Әлеуметтік дүкеннің жұмыс барысы

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 759
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласында ашылған әлеуметтік дүкендер бүгінгі таңда халыққа мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Ел игілігіне берілген «Көктал» шағынауданындағы «Ару», Еркін ауылының Бесшатыр көшесіндегі пилоттық негізде ашылған дүкендерге арнайы барып, жұмыс барысымен танысып қайттық. 

Әлеуметтік дүкенде халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік өнімдерін төмен әрі белгіленген бағада сатып алады. Дүкен зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға бағытталған. Бірақ мұнда әр тұтынушы келіп, қалауынша тауар алуына толықтай құқылы. Тауар сатып алушыға ешқандай шектеу жоқ.

Еркін ауылдық округіне қарасты «Көктал» шағынауданының Амангелді көшесінде орналасқан әлеуметтік дүкенге барғанымызда, өнім түрлері сөреде толып тұрғанын байқадық. Ауыл халқы күнделікті қажетті азық-түлікті дәл осы дүкеннен алады. Әлеуметтік дүкен ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан Вераника Кущ ауыл азаматтары тауардың сапасы мен бағасына риза екенін айтты. «Сәуір айында ашылған дүкенді кейбір тұрғындар енді естіп, білуде. Қазіргі таңда негізгі 18 өнімнің барлық түрі дүкен сөресінде толып тұр. Нан, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз және сүт өнімдері күнделікті өтіп кетеді. Күніне орта есеппен 20-25 адам сауда жасайды», – дейді саудагер. 

Әлеуметтік дүкенде сатылатын өнімнің 80 пайызынан астамы отандық өнім. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының басым бөлігі жергілікті тауар өндірушілерінің өнімдері екені қуантады.  

Көктал ауылының тұрғыны Қуаныш Есжанов әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысы. Ол күнделікті қажетті азық-түлікті тек осы дүкеннен алатынын айтады.

Қазіргідей қымбатшылық қалтаны қағып тұрған уақытта дәл осындай дүкеннің ашылғаны дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе, зейнеткерлер үшін бұл өте қажет. Біз күнделікті сүт, майымызды, картоп, пиязымызды осы дүкеннен аламыз. Ұн қымбаттаған уақытта бұл дүкенде нан дегеніңіз 110 теңгеден сатылуда. Ал басқа дүкендерде 150-160 теңге. Міне, баға жағынан да, сапа жағынан да бұл дүкеннің тауарлары көңілімізден шығады, – дейді ол.

Бағаны тұрақтандырып, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат еткен Еркін ауылындағы Бесшатыр көшесінде ашылған әлеуметтік дүкеннен жұрттың қарасы арылмайды екен. Сатушы Салтанат Игісінованың айтуынша, көпшілік бұл дүкенді «Берекелі дүкен» деп атайды. «Дүкен тұтынушылары көбіне зейнет жасындағы кісілер. Олар зейнетақысын ала сала сауда жасауға келеді. Әрбір сатып алушының қас-қабағын бағып, көңілін тауып жұмыс істеу – біздің міндет. Үлкен кісілер қуанып, ақ баталарын беріп жататын кездер аз емес бізде. Елдің алғысын ала жүріп халықтың көңілінен шығуға, дүкен есігін ашқан әр адамды қуантуға барынша тырысамын. Ең бастысы – халықтың отандық өнімге деген сұранысы артқаны қуантады», – дейді білікті сатушы.       

Еркін ауылының зейнеткер тұрғыны Любовь Суговатова тауардың сапасына дән риза. Бірақ тұтынушы бидай өнімдерін арттырып, күнбағыс майының бағасын төмендетсе деген ұсыныс-тілегін білдірді. Ал көпбалалы ана Арайлы Қуатқызы басқа дүкендермен салыстырғанда бағасы тым арзан әлеуметтік дүкен ашқан азаматтарға аналық алғысын білдірді. «Бұрын арзан деп орталық базардан үйіп-төгіп азық-түлік алатынмын. Қазір үйімнің жанында дүкен ашылғалы осы жерден аламын. Мысалы, жұмыртқа басқа дүкенде 65 теңге болса әлеуметтік дүкенде 43 теңге. Пияз 100 теңге ал мен 70 теңгеден аламын. Зейнеткерлерге, біз секілді көпбалалы отбасылар үшін арнайы әлеуметтік дүкеннің ашылғаны біршама жеңілдік туғызады», – деген ойымен бөлісті. 

– «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ биыл қараша айында Талдықорған қаласында тауарлардың кең ассортиментін қамтитын, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада қоса ұсынылатын ірі әлеуметтік дүкен ашу жоспарлауда. Әлеуметтік дүкенде сатылатын өнімдердің 80%-нан астамы отандық өнімдер. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының басым бөлігі жергілікті тауар өндірушілерінің өнімдері. Қазіргі таңда бұл бағытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру механизмі бойынша келісімшарт жасалған. Бүгінгі күнге 7 әлеуметтік тауар нүктесі жұмыс істейді, оның ішінде 4 әлеуметтік дүкен және 3 сауда базарларындағы нүктелер. Талдықорған қаласындағы 2 әлеуметтік дүкен Акционерлік қоғамның басқаруында және ол дүкендерде әлеуметтік маңызы бар 18 тауар түрі ғана саудаланады. Әлеуметтік дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы әлдеқайда төмен. Аталған әлеуметтік дүкендер мен сауда нүктелеріндегі сатылымға қойылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары облыстық тұрақтандыру қорының белгіленген бағасында саудаланады. Сәйкесінше, сапасы біздің бақылауымызда. Мақсат – халықты сапалы әрі арзан тауармен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс жүйелі әрі нәтижелі атқарылып келеді.

Бахтияр СЕМБЕКОВ,
 «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ы Әлеуметтік жобалар департаментінің директоры

Дүкендерге азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен тұрақтандыру қорының қоймалары мен сақтау базаларынан жеткізіледі. Мысалы, бір келі қант 425,  өсімдік майы 740 теңге, күріш 340, қарақұмық жармасы 445, кеспе 210, сәбіз 170, қырыққабат 150, сүт 290, айран 300, сүзбе килограммы 1500, тауық еті 1100, тұз 65 теңгеден сатылады. Бұл қарапайым табысы бар азаматтар үшін үлкен көмек және мемлекет тарапынан тұрғындарға жасалып жатқан қамқорлық деуге болады.

Облыс бойынша Қаратал ауданының Үштөбе қаласы және Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде 1 дүкен, Талдықорған қаласындағы Алдабергенов көшесі мен Рақышев көшесінің қиылысында «Коммуналдық базар», Желтоқсан көшесінде «Әлеуметтік базар», Талдықорған қаласы, Біржан сал көшесі мен Гаухар ана көшесінің қиылысында «Көк Базар» сауда орталықтарында әлеуметтік нүктелер халыққа қызмет көрсетеді.

 

 

Еңлік КЕНЕБАЙ