ЖЕҢІМПАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 18.06.2021
Оқылды: 1274
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінен облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек құттықтады.

Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, сөздік қорын насихаттау, Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында өткен дәстүрлі байқауда 17-35 жас аралығындағы азаматтар бақ сынасты. Қазылар алқасы  осындай байқауға қатысушылардың саны емес, сапасына мән беру керектігін айтты. Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дұрыс дыбысталуына, мәтінді таңдау талғамына, сахналық образ және оқу шеберлігіне баса назар аудардық дейді.

Байқау шарты бойынша  Абайдың шығармаларынан (проза) және «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында поэзиялық үзіндіден мәтінді бес минуттан асырмай  жатқа оқыды. Нәтижесінде талдықорғандық Айым Алиева  байқаудың І орынына  лайық деп танылды. Ал ІІ орынға Алакөл ауданынан келген Камилла Вишнякова  ие болды.  ІІІ орын Панфилов ауданынан келген Ерқанат Закеновке бұйырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"