ҚАПШАҒАЙДА ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАН 50 ОТБАСЫ БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 05.12.2020
Оқылды: 1513
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кезекте тұрған, қуанышын көптен күткен жандар үшін қоныстойдың хабары жетіп, Қапшағай қаласында 50 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Нұрлан Құматаев пәтер иелеріне үйдің кілтін тапсырып, жүрекжарды тілегін білдірді.

Бұл тұрғын үй қаладағы №19 ықшамауданынан бой көтерді. Құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған еді. Ауласына дейін абаттандырылып, көлік тұрағы да жасалған. Мердігер –  «АИКО» құрылыс компаниясы.

Мұндағы пәтерлер – бір бөлмелісі 45, екі бөлмелісі 60, үш бөлмелісі 70 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 10-ы бір, 25-і екі, қалғаны үш бөлмелі пәтерлер. Осылайша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 391 миллион теңге ел пайдасына игерілді. «Құрылыс сапасына айтар сын жоқ», – дейді жауаптылар.

Айта кетерлігі, қала бойынша үй кезегінде тұрған тұрғындар 2900-ден асады. Олардың 226-сы – көпбалалы аналар. Қала әкімінің айуынша, биыл жалпы 180 тұрғын үйдің кілті өз иелеріне табыс етілмек.

Мақпал МЫСА

Қапшағай қаласы

Сурет - ғаламтордан