МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ОНЛАЙН ҚОЛӨНЕР БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 08.12.2020
Оқылды: 1538
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талғар ауданында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты онлайн қолөнер байқауы ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау, адамдарды қайырымдылық, мейірімділікке ұйыту, қамқорлықты қажет ететін адамдарға қолұшын бере отырып, олардың қоғам өміріне белсене араласуына және дара қасиеттерін ашуға мүмкіндік беру. Байқауға қатысушылардың жастарына шектеу қойылмаған. Барлығы 40-тан астам қатысушының ең үлкені 48 жастағы Қайратбек Саурықов болса, №14 мектептің даярлық тобында оқитын 6 жасар Лейман Артем - ең жас қатысушы болып тіркелген.

Қатысушылардың денін «Ақ ниет», «Аяла» Талғар әлеуметтік арнаулы қызмет көрсету орталығының қорғаудағы қызмет алушылары, Қызылқайрат ауылындағы «Ақ жол М» мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау орталығының тәрбиеленушілері және «Нұр Әлем Company» ЖШС күндізгі орталығының тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары құрады.

- Бұрындары мұндай байқауларға қатысушылар қатары бәсең болатын еді. Олардың жол қатынастары қиындық туғызатындықтан да көп қатыспайтын. Осы онлайн байқауға белсенділіктері өте жоғары болды. Уақыттың шектеулі болғандығына қарамастан әлі де қолөнер туындыларын жіберушілер бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан кереметтей іс келетіндігін көрсетті бұл байқау. Сондықтан, олардың әрбіріне ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева.

«Өмірге келмегенде қайтер едік» деп жырлайтындай, мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына қарамастан қоғамның белсенді мүшесі екендіктерін танытып, бойдағы шеберліктерін көрсетуге талпынған байқауға қатысушылардың өнерлерін үш топқа бөле қарастырып, олардың барлығы арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы