Ресми: Зейнетақы 9 пайызға өседі

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 753
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2024 жылы зейнетақы қанша теңгеге артатынына қатысты сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында айтылғандай, жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері белгіленген мөлшерде жыл сайын ұлғайып отырады.

«Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 2024 жылға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде көзделгенін ескере отырып, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында зейнетақы төлемдеріне қаражат бөлінді. 2024 жылғы 1 қаңтардан зейнетақы мөлшерін 9 пайызға ұлғайту қамтамасыз етіледі», - деді министрлік.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері өмір сүру минимумының 60 пайызынан 65 пайызға, ең жоғары мөлшері 100 пайыздан 105 пайызға дейін өседі», - деп толықтырды Еңбек министрлігі.

Жауапта айтылғандай, бюджеттік заң жобасында 2024 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңге, ал ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 28 215 теңге болады деп көрсетілген.

Фото: ашық дереккөзден