АМАНДЫҚ БАТАЛОВ СТУДЕНТТЕР ҮЙІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 07.12.2020
Оқылды: 1324
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласында қос қуаныш орын алды. Екі бірдей оқу орнының Студенттер үйі қолданысқа берілді. Алғашқы болып лентасы қиылған Талдықорған жоғары политехникалық колледжі Студенттер үйінің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында және студенттерге жайлы жағдай туғызу мақсатында облысымыздың 9 білім мекемесіне арнап 1718 орынды қамтитын 9 жатақхана салу жоспарланған болатын. Осы орайда Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты бір Студенттер үйі және Қаратал ауданы Бастөбе ауылындағы сервистік-техникалық колледжінің жатақханасы қолданысқа берілді. Міне, бүгін Талдықорған қаласындағы жоғары политехникалық және медициналық колледждерінің Студенттер үйін пайдалануға беріп отырмыз. Жатақханаларды салу үшін облыстық бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл талдықорғандық жастар үшін үлкен сый деп білемін, – деді.

Бұдан соң жоғары политехникалық колледжінің директоры Ерхат Мұқажановқа ғимарат кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Аталмыш оқу орнында 2,5 мыңға жуық студент білім алуда. Колледжде 200 орынды жатақхана болғанымен, ол студенттердің сұранысын толық өтей алмаған. Қолданысқа берілген 200  орынды жаңа Студенттер үйі  жатақханаға зәрулік мәселесін толығымен шешіп отыр.

Есігін айқара ашқан Студенттер үйінде жастардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бес студентке ортақ ас бөлмесі, компьютерлі кітапхана, медициналық бөлімше, жатын бөлмелер, бәрі талапқа сай жабдықталған.

Жұмысты сапалы орындаған «Сем-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС құрылыс компаниясына да оқу орны ұстаздары мен студенттерінің айтар алғысы шексіз.

Қазіргі таңда қашықтан білім беріліп жатқандықтан Студенттер үйінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 25 және инклюзивті топта білім алатын 8 жас орналасқан.

Талдықорған жоғары медициналық колледжі Студенттер үйінің де ашылу рәсіміне қатысқан облыс басшысы жиналғандарға құттықтауын жеткізді. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт лентасын қиған соң жатақхана ішін аралап көріп, жастарға барлық жағдайдың жасалғанына тағы бір мәрте көз жеткізді.

- Құрылыстың басы-қасында жүріп, заманауи, талапқа сай болуына, әрбір жиһаздың, тұрмыстық техникалардың дұрыс таңдалып, орналасуына мән бердім, – деген Амандық Ғаббасұлы бірінші қабаттың мүмкіндігі шектеулі балаларға беріліп отырғандығына ризашылық білдірді.

Бес қабатты ғимарат құрылысын «Жөндеу құрылыс» ЖШС жүргізген. Әр қабатта оқуға дайындық, демалыс, кір жуу, үтіктеу бөлмелері бар. Бірінші қабатта 20 адамға арналған асхана орналасқан. 280 орынды Студенттер үйі  жатақханаға зәру студенттердің сұранысын толықтай қанағаттандырып отыр. Бұған дейін қолданыста болған ескі жатақхана ғимараты ендігі кезекте оқу-тәжірибе кешеніне айналмақ.

Кең де жарық, жайлы әрі жылы жатақхананың жастар көңіліне қуаныш ұялатқанын көрудің өзі бір ғанибет. Студенттер үйі атына заты сай, алдағы уақытта жастар игілігі үшін қызмет ете бермек.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы