АШЫЛУЫНАН ЖАБЫЛУЫ ТЕЗ ЕТ КОМБИНАТЫ ҚАЙТА ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

Уақыты: 25.12.2021
Оқылды: 1445
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кербұлақ - киелі мекен, ал оның орталығы Сарыөзек кенті болса, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Кезінде осы өңірге орта қашықтықта қолданылатын зымырандарды алып келіп залалсыздандырғанда Шымболат ақынның: «Елі жоқ, күн жоқ тундралар тұрғанда, сары алтындай Сарыөзекте нелерің бар?» деп күйінгені талайдың есінде.

Айтса айтқандай, Сарыөзектің сары топырағының өзі алтынға бергісіз. Соған орай халық арасында «Бұл өңірге келген басшы, мамандар жылап келіп, жылап кетеді» деген сөз бар. Оның мәнісі келгенде қандай жерге тап болдым деп торығып жыласа, кетерінде қандай дарқан пейіл, патшакөңіл, мейірімді жандарды қиып бара жатырмын деген толқыныстан жылайды екен. Қазақ айтса қалт айтпайды.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауданымызға басшы болып келген азаматтардың арқасында тіршілігіміздің айшықты сәттері молайды. Кезіндегі аудан әкімдері Бағдат Әлиев пен Махаббат Бигелдиевтің атқарған қыруар шаруаларын бүгінгі аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев жүйелі жалғастырды. Нақтырақ айтатын болсақ, аудан орталығы Сарыөзектің ауызсу құбырын түпкілікті, тиянақты жөндеуге 500 млн.теңге қаржы қарастырылып, ауқымды жұмыстар жоспарлануда.

Аудан әкімі елді мекендерді аралаған сәттерінде бүгінгі талапқа сай емес жолдардың әлі де барлығына көз жеткізген еді. Осы орайда шағын елді мекендердің кірме жолдары мен ішкі жолдарын жөндеуге 534 млн.теңге қаржы бөлінді. Аудандық жол басқармасының басшысы Орынтай Абылай Ақанұлының мәліметі бойынша Аралтөбе, Онжас, Жоламан стансысы, Бостан, Басши, Қызылмектеп, Арқарлы, Шилісу тәрізді он шақты елді мекеннің жолдарына уақыт талабына сай асфальт төселді. Аталған елді мекендердегі ауыл тұрғындарының аудан әкіміне деген алғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Жақында Шоқан ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, оған Игібай Базарбаевтың есімі берілді. Аудан әкімінің бастамасымен осыдан біраз уақыт бұрын тарихи «Беу, қыздар-ай» спектаклінің тұсауы кесілген болатын. Шоқан ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуы құрметіне осы қойылым жалғасын тапты.

Ерекше атап өтетін жағдай – аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев осы шара барысында сауыншы қыздардың бірі Нұрсұлудың прототипі залда отырған 83 жастағы Түстікбаева Нұршаруан апай екенін атап өтті. Жерлестері бұл сүйінішті хабарға ду қол шапалақтап, аудан әкімі он бала тәрбиелеп өсірген асыл ананың басына ақ шәлі салып, зерлі камзол кигізді. Игібай Базарбаевтың ұрпақтары ұжымшар бастығының рөлін сомдаған Мәдениет үйінің әртісі Ердәулет Нұрпейісовке шапан жапты. Шара соңында Игібай ата ұрпақтарының ұйымдастыруымен ақ дастарқан жайылып, Игібай Базарбаев туралы кітап таратылды.

Тағы бір айта  кететін қуанышты жайт – аудандық Мәдениет үйінің ұжымы жақында облыста өткен театрлар арасындағы байқауда екінші орынды иеленді. Бұл өнер ұжымының алар асуы әлі де алда деген зор сенімімізді білдіре отырып, өнерлерің өрлей берсін деген тілегімізді аудан жұртшылығы атынан білдіреміз.

Елді мекендердің көпшілігінде балалар ойнайтын спорт алаңдары мен арнайы құрылғылар пайдалануға берілді. Осы қатарда Шанханай ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Дуанаев Қоянкөз ауылында спорт алаңының ашылу салтанатын өткізді. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, Махаббат Бигелдиевтің кезінде салына бастаған Қарашоқыдағы өнер мектебі жақында пайдалануға берілді.

Айта берсек, Кербұлақта халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан мұндай жұмыстардың мысалын көптеп келтіруге болады. Солардың бірі ретінде кезінде қыруар қаржыға салынып, тұралап қалған ет комбинатының жұмысын қайта жаңғырту жайын айтуға болады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, іскер де білікті, ізденімпаз басшы Баясыл Ақбасов тұралап қалған шаруашылықты қолға алып, аз уақыт аралығында аяғынан тік  тұрғызды. Ол жұмысты қарамағындағы жұмысшылардың жағдайын жасаудан бастады. «Майтөбе-Ет» АШӨК құрамында қазіргі кезде 25 отбасы мүшелері жұмыс істейді. Осы отбасының әрқайсына екі тонна көмір, 80 мың теңге азық-түліктеріне беріледі. 2017 жылы үш отбасына тұрғын үй салып берді. 2021 жылы он жұмысшыға Жаркент-Арасан санаторийіне тегін жолдама берілді. Жаңа жыл қарсаңында аудан көлеміндегі балаларға жаңажылдық сыйлық әзірленді. Аз қамтылған отбасыларға деген қамқорлық та назардан тыс қалмайды.

Осындай іскер басшының қамқорлығы нәтижесінде ұжымдағы жұмысшылар ауызбірлікпен жемісті жұмыс атқарып келеді. Алғашқы кезде облыстық ауылшаруашылығын қолдау қоры 102 млн.теңге ақша бөліп, берілген несиеге Қарашоқы ауылдық округіндегі 40 отбасы 470 бас мал бордақылап өткізіп, ет комбинатының жұмысы жанданды. Басқа елді мекендегі шаруа қожалықтары да келісімді бағаға малдарын бордақылап өткізуде.

Баясыл Ақбасов осы шаруа қожалықтары мен қарапайым адамдар малдарын саудалайтын «Майтөбе» мал базарын ашып қойды. Әр жетінің жұма, сенбі, жексенбі күндері шаруалардың малдарын саудалауға мүмкіндік жасалған.

Қазіргі таңда комбинат ұжымы бұқтырылған еттің (консерві) бес түрін, бұқтырылған ботқаның үш түрін шығаруды қолға алды. Ізденістер мен қажырлы еңбектің нәтижесінде алдағы уақытта жылына 700-800 мың дана осындай өнім өндіру жоспарда тұр.

Қазіргі кезде консервілер аудан көлемінен тысқары Алматы, Талдықорған қалаларының сауда нүктелерінде саудалануда. Жасалған өнімнің дәмі қазақша айтқанда тіл үйіреді. Бұл өнімдердің алдағы уақытта шетелдерге де импортталатын күндерінің  куәсі боларымыз сөзсіз. Осы жердің тумасы, аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаевтың қолдауымен, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қамқорлығымен Сарыөзекте бұқтырылған еттің дәмін шетелдіктер де тататын күнге жетерміз. Басшы азаматтардың қолдап, қамқорлық жасауымен кербұлақтықтардың қордалы мәселелері шешімін табады деген ойдамыз.

Е. ЕСКЕЛДІНОВ,

«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлер кәсіподағы» ҚБ Кербұлақ аудандық кәсіподақтар филиалының төрағасы