БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР БАҚШАСЫ

Уақыты: 16.11.2023
Оқылды: 957
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел Президенті былтырғы Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттілігі бойынша бағыт-бағдар берген еді. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жемісті жұмыс істейді, бұрын жабылып қалған балабақшалар қайта ашылып, жаңадан салынғандары іске қосылып, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алуларына септігін тигізуде.

Сондай игі істің бірі – қаламыздың №6 балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, тоқырау кезінде облыстық архив орналасқан, кейіннен жабылып қалған 2 блогының қайтадан бүлдіршіндерге берілуі. Шараға Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары  Бауыржан Әбибеков, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, қала тұрғындары мен ата-аналар қатысты. 

– Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын «Нұр шапағат» құрылыс компаниясы жүргізген.  Бүгінгі таңда  4 блоктан тұратын ғимаратта 270 балаға арналған 11 топ  жұмысын бастап кетті. 1 бөбекжай тобы ашылып, мекеменің  атауы өзгеріп, кадрлар мәселесі  де шешіліп, жұмысқа  конкурс арқылы 20 педагог-маман, 21 кіші қызметкер тартылыпты. Сонымен қатар, балабақшаның материалдық базасы толықтырылып, жақсартылған. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Бекбосынұлы балабақшаның ашылуымен ата-аналарды құттықтап, ҚР мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жал-пыға міндетті стандартын орындау, педагогтердің  жауапкершіліктері туралы айтты.  

Биыл облысымызда 2260 орынды мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Оның ішінде жаңадан ашылған 755 орынды 10 жекеменшік балабақша, аудандар бойынша 1505 орынды қосымша топтар есігін айқарған. Соның ішінде Талдықорған қаласында «Ерсұлтан», «Монтессори», «Самила», Панфилов ауданында «Дарынды сәби», Кербұлақ ауданындағы «Мирас» балабақшаларын атап өтуге болады. Сонымен қатар, Сарқан ауданында 75, Ескелді ауданында  76 орынды қосымша топ ашылған.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ