Еуропа дипломатиясының басшысы Құранның өртелуіне қатысты мәлімдеме жасады

Уақыты: 27.07.2023
Оқылды: 764

Еуропа одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель сәрсенбі күні мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранның өртелуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

                       ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқаев әлемнің бірқатар елінде болған Құранды өртеу актілерін сынға алды

Еуропалық сыртқы істер қызметінің мәлімдемесінде Еуропадағы мұсылмандарды қорлаған жекелеген тұлғалардың жақында жасаған әрекеттерінен кейін Еуропа Одағы діни өшпенділік пен төзімсіздікке итермелеудің кез келген түріне үзілді-кесілді қарсы екенін тағы да айтады.

«Алуантүрлілікті құрметтеу – Еуропалық Одақтың басты құндылығы. Бұған басқа діни қауымдастықтарды құрметтеу де кіреді», – делінген ЕО сыртқы істер қызметінің мәлімдемесінде.

Еуропа дипломатиясының басшысы Ж.Боррель Құранды немесе қасиетті деп саналатын кез келген кітапты қорлау, құрметтемеу – арандатушылық екенін атап өтті.

«Нәсілшілдік, ксенофобия және соған байланысты төзбеушілік көріністеріне Еуропалық Одақта орын жоқ. Біз шетелде және үйде дін, сенім және сөз бостандығын қорғауды жалғастырамыз. Өзара түсіністік пен сыйластық үшін бірге болатын кез келді. Жеке арандатушылар жүзеге асырған бұл әрекеттер бізді және біздің қоғамымымызды жік-жікке бөлгісі келетіндерге ғана пайда әкеледі», - деді ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Копенгагенде Ирактың Даниядағы елшілігінің алдында Құран кітабын өртеу акциясы өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы қасиетті кітаптарды қорлаудың кез келген әрекетін айыптап, мұндай әрекеттерді халықаралық құқықты бұзу деп танитын қаулы қабылдады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар Солтүстік Еуропа мемлекеттерінде Құранды өртеу әрекеттерін қазіргі әлемдегі шиеленісті ушықтыруға, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық деп санайды.

Фото: kk.eferrit.com сайтынан алынды