ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ: КӨКСУ ЗАУЫТЫ ҚАМЫСТАН ҚАНТ ӨНДІРУ ІСІН ҚОЛҒА АЛДЫ

Уақыты: 15.03.2021
Оқылды: 1761
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу қант зауыты қамыс қантын өндіретін, қуаты тәулігіне 300 тонналық қосымша желіні іске қосты. Қант қызылшасын өңдеумен айналысатын зауыттағы бұл жаңа желі кәсіпорынның маусымдық кезеңде ғана емес, жыл бойы үздіксіз жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Бүгінге Бразилиядан 7,5 мың тонна шикізат жеткізіліп, өңдеу ісі басталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, қанттың бұл түрін өндіруге  кәсіпорында бұрыннан бар қондырғылармен қатар Украина, Австрия, Ресей, Германиядан жеткізілген жаңа қондырғылар, жапониялық автоматты құрылғылар да қолданылады. Қосымша қондырғыларды жеткізу, монтаждау, тағы да басқа жұмыстарға 600 мыңнан астам АҚШ доллары көлемінде қаражат салынған. Жаңа желіні іске қосуға екі жылдай уақыт кеткен.

Бүгінде зауыт 80 пайыз автоматтандырылған. Шетелдік құрал-жабдықтарды игеру де оңай емес. Жақында Украина, Ресей елдерінен арнайы мамандар шақыртылып, жергілікті кадрлар үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылуда.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қамыс қантын шығарудың бір артықшылығы, оны өңдеуге кететін шығын салыстырмалы түрде аз. Және оның тәттілігі мен татымдылығы қызылша қантымен бірдей. «Әдетте қант қызылшасынан қант өндіргенде 12 пайыз мөлшерінде таза қант алынса, ал қамыс қанты шикізатын қайта өңдегендегі өнімділігі 97-98 пайыз мөлшерінде болады»,­ –  дейді зауыт басшысы.

Негізгі шикізат Бразилия мен Мексикадан әкелінеді. Зауыт бір маусымда 25-30 мың тоннадай қамыс өңдеуді жоспарлап отыр. Межеленген бұл көлемдегі шикізатты өңдеу тамыз айына дейін аяқталып, зауыт күзден бастап қант қызылшасын қабылдауға қайта кіріседі. Осылайша өнеркәсіп нысанының жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтіні мұндағы 500-дей жұмысшыға да қуаныш сыйлады.

– Бұрынғы жылдары зауыт қант қызылшасын 4-5 ай ғана өңдеп, қалған уақытта бізге басқа жұмыс іздеуге тура келетін. Міне, жаңа өндіріс іске қосылғалы жұмысымызды үздіксіз жалғастырып жатырмыз. Биылғы жылы мерекелік сыйақы да алып үлгердік, – дейді зауыттың зертхана қызметкері Жазира Дүстекова.

Қамыстан өндірілген өнім еліміздің қантқа сұранысын қанағаттандыру мақсатында отандық нарыққа шығарылып, бағаны ырықтандыруға септігін тигізбек.

Еске салсақ, Көксу қант зауыты өткен жылы 260 мың тонна қант қызылшасын өңдеген. Зауыт мазуттан табиғи газға көшіріліп, бұл өнеркәсіп нысанының шығынын азайтуға, экологиялық жағынан тиімділігі мен өнімділігін арттыруға ықпал етті. Кәсіпорын алдағы уақытта қызылша жомын өңдеп, түйіршіктелген мал азығын шығаратын желі орнатуды жоспарлап отыр.

Атап өтерлігі, биыл Алматы облысында қант қызылшасының алқабын 16,3 мың гектарға, ал қант шығару көлемін 55 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Қажет АНДАС

Көксу ауданы

Алматы облысы