында күтеді. Келіңіздер, білім бұлағымен сусындаңыздар!

Салтанат  Аханова, 
С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап
кітапханасының кітап қорын толықтыру,
әдебиеттерді өңдеу  және негізгі қорды
сақтау бөлімінің меңгерушісі