ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ БІР БӨЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ШОТЫНА АУДАРЫЛАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1084
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының тең жартысы 18-ге толмаған қазақстандықтардың жеке шоттарына аударылып отырсын. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында осындай тапсырма берді.

«Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау керек деп есептеймін. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Президент бұл қаражатты 18-ге толған азаматтар қалай жұмсай алатынын да айтып өтті.

«Кәмелекет толғаннан кейін жинақталған сома баспана мен білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор да шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай бола түседі және халықтың мүддесіне жұмыс істейді. Бұл ауқымды бастаманы пысықтау үшін жаңа жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», - деді Президент.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"