БАС КИІМГЕ АДАМНЫҢ БАҒЫ ҚОНАҚТАЙДЫ. ҚАЛПАҚ ТІГЕТІН ҚАРИЯНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 20.10.2022
Оқылды: 1504
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ұлттық дәстүрді кейінгіге үйретіп, ұлықтау алдыңғы толқын ата-апалардың парызы. Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес. Ұлттық құндылық тарих, салт-дәстүр, өмір сүру қағидасы, өнері, киім үлгісімен ерекше. Әрқайсысының қазақтың болмыс-бітімі, білім-білігі, ой-өрісін байқатуда алар орны бар.

Қазақ халқы киім киюге ерекше мән берген. Оның етек-жеңінің кең болуы, таза матадан тігілуі назарға алынған. Себебі, киім адамның денесіне қонымды, ыстық-суықтан сақтайтын, отырып-тұруына ыңғайлы болу керек. Осы орайда ұлттық бас киім тігу дәстүрін кәсібіне айналдырған қапалдық қолөнерші Әбдібек Әбілқасымұлы жайлы сөз етпекпіз.

Ол тіккен сәнді тымақ кез-келген жастағы адамға жараса кетеді. Қолөнер бұйымын Әбдібек ақсақал бала-шағасымен киеді. Сәнді болу үшін оюлап, төбесіне шашақ іледі. Екі жағын қайырады. Жауын-шашын, жел соққанда оны түсіріп қоюға болады.

«Бас киімді тігуге киізді Қырғызстаннан алғызамын. Олардың өнімінің сапасы жақсы. Қырғыз айғайындар ұлттық айыр қалпақ тігуге ерекше мән береді. Оның жеңіл, ыстықта күн өткізбейтін, суықта жел тигізбейтін қасиеті бар. Тымақты біздің ұлт та қадірлі бұйым санайды. Мысалы, қазақ халқы қалпағын басқаға сыйламаған. Бас киімге адамның бағы қонақтайды деп есептейді. Егер құлақшыны бір жерде ұмыт қалса, міндетті түрде оны алғызады. Бас киіммен бірге бақ-дәулетім ауып кетеді деп ырымдайды. Сондықтан, бас киімге ерекше мән берілуі тиіс. Құлақшын сәнді, бағалы, биік, қонымды болып тігіледі. Ол сенің қандай әулеттен шыққаныңды да айғақтайды», – дейді Әбдібек қария.

Шындығында, дәулетті, сері ер азаматты суреттегенде  құндыздан  бөрік киген деуші едік қой. «Бөріктілердің намысы бір» деген нақыл тағы бар. Бұл жерде ер-азаматтардың бірлігі, намысты қолдан бермейтіндігі айтылады. Яғни, бөрік кию жігіттерге тән қасиет. Сондықтан бас киімді тіккенде оның сәнді, ою-өрнекті, мағыналы, бағалы болуына баса назар аударылады. Жан-жағындағы айыры басымдағы бағым мен дәрежем тең болсын деген мағынаны береді. Әбдібек қолөнерші  қалпақ тіккенде осының барлығын негізге алатынын айтады. Ақсақал қалпақтың түр-түрін тігеді екен. Оған деген сұраныс та жоғары. Бүгінде жан-жақтан  тапсырыс беріп  жатқандар да жетерлік. Ол кісінің өмірлік жары да ұлттық киім киюге ерекше мән береді. Үйінде кимешек киіп жүреді. Үйі бөріктілер әлеміндей.

Қазақтың дәстүрін, ұлттық ұстанымын мықты ұстағандықтан болар, Әбдібек Әбілқасымұлының шаңырағы берекелі. Балалары тәлімді. Немерелері ата-апалап, жанында шапқылап жүр. Қорасы төрт түлікке толы. Бақшасы мәуелі. Қолөнерші ақсақал жан-жағына жақсы тәлім беріп, ортасында патшадай болып отыр. Отбасындағы бөріктілеріңіз бен көрікті ұрпағыңыз аман болсын дедік салт-дәстүрді мықтап ұстанған ел ағасына.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы